Қазіргі таңда қоғамымыздың дамуы үшін білімді жастар қажет. Жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық оқушы мектепті тәмамдайды. Жоғары сынып оқушыларын жиі толғандыратын мәселелердің бірі – мамандық таңдау. «Кім боласың?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Ер балалар көбінесе әскери адам болуды қалап, жоғары әскери оқу орындарына түсіп жатады. Соның ішінде кейбірі ҚР Ұлттық ұланының әскери институтын таңдайды.
1997 жылы құрылған әскери институттың мемлекетіміз үшін стратегиялық мақсаты зор. Солтүстік климаттық жағдайда тәрбиеленген және білім алған курсанттар нағыз әскери шыңдалудан өтіп, болашақта ҚР Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік құрамының негізін құрайды.
Көп жыл бойы біздің институттың түлектері қоғамдық тәртіпті және мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етті. Ұлттық ұлан әскери институт құрылғаннан бері 4000-ға жуық сардар дайындады. Соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына сәйкес бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау мақсатында, Қырғызстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы үшін де кадрлық офицер дайындалды. 49 түлек институтты алтын медальмен аяқтаса, 270 түлек үздік дипломмен бітірді.
Әскери институттың түлектері тек Ұлттық ұланның бөлімдерінде емес, Қорғаныс министрлігінің бөлімдерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде, Төтенше жағдай министрлігінде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда да қызмет атқаруда. 130-дан астам офицер-түлек «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде қызмет атқарады.
Олардың 41-і күрең беретті киіп жүруге құқылы.
Еліміздің басшылығы әскери институттың оқу-әдістемелік базасын одан әрі дамыту және оқу орнын ҚР Ұлттық ұланы академиясына қайта даярлау мәселесін қарастыруда. Бұл бізге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы (магистратура, докторантура) бойынша әскерлеріміз үшін кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Түлектердің арасында Мирас Бірімжанов, Ерлан Байымбетов, Самат Қадырбеков, Әмір Тінәлин, Азамат Нұрпейісов секілді кикбоксингтен Әлем чемпиондары шығып, қазіргі таңда жас буынды тәрбиелеуде. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқысы да солай жүреді» демекші, қазіргі күні оқып жатқан курсанттардың арасында да жекпе-жек төбелесінен Әлем чемпионы, қатардағы жауынгер Сауран Арапбай, панкратионнан Әлем чемпионы, қатардағы жауынгер Нияз Зубаиров бар.
Әскери институтқа оқуға түсу үшін ғаламтор желісі арқылы мәліметтерді іздестіріп, Тараз қаласында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөліміне барған болатынмын. Құжаттарды жинастырып, кешенді тестілеу тапсырып, Петропавл қаласындағы әскери институтқа оқуға түстім. Міне, көзді ашып-жұмғанша қазір 4-курста оқып жүрмін. Әскери институтта курсанттардың сапалы білім алуына толықтай жағдай жасалған. Институт оқу-материалдық базасымен, қару-жарақ және техникамен жарақтандырылған. Далалық жағдайда жаттығу жасау үшін оқу орталықтары мен атыс алаңдары бар. Өз кезегінде түлектер оқуды аяқтап әскери бөлімдерге келгенде іс жүзінде жинаған тәжірибесін қиналмай қолдануына негіз бар екенін білдіреді. Орал қаласынан 4-курста Ринат Хайруллин, Темірлан Абрахманов, Диас Кажиденов секілді курсанттар білім алудамыз. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету – басты мақсатымыз. Сонымен қатар ел сенімін ақтау, халқымыздың тыныштығы мен бейбіт өмірін күзетуде қас қақпай тұрған Ұлттық ұланымыздың абыройын асқақтату да негізгі міндетіміз.
Нұрлан Рахметов,
ҚР Ұлттық ұланы әскери институтының ІV курс курсанты, сержант