24.01.2022, 10:45
Оқылды: 45

Табысы толағай мамандықты меңгергің келе ме?

Ғалам сандық ақпараттар ағымымен ілгері жылжып келеді, яғни болашақты IT мамандарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһан ғалымдарының болжауынша, 2030 жылға қарай әлемде көптеген жаңа мамандықтар қалыптасады және оның бәрі де сандық (цифрлық) технологиямен тікелей байланысты болмақ.

Нуртилеу Кадыркул

Қашықтан оқыту, музей-көрмелерге виртуалды экскурсиялар, сандық медицина, робот-қызметкерлер, жасанды зият (интеллект) сынды ұғымдар бізге таныс болғанымен, тереңінен игеруді қажет етеді. Бұлардың бәрі  – адам өмірін жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге, қауіпсіздікті қадағалап, ғаламды тануға бағытталған ізгі идея. Яғни, еліміз замана көшінен қалыс қалмау үшін ақпараттық-сандық технологияларды жетік меңгеруге міндеттіміз.

0d3bfa7e-c706-4eff-a537-841e1d7f520a

2011 жылдың қыркүйек айында ашылған «Орал ақпараттық технологиялар колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болашақ IT мамандарын даярлайды. Колледжде 56 штаттық педагог қызметкер қызмет істейді. Оның ішінде 9 магистр мен 1 химия ғылымдарының кандидаты, 11 жоғары санатты және 6 педагог-зерттеуші, 11 бірінші санатты және 3 педагог-сарапшы, 10 екінші санатты және 4 педагог-модератор санатын иеленген ұстаз бар.

Колледж 2020 жылы республикалық «Жас маман» жобасына қатысқан. Аталған жоба аясында бөлінген қаражатқа IT мамандықтары бойынша оқытылатын 4 аудитория күрделі жөндеуден өтіп, пәнді меңгертуге қажетті техникалармен жабдықталған. Қазіргі уақытта оқу орнында 120 жаңа үлгідегі дербес компьютер, 60 ноутбук, планшеттер мен моноблоктар пайдалануға берілген. Әрбір аудиторияда интерактивті тақта жұмыс істеп тұр. Оқытушылар жаңа техникаларды меңгеруге бағытталған оқу курстарынан жүйелі түрде өтіп тұрады. Бүгінгі күні оқу орнында 564 студент классификациядан (сұрыптаудан) өткен 5 жаңа мамандық, 6 білік-тілік бойынша оқытылады. Олар есептеу техникасы және ақпараттық желілер компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, (2 жыл 10 ай); бағдарламалық қамтамасыз ету бағдарламалық қамтамасыздандыруды құрастырушы, (3 жыл 10 ай); аутокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану  аутомобиль жөндеу слесарі, (2 жыл 10 ай), техник-механик,   (3 жыл 10 ай); машиналар мен жабдықтарды пайдалану (өнеркәсіп салалары бойынша)  техник-механик, (3 жыл 10 ай); сандық техника  сандық техниканы монтаждаушы-жөндеуші (2 жыл 10 ай).

Талапкерлерді оқуға қабылдау «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде жүреді. Қабылдау комиссиясы оқуға тапсырушымен тиісті бағыттар бойынша 20 минут көлемінде жеке әңгімелеседі. Әңгімелесу барысында қойылатын сұрақтарды қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді.  1-курста білім алушылар 10-11 сынып бағдарламасы бойынша мектеп курсынан өтеді. Оқу жылының қорытындысына байланысты оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша емтихан тапсырады. 2-курстан бастап кәсіптік модульдің арнайы пәндері жүргізіледі.

90d73bf3-3e50-4fb3-a9e2-18d1e248a190

–  Бізде ақылы оқу қарастырылмаған. Үлгерімі жақсы  студенттер былтырдан бастап шәкіртақы алуда. Жатақхана мәселесі бойынша «Орал  «Сервис» технологиялық  колледжімен» серіктестік орнаттық. Біздің оқу орнын бітіруші түлектеріміз компьютерлік техникасы бар кез келген қызмет саласында жұмыс істей алады. Табыстары білімі мен білік-дағдыларына байланысты анықталады. Бағдарламалық қамтамасыз ету саласында өз бизнесін ашуға да мүмкіндік мол, – деді  колледж директорының міндетін атқарушы  Бақытгүл Ахметова. Колледжде оқытылатын есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету пәні IT саласындағы жетекші мамандарды оқытады. Мұнда уеб-сайттарды қолдау мен жаңғыртуға, компьютерлік ойындар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу қызметіне баулиды. Қазіргі заманда шетелдік және қазақстандық компанияларда жаңа ақпараттық жүйелерді, бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеушілерге деген сұраныс күшінде. Аталған мамандықтың 3-курсында білім алып жатқан Руслан Юсупов – колледждің мақтанышы. Ол былтыр «Worldskills Kazakhstan 2021» VІ республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «уеб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша 1-орынға ие болған. Талапты студент келер жылы «WorldSkills International (WSІ)» -да, яғни  халықаралық деңгейде бақ сынау үшін тыңғылықты дайындыққа кіріскен.

– Мен IT саласын сегіз жасымда таңдадым. Кішкентай күнімде компьютердің құрылысы мен оның қалай жұмыс істейтіні, бағдарламалар мен ойындардың қалай жасалатыны жұмбақ болған соң, технологияның құпияларын ашуға құмартып өстім. Қазір уеб-сайттарды жасаумен және өңдеумен  айналысамын. Ол үшін «JetBrains» компаниясының  «PHPStorm» және «IntelIj Idea», «Photoshop»,  «Figma» сынды бағдарламаларын жиі  пайдаланамын. Бұл саланың бағыттары сан түрлі. IT  маманы атанамын деген адамның ағылшын тілін білуі шарт. Математикалық білім мен суретшілік қабілетіңе қоса жауапкершілік  пен шыдамдылық та керек қасиет. Қазіргі таңда ағылшын тілінен деңгейімді көтеріп, графикалық дизайн өнерін де үйреніп жүрмін. Алдағы уақытта шетелдік компанияларда жұмыс істеп, өзімнің ауторлық компьютерлік бағдарламаларымды жасап көру жоспарымда бар, – деді   Руслан Рафаэлұлы.

Болашаққа ең қажетті мамандар әзірлейтін білім ордасында шешімін таппай жатқан мәселе де жоқ емес. Ол  – жылу жүйесінің әлсіздігі. Оқу орны қалалық жылу жүйесіне қосылғанымен, колледж ғимараты жылу беру орталығынан қашықта орналасқан. Сол себепті ғимарат ішінде қолайлы микроклимат орнатуға мүмкіндік аз.

– Колледж озық техникалармен жабдықталған. Олардың ұзақ мерзім өнімді жұмыс істеп тұруына оңтайлы температура режімі өте қажет. Техникаларды қыс мезгілінде немесе күздің салқын күндерінде жылыту жүйесімен жүйелі қамту мүмкін емес. Бізде жылу қазандығына арналған аумақ дайындалған. Қажетті коммуникацияларға қосылу мүмкіндігі де бар. Алайда бұл жұмысты жүзеге асыру қыруар қаржыны талап етеді. Студенттердің толыққанды білім алуына жағдай жасалуы үшін  дербес  жылу жүйесі керек-ақ, – деп  Бақытгүл Сергейқызы мән-жайды мәлімдеді...

Нұртілеу Қадырқұл,   

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале