24.01.2022, 11:00
Оқылды: 165

Достоевский «Ойыншы» романын неге жазды немесе құмар ойынның зардабы қандай?

Федор Достоевскийдің 1866 жылы жарық көрген «Ойыншы» («Игрок») романында жазушының қиялынан туған Рулетенбург деген Германия қаласындағы жайттар суреттеледі.

IMG-20220124-WA0004

Аталған шаһарда құмар ойындары ойналатын казино бар. Бұл жерге келіп, ойын барысын сырттай бақылап тұрған кісі ірі мөлшерде ақша ұтып жатқан ойыншыға «Жеңген қаржыңды ал да, тез арада бұл залдан, тіпті  бұл қаладан кетіп қал! Әйтпесе, ұтқаныңның бәрінен айырыласың» деп жанашырлықпен ескерту жасайды. Тіпті  ол үшін күйіп-піседі. Алайда бірнеше ай, тіпті  бірнеше жыл еш жұмыс істемей, шалқып өмір сүруге жететін қаражат жеңсе де, алғанның үстіне ала түссем деген құмарлыққа беріліп, өзге дүниенің бәрін ұмытқан ойыншы ешкімге құлақ аспай, көп ұзамай ұтыла бастайды. Ұтылғанын қайтарып алам деп бар ақшасын қайта-қайта тіге беріп, ақыр аяғында қолындағы қаражатынан түгелдей айырылады. Мұндай оқиғаға куә болу Рулетенбургтегі казинода үйреншікті нәрсеге айналып кеткен. Алайда ұтып жатқандарға «Ақшаңды ал да, кетіп қал!» деп ақыл үйреткен жаңағы кісі өзі ойнап, мол қаражат жеңсе, өзі де тура сондай қателікті қайталар еді. Құмар ойынға салынған адамдар таңертең кіргеннен түнде зал жабылғанша алдындағы үстелге, айналып жатқан құрылғыға телмірумен күндерін, айларын, тіпті  жылдарын өткізеді. Жеңіл жолмен ақша табуға итермелеп, келген кісілердің ой-санасын шырмайтын мұндай лас жерде небір алаяқтық, ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық, дау-жанжал, ұрыс-керіс болып жататыны айтпаса да түсінікті. Тіпті  ірі мөлшерде ақша ұтқан соң, құмарлығын жеңіп, дер кезінде казинодан кетіп қалғандардың өзі береке таппайды. Өйткені  оңай келген ақша қалай табылса, дәл солай аз уақытта желге шашқандай жұмсалып кетеді.

«Ойыншы» романының бас кейіпкері Алексей Иванович – құмар ойындарға шырмалған адам. Негізі, оның мамандығы – мұғалім. Рулетканың кесірінен ұстаздықты қойып, құмар ойынға біржола салынады. Салдарынан қарызға батып, одан құтылу үшін бірнеше ай түрмеде отыруға және малай болып жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Жөні түзу адамды казино кімге айналдырғанын көрмейсіз бе?!

Аталған шығарманың жазылу тарихы мен себебі де қызық. 1863 жылы Федор Достоевский Германияның Висбаден қаласына келіп, рулетка ойнап, бар ақшасынан айырылады. Бұдан кейін де ол сан мәрте казиноға кіріп, жеңіліп, көп мөлшерде қаржысын тастап кеткен. Қарызға белшесінен батқан жазушы шұғыл ақша табу үшін баспамен келісімшартқа отырып, қысқа уақытта «Ойыншы» романы туған.

Демек, Достоевский казиноға байланған адамның психологиясын, сана-сезімімен қоса, құмар ойындардың зардабын да өте жақсы білген. Романның жоғарыда аталған бас кейіпкері Алексей Иванович «Енді бір рет ойнап, көп ақша ұтып, сосын бұл жерге мүлде келмеймін, біржола кетемін» деп өзіне қанша уәде бергенмен, бәрібір казиноғо қайта айналып келе берді, келе берді. Түбі неге апарғанын жоғарыда жаздық. Екі жылдан кейін Рулетенбургке келіп, Алексей Ивановичті казинодан табатынына еш шүбәланбаған досы Мистер Астлейдің жорамалы рас болып шығады. Мистер Астлей «Он жылдан кейін келсем де, сізді осы жерден табатыныма титтей де күмәнданбаймын!» дейді ашынып. Досын «Бойыңдағы қаншама қабілетті, таудай талапты, жан-жақты дарынды құмар ойындарға айырбастап, ішіңде тұншықтырып тастадың! Отаныңа зор еңбек сіңіруге, орасан үлес қосуға мүмкіндігің бар еді. Әттең, өзіңді казинода жерлеп, уақытынан бұрын өз-өзіңді өлтірдің!»  деп сөгеді ол. Мистер Астлей көк тиынсыз қалған досына жаны ашыса да, жол-пұлына, ішер асына қаржы бермейді. Өйткені  ақша берсе, бірден казиноға тігетінін біледі. Сондай-ақ  Алексей Иванович өзі сүйген, өзін сүйген қыз, ғашығы Полинаны іздеп бармай, құмар ойындар үшін, тіпті  махаббатын да құрбан қылған еді. Мұның бәрін жазу арқылы Достоевский казиноның кесірінен быт-шыт болған тағдыр мен талқаны шыққан ғұмырды көз алдыңызға әкеледі. Иә, құмар ойындар ешқашан жақсылық әкелген емес.

Көркем әдебиетте қаламгер айтқысы келген ойын, гуманистік ұстанымдарын кейіпкерлердің сөзі, іс-әрекеті, жазмышы арқылы жеткізсе, ал діннің айырмашылығы – дінде тура жол мен адасушылық, азғындықтың ара-жігі тайға таңба басқандай анық, ашық, айқын көрсетіледі. Мәселен, «Құран Кәрімдегі» «Мәида» сүресінің 90-91-ші аяттарында Алла былай дейді: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?». Яғни Алла Тағала құмар ойындар ойнауды арақ ішу, бал ашу секілді лас, күнә істермен қатар қойған. Сондай-ақ  Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін» деген хадисі бар. Демек, құмар ойындар ойнау ғана емес, ойнауға шақыру да бұрыс болғандықтан, адам бұл күнәсынан тек садақа беріп қана арыла алады екен. Алла мен оның пайғамбары (с.а.у.) адамзатты тек қайырлы, пайдалы нәрселерге ғана бұйырып, зарарлы істерден тиятыны шүбәсіз. Құмар ойындар мол табысқа кенелген күннің өзінде кісінің жеңіл жолмен ақша табуына, масылдыққа, арамтамақтыққа, жалқаулыққа, қулық-сұмдыққа, өтірікке, өзгелердің ақысын жеуіне себеп болады. Казинода, букмекерлік кеңселерде, лотореяларда бүгін ұтқан адам ертең одан да көп ақшасын ұттыруы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн. Яғни  бұл адал болмаудан бөлек, сенімді, тұрақты табыс көзі де емес. Құмар ойында ұтылған кісі ақшамды қайтарып аламын деп қайта-қайта ойнап, соның кесірінен бар қаржысынан, үй-жайынан, көлігінен, тіпті  бала-шағасынан да айырылатын жағдайлар жиі кездеседі. Өйткені  арам жолмен ақша табамын деп, керісінше, барынан айырылған жанның үйінде береке болмай, жиі ұрыс-керіс шығып, салдарынан ерлі-зайыптылардың айырылысуына дейін жетуі ықтимал. Ал ажырасу – рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы, адамзаттың қас жауы шайтанға ең ұнамдысы. Байқадыңыз ба, құмар ойындар бір адамға ғана емес, отбасыға, қоғамға, мемлекетке де зиянын тигізеді. Демек, Алланың ақ жолымен жүріп, Жаратушының бұйрықтарын, пайғамбарымыздың (с.а.у.) өсиеттерін орындаған жан орны толмас өкініштің алдын  алары анық.

О бастағы әңгіме Федор Достоев-скийдің «Ойыншы» («Игрок») романынан басталғандықтан, осы орайда  жазушының Ислам дініне деген көзқарасы жөнінде де айта кетелік. Орыс қаламгері жайлы естеліктерді оқысақ, оның христиан дінін ұстанғанын білеміз. Дегенмен, сөз зергері интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, жан-жақты білімді, ізденімпаз, эрудит адам болған. Ресейдегі Достоевский атындағы қоғамдық ұйымның вице-президенті, «Достоевский және әлемдік мәдениет» альманағының бас редакторы, филология ғылымдарының докторы Карен Степанян 2015 жылы ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында былай деген еді: «Достоевскийдің жеке кітапханасында «Құранның» французшаға аударылған нұсқасы болған (Le Koran / Traduction  nouvelle… par M.Kasimirski. Paris, 1847). Француз тілін жетік меңгерген ол «Құранды» француз тілінде зейін қойып, мұқият оқып шыққан». Достоевский жер аударып, Омбы және Семей қалаларында тұрғаны тарихтан белгілі. Мұнда ол Шоқан Уәлихановпен жақын дос болып, қазақ ғалымы орыс жазушысына ислам діні және «Құран» жайлы көп әңгімелеген екен.

Алпамыс Файзолла, 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале