Бүгін ZOOM платформасында ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талдау бойынша кездесу өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рүстем Ақмырзаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов, Орал қаласы және аудан әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, өңір кәсіпкерлері қатысты.
Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы ҚР Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарының 88-тармағына сәйкес дайындалған.
– 21 қаңтар күні мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлермен кездесті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастырып, құзырлы құрылым жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек екенін айтты. Президент тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың пәрменді моделі қалыптасты. Ол қоғамның сұранысына байланысты ұлттық және озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, ұдайы жетілдіріледі, – деді Рүстем Ақмырзаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғам өкілдері белсенді түрде тартылуда. Әкімдік тұрғындардың барлық өтініш-тілегіне құлақ түріп, мәселелердің шешімін жедел қарастыруда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен жергілікті атқарушы құрылымдар ортақ мүдде жолында өзара тығыз байланыста бірлесіп жұмыс атқарып жатыр.
– Сыбайлас жемқорлыққа байланысты сын-ескертпелер бар. Осыған байланысты Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Бұл бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің халық үшін ашықтығы және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ашық әкімдіктер аудандарда және Орал қаласында жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы да өз тиімділігін көрсетті деуге болады. Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы құрылым қызметкерлерімен құқықтық оқулар өткізуді жүзеге асырады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық жасау салдары қандай әрекетке әкеліп соғатынын түсіндіріп қана қоймай, қаладағы бас бостандығынан айыру орындарына барып оқыту шараларын өткізуі сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында атқарылатын шаралардың жаңа нәтижелі тәсілі деп білемін. Халық пен билік арасындағы байланысты нық қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Арман Кәрімұлы.
Тұжырымдама жобасының негізгі мақсат-міндеттерін таныстырған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, адам сыбайлас жемқорлық қылмысын пайда табу мақсатында немесе өз проблемасын арзан әрі жылдам шешу үшін жасайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатындай жағдай туғызуымыз керек. Бұл мемлекеттік қызметшілерге де, азаматтарға да, бизнеске де қатысты. Шығыс Еуропа елдерінде «КлеерВейф» («Мөлдір толқын») шартты атауымен өнімді, қызметтерді және маркетингтік материалды ашық бизнес-таңбалау бастамасы іске асырылды. Бұл белгі іскерлік этиканың, ашықтықтың, жауапкершілік пен тұрақтылықтың символы болып табылады.
– Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде бізге азаматтық қоғамның пікірі маңызды болғанын ерекше атап өткім келеді. Өздеріңізге белгілі, кез келген ауруды емдеудегі жетістік дұрыс диагнозға байланысты. Сондықтан біз жинақталған барлық проблеманы талдауға және көрсетуге тырыстық. Олардың барлығы бізге жақсы таныс. Мәселелерді шешу үшін бірнеше міндеттер блогы көзделген. Мемлекеттік аппараттың тазалығын қамтамасыз етудің маңызды элементі – мүдделер қақтығысын реттеу. Қазір іс жүзінде біз бұл мәселенің де реттелмегенін көріп отырмыз. Егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілерін байқасаңыз, тәулік бойы жұмыс істейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз. Тұжырымдаманы іске асыруға азаматтардың, кәсіпкерлердің, үкіметтік емес ұйымдардың көмегі ауадай қажет, – деді Біржан Марданұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz