26.01.2022, 9:00
Оқылды: 55

Қаңтар шаруаға жайлы болды, ал ақпан?..

Мал қыстату – маңызды науқан. Осынау сындарлы шақтың да бел ортасы ауып барады. Биылғы қысқа облыс бойынша 931,8 мың шартты мал басы кірсе, оның ішінде ірі қара – 700,5 мың, қой мен ешкі – 1 266,9 мың, жылқы – 242,4 мың және түйе 2,4 мың басты құрады. Аталған төрт түліктің қысқы азығы үшін облыс бойынша 5 млн 074,2 мың га шабындыққа орақ түсіп, 2 млн 081,3 мың тонна шөп дайындалды. Әрі алынған өнім уақтылы межелі жерлерге тасылып үйілді. Былайша айтқанда, орташа өнім әр гектарға 4,0 центнерден айналып, жалпы қажеттілік 114,0%-ға орындалды. Мұның сыртында қосымша азық ретінде 1,75 мың тонна пішендеме, 1,63 тонна сүрлем мен 13,3 мың тонна сабан дайындалды.

IMG-20220126-WA0007

Малды ауылдың бүгінгі  тыныс-тіршілігіне келсек, өңіріміздегі 2335 қысқы орынның 1967-сінде мал қолға қарады. Шаруа адамдарына қажетті азық-түлік пен отын-су да толық жеткізілген. Тағы бір тілге тиек етер нәрсе, қыстақтардың  2251-і (96,4%) түрлі техникамен, 1710-ы (73,2%) байланыс желісімен, 1773-і (75,9%) электор қуатымен қамтылған.  Сондай-ақ малдың қысқы бағым-күтім жұмыстарымен бес мыңға жуық адам айналысып жүргенін білдік.

– Қытымыр қыстың өзіне тән қиындықтары болатыны бесенеден белгілі. Десек те, жаз шанасын, қыс арбасын сайлаған шаруаға қандай сынақ та  кедергі емес қой. Күні бүгін науқанның өту барысы қалыпты. Барлық аудандарда арнайы құрылған штабтар күнделікті қарым-қатынасты қырағы   бақылауда ұстап отыр. Нақты қолда бар жемшөп қорына тоқталсақ, 1 млн 567,4 мың тонна пішен, 60,4 тонна жем бар. Жалпы өңірімізде 300 келілік бір орама шөптің құны 4,5-8 мың теңге аралығында сатылуда.

Шүкір, қаһарлы қаңтар шаруа баққан адамды әзірше қыспаққа ала қойған жоқ.

Мал басы да аман, жол қатынасы да қалыпты. Жауапты құрылымдардың жұмысы да ширақ, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин Жаңақала ауданынан басқа жерде негізінен мал азығының жеткілікті қоры дайындалғанын айтты.

Иә, соңғы жылдары жаңақалалықтардың аптап жазда судан, қаһарлы қыста мал азығынан қиындық көріп келе жатқандары жасырын емес. Соған орай күнілгері арнайы іс-шаралар белгіленіп, шөп шығымы жақсы алты ауданмен арнайы меморандумға қол қойылған. Сонымен бірге тасымал шығындарын ішінара өтеу мақсатында жергілікті бюджет қорынан 28,6 млн теңге қаржы бөлінсе, соның қазір 27,0 млн теңгесі игеріліпті. Осындай жанды іс-әрекеттердің нәтижесінде 7-8 мың теңгелік орама шөптің (рулон) бағасын 3,5-5 мың теңгеге дейін түсіріп, ауыл тұрғындарына жеткізіп беруге мүмкіндік туған. Бұл дегенің онсыз да қалтасы жұқа халыққа үлкен көмек емес пе?! Осы жерде бүгінгі күнге дейін өзге аудандардан 7,0 мың тонна пішен әкеліп сатылғандығын айта кеткен артық болмас. Ал енді жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен саттыққа шығарылып отырған азықтық жемнің (арпа мен кебек) бағасы тиісінше 125-108 теңгені құрап отыр.

IMG-20220126-WA0001

Міне, шаруа баққан қазақ қарға адым ұзарған қаңтар­дың тағы бір күнін  артта қалдырды. Толғауы тоқсан тіршіліктің тылсым сыры да көп-ау?! Қазір әлеуметтік желіде қысты күні қар үстінде жорғалаған жыланға қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Әсіресе «Мұндайда қыс жайлы өтіп, жаз ерте шығады.  Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман келеді» деген сөздер үмітке жүкті, күдікке күпті көңіл көкжиегін нұрландыра түскендей. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме, солай болсын  деп  тілейік!

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале