26.01.2022, 12:10
Оқылды: 35

Кәсіпорынның мұрагері – «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС

Сонау келмеске кеткен Кеңес одағы кезінде Жәнібек ауданында жұмыс істеген 29007 Жәнібек автокөлік пайдалану кәсіпорнының тарихы әріден басталса керек.

IMG-20220126-WA0012

Бізге жеткен деректерге қарағанда, сол кездегі автоколоннаның директорлығына И.Шишлянников тағайындалыпты. Базадағы автокөліктермен берілген тапсырмаларды орындау мүмкін болмағандықтан, 1964 жылы Фурмановтағы автобазадан В.А.Меньшиков бастаған ағаш қорапты «УралАЗ» автокөліктерімен толығады. Автоколонна директорлығына В.Меньшиков тағайындалады. Осыдан бастап бұл кәсіпорын көршілес ауданды да тасымал жұмысымен қамтиды. Автоколоннаның материалдық-техникалық базасы жыл санап жақсара түседі. Әртүрлі мақсаттағы шаруашылық, әкімшілік ғимараттары салынады, машина тұрақтары (бокс) іске қосылады. Автоколонна қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер тұрғызыла бастайды. 1965 жылы автоколонна №14 автобаза болып мәртебесі өзгерген кезде директорлыққа Ефантий Сидорович Чебаков тағайындалады. Автобаза жаңа автомашиналармен толығып, материалдық-техникалық жағдайы бұрынғыдан да жақсара түседі.

1966 жылы автобаза тізгіні П.Смирновқа беріледі. 1971 жылы мекеменің атауы 29007 Жәнібек автокөлік пайдалану кәсіпорны болып өзгереді. Петр Архипович басқарған он алты жылда кәсіпорынның мемлекеттік тапсырманы орындамаған кезі болмаған. Өндіріс орындары мен қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер ауылымыздың оңтүстік бетінде көптеп бой түзеген. Сондай-ақ кәсіпорынның профилакторийі мен ыстық цехтарының тобы және автостанса пайдалануға берілген. Кезінде автокөлік пайдалану кәсіпорны (АКПК) көршілес аудандардың жүк тасымалы жөніндегі сұраныстарын қанағаттандырып қана қоймай, жолаушылар тасымалын да уақтылы орындап отырған. Кәсіпорында 200-дің үстінде адам тұрақты жұмыспен қамтылса, автобаза паркінде 140-тан астам жүк машинасы мен 25 автобус болған. Ауыр жүк таситын «ЗиЛ», «КамАЗ» маркалы автокөліктердің негізінде автопоезд жасақтау арқылы аудан шаруашылықтарындағы науқандық жұмыстардың қысқа мерзімде сапалы атқарылып тұруына жете мән берілген.

1983 жылы кәсіпорынды П.Ашығалиев басқарғанымен, екі жылдан кейін оны С.Оразов ауыстырды. Сегіз жылдай кәсіпорынға жетекшілік еткен Самиғолла Хамзаұлының да артында қалдырған жақсы ісі баршылық. Ол басшылықты қолға алысымен жаңа технологияға байланысты арнайы күтімді қажет ететін «КамАЗ» автокөліктері үшін бөлек профилакторий салдырып, көптонналық машинаны тиімді пайдаланудың жолын тапты.

-1985 жылы мені 300-ден астам адам еңбек ететін Жәнібек ауданындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – АТЭП – 29007-ге бастық етіп тағайындады. Сол жылы билік басына Михаил Горбачев келіп, елде қайта құру басталды. Менің ойымша, ол жақсы уақыт болды. Жариялылық, қайта құру, демократия, жалгерлік мердігерлік, шаруашылық есеп, ақылы қызмет ұғымдары және басқалар енгізіле бастады. Шаруашылық мәселелерінде басшыларға бастама көтеріп, шешім қабылдауға мүмкіндіктер туды. Кәсіпорында өзінің қосалқы шаруашылығы болды. Онда қой, сиыр бағылып, көкөніс плантациясында қияр, қызанақ, картоп, тағы басқалар өсірілді. Алынған өнім ұжымға төменгі бағамен сатылды.

Көптеген тұрғын үйлер, сол кезде аудан орталығында алғаш рет жоба бойынша бассейні бар елу орындық балабақша ғимараты салынды. Сондай-ақ жастардың күреспен шұғылдануына арналған спортзал бой көтерді. Оған күрес клемін үлкен қиындықпен Молдавия Республикасынан алдырған болатынбыз. Ал қазір мұнымен ешкімді таңғалдыра алмайсың, - депті өткен жылдарға шолу жасаған Самиғолла Хамзаұлы былтыр облыстық «Приуралье» газетіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, кезінде осы кәсіпорында әр жылдары автокөлік жүргізуші болып, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, есімі облыстық автобірлестіктің «Құрмет кітабына» енгізілген М.Шоқалақов, «Құрмет белгісі» орденінің иегерлері М.Дауов, М.Маутов, М.Ибраев, С.Ақболатов, К.Жарасов және токарь Н.Каюпова тағы басқалары еселі еңбектерімен ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосты.

Өкінішке қарай, тоқырау заманына тап келген  автокөлік пайдалану кәсіпорны нарық қыспағына шыдай алмай, 1996 жылы жойылуға шақ қалған-ды. Абырой болғанда, сол кездегі аудан әкімі Максим Хасановтың тікелей қолдауымен кәсіпорынның мүлдем құрып кетуіне жол берілмеді. Дәлірек айтқанда, автобазаның ізінде «Аяпов и К» толық серіктестігі құрылып, оның директоры болып А.Аяпов сайланды.

Айболат Өтенұлы 1988 жылдан 1996 жылға дейін Жәнібек автотранспорт пайдалану кәсіпорнында механик, инженер-технолог, бас инженер қызметтерін атқарды. Еншісіне он үш «КамАЗ» автокөлігі тиген бұл құрылым аудан тұрғындарына өз қызметін ұсыну арқылы ауыртпалық кезеңнен сүрінбей өтті. 2004 жылдан бастап ол «ЖәнібекТрансСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық жасап келеді.

-1992-1996 жылдар аралығында автотранспорт пайдалану кәсіпорнына Қабдіреш Қапаев жетекшілік етті. Кезінде кәсіпорында Әбжет Ықсанов, Құсен Шагиров, Жәдігер Абдолов, Еслям Әміров, Мақсот Абдолов, Әміржан Құсманов, Бақыт Әсетов, Наурызбай Дишенов сынды азаматтар автобус тізгіндеп, автостанса арқылы сол кездегі кеңшарларға жолаушылар тасымалдады. Сондай-ақ кәсіпорында бірнеше цех жұмыс істеді. Мысалы, агрегат цехында Серік Едиров, Берік Ғаббасов, мыс цехында Ерболат Рушанов, токарьлық цехта Елемес Зинуллин, Геннадий Рогожкин, дәнекерлеу цехында Василий Бузулуков, аккумулятор цехында Мария Калдузова, мотор цехында Серік Қартмәмбетов секілді өз ісінің шынайы шеберлері еңбек етті. Бүгінде олардың көпшілігі бұл өмірде жоқ, - деді бізбен әңгімесінде Айболат Аяпов.

Біз Айболаттың айтуымен кезінде аталған кәсіпорында істеген Жәнібек ауылының тұрғыны Татьяна Шмакованы тауып алып сөйлестік.

-Менің білуімше, кәсіпорын 1961 жылы Алғай қаласындағы автоколоннаның Жәнібектегі филиалы болған. 1965 жылы №14 автобаза болып құрылған. Кейін 29007 Жәнібек автокөлік пайдалану кәсіпорны болған кезде оған П.Смирнов, П.Ашығалиев, С.Оразов басшылық етті. Мен осында 1972 жылдан 1996 жылға дейін, яғни кәсіпорын тарағанға шейін ширек ғасырға жуық кадр жөніндегі инспектор, қосымша хатшы-машинистка болып қызмет еттім. Жұмыс істеген жылдарымда екі рет Алматы қаласына барып, біліктілігімді арттырып қайттым. Ол уақытта жұмыс деген қайнап жататын. Ұжымымыз еңбекқор, ұйымшыл болды. Петр Архиповичтің кезінде Қуаныш Сариев бас инженер, Александр Кондратьевич Валахов бірлестік басшысы, Михаил Иосифович Морозов жол қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып қызмет атқарды. Кәсіпорындағы көптеген озат жүргізушілердің еңбектері еленіп, отанымыздың орден, медальдарымен марапатталды. 1996 жылы кәсіпорын тараған соң, Айболат Аяповтың қарамағында бес жылға жуық еңбек еттім, - деді бізбен әңгімесінде Татьяна Афанасьевна. Сөз орайында айта кетейік, Татьянаның жұбайы Давид Исаевич Шмаков та кезінде аталмыш кәсіпорында «УралАЗ» автомашинасын жүргізіп, электрмен дәнекерлеуші де болған екен.

...2008 жылдың қараша айында аудандық мәдениет үйінде Жәнібек автокөлік пайдалану кәсіпорнының құрылғанына 50 жыл толуына орай салтанатты жиналыс өтіп, оған осы жолдардың авторы да куәгер болған еді. Жиналысқа аудан орталығындағы мекемелердің ұжымдары мен Жәнібек ауылының жұртшылық өкілдері, сондай-ақ кезінде осы кәсіпорынды басқарған, кейін Орал қаласының әкімі болған С.Оразов, бұрын осы кәсіпорында еңбек еткен қызметкерлер мен жүргізушілер қатысты.

Салтанатты шарада кәсіпорынның қазіргі мұрагері болып табылатын «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-ның бастығы, кәсіпкер А.Аяпов баяндама жасап, кәсіпорынның жартығасырлық тарихи шежіресіне егжей-тегжейлі тоқталса, еңбек ардагерлері М.Дауов пен Қ.Ишанқұлов сөз алып, өздерімен жұмыстас болған әріптестерінің есімдерін үлкен құрметпен атап өтті. Кәсіпорынның мерейтойын ұйымдастырушыларға деген шынайы алғыс сезімдерін білдірді.

-Жиырма үш жасымнан осы кәсіпорында көпшілікпен қоян-қолтық жұмыс істедім. Іс барысында мол тәжірибе жинақтадым. Ащыны да, тұщыны да бірге таттық. Ұйымшыл болдық. Кәсіпорынды аяғынан тұрғызуда Петр Архипович (Смирнов) көп еңбек сіңірді. Сондықтан мен ол кісіні қатты құрметтеймін және мекеменің орнын сақтап қалған Айболат Аяповқа рахмет! – деген болатын өз кезегінде Самиғолла Хамзаұлы.

Сол күні кешкісін орталық алаңда халықтық серуен ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйі мен облыстық филармонияның күміс көмей, жез таңдай әншілері ән салып, тыңдармандардың сезім қылын тербетті. Сөйтіп, кәсіпорынның жартығасырлық мерейтойы аспанға отшашумен өз мәресіне жетті.

Айтпақшы, бұдан бірер күн бұрын, яғни той қарсаңында кәсіпорынның жүлдесі үшін волейболдан жарыс ұйымдастырылып, оған бес команда қатысты. Кәсіпорын командасы сапында ойнаған Сабыртай Ақболатов, Сәбит Салықов, Серік Қажығалиевтер жақсы ойындарымен көзге түсті. Жүлделі орын алған командалар ұйымдастыру комитетінің мадақтамаларымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале