Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, қала әкімдігі және Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы бірлесе ұйымдастырған шараға жоғары және арнаулы орта білім беру орындарының ғалымдары мен оқытушылары, «Жайық Пресс» ЖШС, Жәнібек, Қазталов аудандарының өкілдері, ақын-жазушылар, қоғамдық ұйымдар мен мекеме басшылары қатысты.
Конференция жұмысын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбіл Жоламанов жүргізді. Философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры Тілекжан Рысқалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры Серікқали Шарабасов, тарих ғылымдарының кандидаты, БҚГА доценті Бақтылы Боранбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, БҚГА профессоры Дәметкен Сүлейменова, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы, сондай-ақ, «Жайық Пресс» ЖШС-ның Бас директоры Жантас Сафуллин баяндама жасап, ұлы тұлғаның ұрпаққа үлгі етерлік жан-жақты қырларына жаңаша тоқталды.
Ғұмар Қараштың бірқатар өлең жолдарына пәлсапалық талдау жасаған Философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев «Менің ойымша, Ғұмар Қараш есімі тасада қалып, қазақ мәдениетіндегі орны әлі де лайықты бағасын алып үлгермеген ұлы ойшылдардың бірі. Оның мұраларының халқымызға, әсіресе жастарға бергенінен берері көп. Тек оған қайта оралуымыз керек» деген түйін жасады.
«Ғұмардың «Неден қорқам?» деген жалғыз-ақ өлеңінің өзінде тұтас адами философиялық даналық жатыр» деген Серікқали Шарабасов аталмыш өлең жолдарын арқау ете отырып, бүгінгі таңдағы қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктердің бетін ашты.
Бақтылы Сансызбайқызы Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі, ал Дәметкен Сүлейменова Алаш қозғалысы және Ғұмар Қараш тақырыбында ой толғады. Журналист Қазбек Құттымұратұлы Ғұмар Қарашты қазақ журналистикасының негізін салушылардың бірі ретінде қарастырса, «Жайық Пресс» ЖШС-ның директоры Жантас Сафуллин «Ғұмар Қараш рухының парасаты: өткеннен үлгі болашаққа өнеге» атты баяндамасында ұлы тұлғаны ұлықтау бағытында өзі басқаратын мекеме қызметкерлері атқарып келе жатқан бірқатар нақты істерге тоқталды. Ол сондай-ақ, жиылған көпшілікке Ғұмар қараштың Мәскеуде тұратын немересі Надежда Қарашеваның өз атасы, шыққан әулеті жайында әңгімелеген бейнесұхбатын тамашалауға мүмкіндік жасады.
- Бүгінгі конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз Ғұмар Қараш сынды ұлы ойшыл, ағартушы тұлғаның кейінге қалдырған мұралары арқылы өскелең ұрпақты тарихын, отанын сүюге жетелеу болатын. Осы бағыттағы шаралардың легі конференция жұмысымен тәмамдалып қалмақ емес. Бұл Ғұмарды танудағы кешенді, жүйелі шаралардың бірі ғана деп есептейтіндеріңізге сенемін, - деді конференцияны қорытындылаған облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбіл Жоламанов.
Аталмыш шара аясында Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы деректерді қамтитын «... Жойылмаса игі еді, артта қалған ізіміз» атты кітап көрмесі конференцияға қатысушылардың назарына ұсынылды.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»