31.01.2022, 9:00
Оқылды: 111

Күншілдік синдромы

 (тарихи-публицистикалық көзқарас)

(Жалғасы. Басы газеттің 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі №7 санында)

9F858A4D-E9B3-44B3-981B-5519D081AFCA

 Ақиық ақын 1974 жылы 21 қыркүйекте өзінің күнделігіне былай деп жазыпты: «Бәрі маған жат, жексұрын, жиіркенішті! Кімнің дос, кімнің қас екенін ұғудан баяғыда-ақ қалғанмын. Жоқ! Менің достарым жоқ. Мен тек айналамнан өзіме қарай жылжып келе жатқан сегіз аяқты сұмдықтарды ғана көрем... Егер біреу қолына мылтық беріп, ат десе, қайсысы болса да, қолы қалтырамастан бүкіл адамзатты сүйген, ешкімге зияны тимеген мені сол заматта-ақ атып жіберуге әзір» (Мақатаев М. Күнделік – Алматы: «ҚАЗақпарат», 2013, 26-27-бб.).

Осы ретте әлемдік әдебиеттен де сөзімізге тұздық іздейік. Н. К. Рерихтің нақылы: Қарт викинг Гримр достарымен бір тойда отырып, кенет өзінің ұзақ өмірі ішінде бірде-бір шын досының болмағанын айтады. Тұс-тұстан келіспеушіліктер естіледі. Біреуі айтады: «Қуғында жүргенде саған кім көмек қолын созды. Бұл мен болатынмын». Екіншісі айтады: «Жауларың үйіңді өртеп кеткенде, жаңа үйді сенімен бірге кім салып еді. Мен». Үшіншісі тұрып: «Ұрыста сені кім өз кеудесімен қалқалады. Досыңды еске ал!» Гримр айтыпты: «Сендердің маған істегендеріңнің бәрі есімде, бірақ сендер менің бақытсыздықтағы достарымсыңдар және мен сендерге осы үшін ризамын. Бірақ шындықты айтайын, бақытты кезімде достарым болған жоқ. Ал мен өте сирек бақытты болдым. Бірде аңға шыққанда корольді құтқардым, ол мені бәрінің көзінше құшақтап, «Нағыз ерсің» деді. Барлығы маған жақсы сөздер айтты, тек достарым үндемеді. Сондай-ақ менің жасақтарым даниялықтарды тізе бүктіргенде бақытқа бөлендім. Мені халықтың құтқарушысы деп ата­ды, бірақ онда да достарымның жүрегі үнсіз қалды. Ару қызды үйіме кіргізіп, әйел еттім, некеміз қиылды, бірақ достардың сөзі жүректен шықпады. Адам бақыттылықта тау шыңында тұрған сияқты болады, ал адамдардың жүрегі төменгіні көреді. Бақыттылықта еш­қашан достар болмайды» (Мырзагелді Кемел. Ақыл ақыл­дан қуат алады. «Аударма» баспасы, Алматы, 2003,107-108-бб.).

Әулие Мәшһүр Жүсіптің: «Адамның қайғысын әркім бөлісе алады, қуанышты бөлісу қиын. Кімде-кім біреудің қуанышын шын жүрегімен бөліссе, оған «әулие» деген сөздің өзі аздық етеді» деген пайымы жоғарыдағы ойды бекітіп, оны одан әрі қуаттай түседі.

Бұл мысалдардан шығатын қорытынды қызғаныштың жүрмейтін жері жоқ екені. Оның ұлт, халық, кісі таңдамайтыны. Адамның өзгелерден артық қасиеттері мен бақытқа бөленген сәттері жұртшылықтың қып-қызыл қызғанышын оятатыны. Сондықтан жындысүрей тобырдың бірегей жандарға жапа-тармағай өшігіп, оны ит талағандай қылып, оған жан-жақтан жабылатыны.

Шыңжаң өлкесінде туған қазақ ақыны Бауыржан Шормақтың «Ұялас» деген өлеңінде:

«Бір жақсы туса, дуалы,

Бір топ ит бірге туады.

Сол жақсыны сол иттер,

Өле-өлгенше қуады» деп жырлағаны, венгерлік балалар жазушысы Эван Лазардың «Чем сильнее и ярче личность, тем больше псов на нее лают от бессилия и зависти своей» деген қанатты сөзімен үндесіп тұр.

Әлбетте, басына бақыт құсы қонған жанға жақын ортаның қызғанышпен қарайтыны мың мәрте дәлелденген ақиқат. Бақ-жұлдызы жарқырай жанған адамның бақталасы да мол. Және олар алыста емес, сол «жұлдыздың» айналасында, жақын жерде, соның төңірегінде шибөрілердей шәуілдеп жүреді.

Бұдан «Бақыт тыныштықты ұнатады. Мұндай сәтте соқыр көріп, саңырау естіп, мылқау сөйлейді» деген даналық сөздің кездейсоқ айтыла салмағанын ұққандай боласың.

Хәкім Абайдың: «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң өзің ғана тілейсің» (Қанапиянов Б.,Хабдина Б. Көрсетілген еңбек. 414-б.) деген отыз жетінші қара сөзі – тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні.

Олай дейтін себебіміз, тек қазақ халқының даналығында кездесетін нақыл сөздер легі ғана емес, әлемдік тәжірибеден алынған мына бір: «Есіңде болсын, сен үшін шынайы шаттанатындар аз» («Мало тех, кто по-настоящему рад за тебя. Помни об этом») деп келетін оймақтай ойлар ешқандай саралау мен талдауды қажет етпесі анық.

1.3. Кант не дейді?

Неміс философы Иммануил Канттың «Баққұмарлық, билікқұмарлық, жеке меншік – адамдарды бір-бірімен жауықтырады» деген пайымы күншілдік тақырыбының тұңғиығына одан сайын бойлап, оған одан әрі тереңдеп, осы бір жеті басты улы жыланның тұтас болмысы мен ішкі әлемін жан-жақты аша түсуге мүмкіндік береді.

Иә, тақ таласы, бақ таласы, байлықпен бәсеке-жарысқа түсу кезінде адамдар арасында ешқандай аяушылық пен мүсіркеуге орын жоқ. Тек қана аярлық пен зымияндық, қулық пен сұмдық. Бауырдың орны тек өкпемен ғана алмасқан. Басқаша болу мүмкін емес.

Сонда Канттың айтқысы келгені не? Әңгіменің басын билікқұмарлықтан бастайық. Билік дегеніміз – саясат. Орыс ағайындар саясатты сасық, лас, арам нәрсеге теңейді. Тіпті «Саясат – сайқалдың ісі» деп  қатты кететіндер де бар. Себебі – бұ жерден кіршіксіз тазалық табу қиын. Жұмсартып айтсақ, «Саясат – айла, тәсіл» деген мағынаға саяды. Бұл – араб  халқының пайымы.

Билік тілге тиек болған кезде қазақ тарихындағы хандар тарихы ойға оралады. Хан сарайында әке балаға, бала әкеге, аға ініге, іні ағаға ешқашан сенбейді. Сөзімізге дәйек. Алтын орданы отыз жылдай билеген әйгілі Өзбек ханның ұлы Жәнібек туған ағасы Тыныбекті өлтіріп, билікке келді (Тизенгаузен,  Т-2. с.101., Тизнгаузен, Т-1. С.252. ).

Ортағасырлық нумизматикалық жәдігерлер һәм теңгелерде араб қарпімен «әл-сұлтан әл-ғадл ғазиз Жәнібек хан» деп оймышталған. Әз-Жәнібек ханның ұлы державаның алтын тағына узурпаторлық жолмен жеткенінен-ақ билік деген құдіреттің өзіндік сиқыры бар ерекше дүние екеніне көзің жете түседі (Савельев П.С. Монеты джучидов, джагатаидов, джараиридов и другие, обращавшиеся к Золотой Орде в эпоху Тохтамыша. Вып. 2. СПб., 1858, с.299, 304-305.; Жақсығалиев Ж. Әз Жәнібек хан: тағдыры және «ақтаңдақтар» //Отан тарихы, №1 (61), 2013, 64-77-бб.).

Кейбір деректер бойынша Жәнібек хан кейін өзі ұлы Бердібектің қолынан мерт болып, Алтын орда тарихын­да «Ұлы дүрбелең» басталған-ды. Айналдырған жиырма жылдың ішінде жиырма беске жуық хан бірін-бірі аяусыз қырды (Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – Москва-Ленинград: Издательство Академии наук СССР, 1950. с.269-270). Қазақтың «Қан сасыған хан сарайы» деген сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек.

Таққа таластың қызғаны сондай, төрткүл дүниені тітіренткен қуатты державаның қатыгез хандарының «алтын бастары» кезек-кезек ақ алмас қылыштың жүзіне ілігіп, домалап жатты.

Бұдан шығатын қорытынды біреу – адам бойындағы билікқұмарлықтың жануарлардың жыртқыштығынан еш айырмашылығы жоқ. Осы орайда «Бірінші Ұстаз» Аристотельдің «Адам – саналы хайуан» дегені ойға оралады. Сөздің қысқасы, билік деген – бір құдірет, бір сиқыр. Бір ғажабы, «тақ пен табыттың иесі» жоқ. Бұл – ғасырлық тәжірибеден алынған даналық сөз.

И.Канттың айтуынша, адамдардың арасын ырситып аша түсетін екінші жағымсыз қасиет – жеке меншік, яки байлыққұмарлық. Қу дүние  –  қай уақытта да адамдардың көз құрты.

Кәрі тарихқа көз жүгіртсек, Жер шарындағы алғашқы мемлекеттер де негізінен жеке меншік пайда болғаннан кейін, ірі меншік иелерінің өз байлығын құртып алмай, қалай да соны сақтап қалу мақсатында құрылған-ды.

Иә, байлық пен қызылды-жасылды дүние жүрген жер – қашанда қырық пышақ қырғын һәм қып-қызыл төбелес. Сондықтан бұл – адамзат жаратылғаннан бері оның артынан бір елі қалмай ілесіп келе жатқан ежелгі және ешқашан бітпейтін мәңгілік бір майдан.

Бай мен жарлы-жақыбайдың арасын былай қойғанда, бек-мырзалардың өзара қарым-қатынасы да үнемі майлы ішектей бола бермейтініне тарихтан да, қазіргі өмірден де көптеген дәйектер табуға болады. Мұның астарында тек байлыққұмарлық емес, баққұмарлықтың да қос құлағы қылтиып тұрғанын аңғармау мүмкін емес.

Осы орайда оралдықтарға жақсы таныс мына деректі ортаға салғанды жөн көрдім. Орал – тарихи-сәулетті ескерткіштерге бай қала. Соның бірі – қаламыздың қақ ортасындағы орыстың ірі көпесі А.Т.Каревтің  1900 жылы салдырған үйі.

Халық аузында сақталған аңыз бойынша сол көшеде алдымен орыстың тағы бір ірі көпесі Овчинников үлкен әрі биік үй салдырыпты. Бұ кісі таңмен таласа тұрып, күн көкжиектен көтеріліп келе жатқанда өзінің үйінің алдындағы бастырма һәм жапа балконда (терраса-Ж.Ж.) таң шапағымен бірге ертеңгі асын ішкенді ұнатады екен.

Күндердің-күнінде екі ірі көпестің арасы суып, бәсекелесіне тісін қайраған Карев жолдың қарсы бетіне сенікінен де биік үй салып, жаңа атып келе жатқан күн сәулесін сенің үйіңе түсірмеймін деп ант-су ішіпті. Мақ­сат – бақталасының мысын басу.

Осылай ол өзінің «асыл арманын» жүзеге асыруға білек сыбана кірісіпті. Өкініштісі, құрылыс толық аяқталмай, өзі бақиға озып, бірақ өзі ойлаған сол зәулім үйді кейін жұбайы аяқтаған екен дейді бізге жеткен аңыз (Чесноков Н..Г. «Город малиновых зорь». С попутчиком по Уральску. Книга вторая // Уральск, «Оптима», 2011, с.116-118).

Ең кереметі сол, екі казак-орыс саудагерінің ішбәсеке­сінің жемісі – Орал шаһарының орталығына әлі күнге дейін сән беріп тұрған «Карев үйі» атты  сәулетті ғимарат өлке тарихына осылай жауһар боп енген-ді.

Ірілердің арасындағы қақтығыстың ірі болатыны сияқты, шора-шонжарлардың арасындағы кикілжің мен талас-тартыстың мазмұны һәм сипаты да басқаша болатынын осыдан-ақ көруге болады.

Осы бір кішкене мысалдың өзінен-ақ өте бай адамдардың психологиясындағы «жазылмайтын күрделі қыртыстар» сезіліп-ақ тұр. Осындайда Шәкәрім қажының: «Мал мен мансап адамзатты мас қылады» дегені еске түседі.

И.Канттың түсіндіруінше, адамдардың арасындағы өшпенділікті өршітетін үшінші нәрсе – баққұмарлық. Даңққұмарлық пен бақастық отының оттай лаулайтын ордаларының бірі – өнер, әдебиет, ғылым һәм зиялылар ортасы. Шығармашылық орта неліктен дүрбелеңге толы? Сахна саңлақтары мен қалам ұстағандардың арасында ию-қию мен у-шу неге бітпейді? Бұған алдағы тақырыпшалардың бірінде кеңірек тоқталамыз.

Қалай болғанда да бір нәрсенің басы ашық. Қашан да ілгерілемекті қиындық пен қысым күтеді. Бұл – бәсеке мен жарыс талабы. «Кімде-кім білімнің биік шыңына қол жеткізсе, адамдардың көпшілігі оған қарсы болатынын алдын-ала білуі тиіс» (Иоганн Гете), «Жақсының дұшпаны – өте жақсы»,  «Көре алмаушылық – жүректегі у» (Франсуа Вольтер), «Өз тағдырына риза болмағандар басқаның бақытын қызғанады», «Күншілдікті қоздыратын нәрсе – өзге жанның асқақтаған даңқы. Ол қызғаныш отын лаула­тады» (Бальтасар Грасиан).

Байқаған жанға есімдері аталған әлемдік ақыл-ой алыптарының шығармашылығынан келтірілген бұл сөз маржандарының атам қазақтың «Білімді көп болса, бүлік көп болады»,  «Бақсы бақсыны, Жақсы жақсыны көре алмайды», «Екі жақсы дос болмас – сірне үстінде хаты бар», «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», «Жігіттің өзін күндесең де, бағын күндеме»,«Топ көрмеген – қорғаншақ, топта озбаған – қызғаншақ» деп келетін мақал-мәтелдерінен еш айырмашылығы жоқ.

Иә, оқырман іштей сезіп отырғандай, күншілдік тақырыбы – өзінің тұңғиығына тарта беретін адам психологиясының ең бір күрделі һәм нәзік сырлары. Мысалға келтірілген деректер мен дәйектерден оның жалпы адамзатқа тән құбылыс екенін аңғару онша қиын емес.

Соған қарамастан, қазақ халқының аузында мейлінше жиі айтылатын осы бір кесапат, пасық мінез туралы кейбір зерттеушілердің өзіндік оқшау ойлары мен салмақты пайымдары бар екенін алдағы тақырыпшада талқыға салғанды жөн көрдік.

 2. Күншілдіе отарлаушылар әкелген кесел ме?

 «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың».

Абай Құнанбаев

«Завистливые люди  часто осуждают то,

чего не умеют, и критикуют тех,

до уровня которых им никогда не дотянуться»

Фридрих Ницше

Табиғатынан кеңпейіл, даладай дархан, баладай аңғал, жаны жомарт халық қалай ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ, өзгенің жеткен жетістігін көре алмайтын «күңіренген» күншіл бола қалды? Мұның негізгі сыры неде? Өзгеге келгенде құшағы кең, мейірімді, ақкө­ңіл қазақтың өзіне келгенде тарыла қалуының сыры неде? Қазақ халқының жүріп өткен тарихи жолын тереңнен зерделеп жүрген аға буын қаламгерлер бұған не дейді?

Жауап қысқа әрі нақты. Бодандық дәуірде жүргізілген әккі отаршылдық, қитұрқы саясат қазақтың ұлттық санасына өте ауыр зардабын тигізді. Осы орайда зерттеуші Жанбибі Дүйсенбаеваның: «Жасыратын несі бар, жаттың бізге берген және ол кешегі кеңестік кезде ерттеулі атына көн тақым болып мініңкіреген баяғы қазақ алтыауыз дегенге саяды. Жоқ, табиғатынан бауырмал халық олай емес, басын біріктірмей алауыз қылып қойған, әуелі, билеушілер, билік одан кейін, отаршы саясат аужайы екен» (Дүйсенбаева Ж. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарих тағылымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007, 51-б.) деу себебіне көз жіберген дұрыс.

Бәрін басынан бастайық. Отаршылдық – әлі терең зерттеліп, ақи-тақи нүктесі қойылмаған тақырып. Әлем санасатын ұлы империя құрған ұлы көршілерімізді ешкім де осал деп айта алмасы хақ. Арғы жағын айтпағанда, орыс елшісі Тевкелевтен бергі отаршылдардың күллі құжаттарын саралау бұған біздің көзімізді әбден жеткізе түседі.  

Басқыншылар алдымен қазақтың мінез-құлқын, ментальдық болмысын, ұлттық психологиясын ғылыми тұрғыда мұқият зерделеп, кейін жүйелі, жоспарлы түрде елді іштен ірітуге арналған сұрқия саясатын сәтті жүзеге асыруға кірісті.

Мәселен, Ф.Щербина қазақтардың бойындағы мінін былайша түзеді: «Өтірікшілік, жайбарақаттық, арызқойлық, жала жабушылық, айлакерлік, мақтаншақтық, мылжыңдық, нәпсіқұмарлық, атаққұмарлық, намыссыздық, жалған адалдық, жалған батырлық» (Щербина Ф. «Киргизская народность в местах крестьянских переселений», СПб. 1905, с. 5-6).

Осы айтылған қазаққа тән теріс мінездердің ішінде күншілдік арнайы айтылмағанымен, соны тудыратын мінез-құлықтардың халқымыздың бойында бар екенін байқау онша  қиын  емес.

Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылорда қаласында сотта сөйлеген сөзінде айтқан қазақтың бойында кездесетін міндерінің бірсыпырасы жоғарыда айтылғандармен үндесетіндігі назар аударарлық. Мұны жасырып қалу қиын. Алайда оның пайымынша, мұндай жаман мінез-құлықтар патша заманында өріс алыпты. Бұл бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамында болмаған, бұның бәрі құлдық қоғам қалыптастырған мінез (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: Монография. Екінші кітап.  – Алматы: Мектеп, 2017. 345-349-бб.).

Осы сөзінде ол қазақтың өтірік, өсек, шағымға шебер екенін, әсіресе оның шенқұмарлығына ерекше кө­ңіл бөлген. Ал шенқұмарлық – күншілдіктің нағыз барып тұрған «көзі» екені айтпаса да түсінікті және ол туралы мақаламыздың басында айтылды.

Ал саналы зерттеушілік ғұмырын қазақ тарихына арнаған жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Халқымыздың «Хас жаман қатынын мақтайды, бас жаман баласын мақтайды» немесе «Өзін өзі мақтаған өліммен тең»  болмаса «Өзін өзі мақтаған – өлімнің қара басы» деген тәріздес ой тұжырымдары бұрынғы қазақтың мақтануды қош көрмегенін, кейінгі бодан қазақ бұл мінезден айрылып қал­ғанын, дұрысы – айырылуға мәжбүр болғанын, мақтаншақтық, жат мінез біртіндеп қазақтың болмысына еніп, әдеттегі тірлікке айналғанын, мұның сыры адамды бағалаудағы қоғамның әділетсіздігіне, бір сөзбен айтқанда, бодандыққа байланысты екеніне (Қойшығара Салғараұлы. Елдік негіздері. //Егемен Қазақстан. 18 тамыз, 2007 жыл) дәлел. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың «Мақтан –  нағыз күншілдіктің отын көсейтін қып-қызыл шоқ» екеніне тоқталғанын ілкіде айтқан едік.

2.1.Деректер не дейді?

 Әрине, зерттеушілердің осы айтылған ой-байламдарын қуаттап қана қоймай, империяның қазақ даласында жүргізген саясатындағы аярлық пен залымдықты ашып көрсететін тарихи деректер аз емес. Патша үкіметінің негізгі көздеген мақсаты – ұлтты шілдің боғындай шашыратып, ішкі біртұтастығынан біржолата айыру еді.

1913 жылы «Айқап» журналының №20 санында Қа­расарттың ұлы Шардайдың «Қазаққа алалық қайдан кел­­ді?» деген мақаласы жарияланған. Санкт-Петербургтің көпшілік кітапханасынан қазақтарға байланысты құпия Жарлығы табылыпты. Патша қазақ еліндегі әкімдеріне төмендегідей нұсқау берген көрінеді:

«1. Қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен қас етуге себеп болыңыз.

2. Сұлтандардың бірімен-бірін араз қылып, біріменбірін иттей таластырып, бірінің етін бірі жеуге сеп болардай іс қылыңыз.

3. Қазақтың ел басыларын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдармен араз қылыңыз; арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от салып, береке-бірлігін алсақ, өзара азып-тозғандарынан қазақ жұрты бөтен падишах қол астына көшіп кетерге дәрмені болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Ресей патшалығына жақындар, қорғалар. Сол уақытта Руссия хүкіметі араларына төре болып, билік айтып, ретіне қарай не анасын, не мына жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалмен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жорытамыз» (Энциклопедия «Айқап» /Құрастырушылар: Ұ.Субханбердина, С.Дәуітов. Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995, 255-б.).

 Жаңабек Жақсығалиев,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале