Балғын шағынан мақсаткерлікпен аяғына мініп, бұралаң-бұлтарысы жетіп артылатын тірлікте тоқырап көрмеген, халыққа болсыншы деген аппақ ниеті алаулаған жандар емес пе елдің құты, бағы. Әленғали Кереев – сондай қоғамшыл, ақ жүрек ағаларымыздың бірі. Міне, төңірегін түгендеп, айналасын әлпештеген қалпында 80 жастың сеңгіріне келіп қалыпты. Сол сергек күйінде, жанбағыстан аулақ. Ақжайық ауданы ардагерлерінің қалалық қауымдастығына он бес жылдан бері жетекшілік жасап келеді (бұл қоғамдық бірлестік бұрынғы Чапаев және Тайпақ, ал 1997 жылы ірілендіріліп Ақжайық атауын алған үлкен аудан қарияларының тілегімен өмірге келген еді). Ата-бабаларымыз аманаттаған құндылықтар жайында немесе жастардың дүниетанымы, толғауы тоқсан тіршіліктегі кем-кетікті түзеуге қатысты баспасөздегі мақалалары өз алдына бір тәлім. Қаламы қолында, нөсерлете жөнеледі.
Қайран, бұрындағы тектілердің тұяғы, олардың өкшесін басқан майдангерлер – Ұлы Жеңіс сарбаздары қандай еді?! Бозбала, бойжеткендерді еңбекке қайрауы өзгеше болатын. Шопан отбасында бұйығылау өскен қыр баласы Әленғали сол үлкендердің талайын көре қалды. Құлдыраңдаған шағынан олар құлаққа құйған аңыз-әңгімелерді, ел шетіне төнген жауды түре қуған батырлар жайында естеліктерді жадына түйді. Қарап отырса, соның бәрі бүкіл ғұмырына жарқыраған шырақ болды, болып та келеді.
1959 жылы, 17 жасында №83 Первомайск училищесін тәмамдар алдында Жайықтың сол жағалауындағы шаруашылықтарда тың игерушілерге көмектесіп, егін орып, емтиханды дала төсінде үздік бағаға тапсырып, Сталин атындағы ұжымшарда (кейіннен Котельников кеңшары) тракторға отырды. Шынжыр табанды трактордың картерін қақаған аязда тезек жағып қыздыру (ол кезде паяльник деген жоқ), күтірге пішен апаруды, жолды қардан аршуды өліп-тірілсең де мезгілінде бітіру алғашқы еңбек қадамындағы айтулы сынақ еді. Тәйірі, бұл көрген қиындық ана үлкендер тартқан тауқыметтің қасында, немене?! Әке-шешесі ұл-қыздарының ертеңгі тағдырын ойлап, ұжымшардың 500 бас қойын аман сақтау үшін ит-құспен алысып, түнде көз ілместен күзетіп, дауылда отардың жел бетіне үйдегі жалғыз текеметті ұстап бейнеттенді емес пе? Ал жанұядағы перзенттердің үлкені Зейнеп апасы он бес жасынан соғысқа кеткен әке орнына анасымен бірге мал бағып, шөп шауып, құдық қазып, ер-азаматтан кем болмағанының өзі бір дастан.
Көршілес Индер ауданынан шопырлық курсты бітіріп, Жайықтың сол жақ бетіндегі Тайпақ кеңшарында жылдан астам еңбек еткен кезі тірліктен түйгенін байыта түскен-ді. Мадақталып, көпшіліктің жылы лебізіне бөленді. Алайда ойкөрігін үрлеген бір үкілі үн жан дүниесіне үстемдік жасап, жаңғырып тұратын.
Әкесі Ұлықпан атакүлдігінің шежіресіне жүйрік, қасиетіне жетік еді. Балаң кезінде әйгілі Сарайшық мешітінде оқыған, намазын, оразасын бұзбай өтті. «Аталарымыз бізге әмсе ілім іздеуді, сөйтіп, бақытқа қарай жүруді қаперге салатын. Кезек сендердікі. Өмірдің жұмбақ сырлары оқып-тоқумен ашылады. Құдірет Иеміз пендесінен осыны қалайды. Құранда «Раббым! Білімімді арттыр деп айт!» делінген. Ғұламаларымыздың үндегені де сол», – деп, тереңнен толғайтын.
Мұның мәні тек әлдебір оқу орнын түгесуде емес, өмір бойы үйренуде, ізденуде екенін жас Әленғали уақыт өз ауанымен алға жылыстаған сайын терең ұғынды.
Ғұламалар демекші, Базартөбе ауылының батыс бетіндегі Мәулімберді қорымы талай сырдың көмбесі екенін де әке әңгімесінен ойына түйіп өсті. Кезінде шеих Мәулімберді әулие және ғалым болған, бірнеше рет қажыға барған, кітап жазған. Оның ұлы Хаж Әли де молла бопты, оқымысты дәрежесіне көтерілген. Атасы Керей Мәулімберді медресесінен дәріс алып, Сарайшық, Қазан шаһарларында да оқып, үш ауылда мешіт салдырған бергі атасы Тоғайбай хазірет секілді, ол да Қаракөл мен Мамайтөбеде мешіттер салдырған.
Орал ауыл шаруашылығы техникумының механикаландыру бөлімін топтағы комсомол ұйымына жетекшілік жасай жүріп, төңіректегі ауылдарға концерттермен шығып аты алысқа естілген «Жас тұлпар» өнер ұжымын ұйымдастырудың басы-қасында болып, ойдағыдай аяқтаған соң, 1967 жылы Тайпақтағы кәсіптік-техникалық училищеде оқытушылыққа кіріскен. Бірақ іске ынталы, бастамашыл мұны көп ұзамай аудандық комсомол комитеті училищеден «тартып» алды. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, қыз-жігіттерден еңбек ұжымдарын жасақтау үшін ойға-қырға жүгіру, аукомсомолды облыстағы озықтар қатарынан әрдайым түсірмеу үшін тағатсыз талпыныс – осының бәрі қайсарлығын шыңдады. Ел аузына қараған жақсылармен, жайсаңдармен жолықтырған тағдырына бек разы. Сол алдыңғы толқыннан таусылмас тағылым алды, жөнжобаға қанықты. Ұлтымыздың көнеден бермен күмбірлеген асыл дәстүрлері, маңғаз даламыздың дара дүлдүлдері жайында мұның бар білгенін үстеген де солар. Кеңес заманы аузымызға қақпақ, аяғымызға тұсау салса да, өзінің кім екенін ұмытпаған зердесі зерлілердің ғасырлар қойнауынан сыр тартуы қандай еді, шіркін!
Жылжыған жылдар, әлбетте, тәжірибесін кеңейтті, көкірегіне түйгенін еселеді. Қат-қабат қызметтен қол үзбей жүріп, Орал пединститутының тарих факультетін аяқтады. Тайпақ аудандық партия комитетінде нұсқаушы, сосын он жылға жуық КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшарда партком хатшысы болғанда да, қалың жұртқа сүйенді, үлкенмен де, кішімен де қоян-қолтық жүрді. 1986 жылы бір кезде өзі оқытушы болған кәсіптік-техникалық училищені басқару сеніп тапсырылғанда да солай жасады. Сондықтан кадрлар ұясы ауылдарды шопан, механизаторлармен толық қамтуға, кеңшарлардан филиалдар ашуға қол жеткізілді. Ал егемендігіміздің елең-алаңында, ауыртпалықтар анталап алқымнан алғанда аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушілігін, кейін Тайпақ әкімінің орынбасарлығын атқарған Әленғали Кереевтің бар күш-қайратын маңайын мұқалмауға, ұғыныстықтан, ынтымақтан көз жазып қалмауға ұйыстырғанына куәлар жетіп жатыр.
Дәуірдің әлгі айтқан өтпелі кезеңінде уақытын жалмаған орта жұмысының қарбаласының өзінде-ақ Әлағаң өлкетануға бойлады. Бұл ақыл тоқтата бастаған жасынан көздегені еді. Бір уыс топырағының өзі қастерлі атажұрттың құдіретін кейінгіге жеткізбегенде ше? Бөрілі байрақ ұстап өткен ата-баба ерлігіне үңілсең, мұхиттай терең сырды көрмей ше? Қарасирақ балалық шағынан естігендерінен бастап, тарихи деректерді танып-білуін бірте-бірте дамытты, жүйеледі. Мұражай, мұрағаттарға бас сұқты.
Осының нәтижесінде 2014 жылы көпшіліктің назарына іліккен «Қаратай» атты 384-беттік кітабы жарық көрді. Тасқа басылған бұл еңбектен ауылдар тарихына, аймаңдай арыстардың, аруақты азаматтардың қаһармандығына, халқына қайырлы істерімен шартарапқа танылғандардың тұлғасына, бәрінің де ғұмыры бүкіл еліміздің тарихымен астасып жатқанына қанығасың. Айталық, атырабымызда әрі батыр, әрі би атанған, 1794 жылы Түркістанда жерленген Жәдік Масақұлы, Орынбордағы әскерилер «Исатай Таймановтың жүріп-тұрғанынан бізге хабар беріп тұр» деп арандатуға тырысқанда, оларға қарсы шығып, кейін бір қиян-кескі ұрыстарда екі ұлы да, өзі де мерт болып, Жанамада жерленген Бабаназар Мырзагелді баһадүр, қазақтарды Жайыққа жолатпаған казактардан талай есе қайтарған Жантілеу, Шомбыр, Базаршолан ауылының Түлкібай күтірінде жатқан Жаңатау, Жұмыр батырлар, барша алашқа танылған балуан, көріпкелдеріміз, қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі, репрессия құрбаны Бақтығали Бисенов, басқа да алыптарымыз, өзі көріп, әрлі әңгімелерін естіген жұлдызшылар Шыл, Мұсағали, батырлық дастандарын кештен таңға жырлайтын Темірқожа, ақиық ақынымыз Жұбан Молдағалиев туралы естелік, толғаулар жан дүниеңді дүр сілкіндіреді.
Кітапта Әлағаның он бесінші тек атасы болып табылатын Қаратай батырдың ерліктерімен қоса өз ұрпағына жеті атасын түгендеп бергені де қазақтың тәрбиелік, әлеуметтік мәні зор дәстүрінен білімін сөзсіз аңғартады. Автор еңбек жолында өзіне жол меңзеген ақылман аға-апалардың, қабақ қағысымен-ақ бір-бірін медеген тұстастарының еңбегін де жан-жақты жазған.
Облысымызда өткен онжылдықтың ортасына таяу «Құлпытас сырын ашайық!» атты жоба, графикалық ескерткіштерді зерттеу өрістегені мәлім. Тарихшылар, өлкетанушылар Әлағаң секілді елгезек, даламен тілдескен жандарды жағалайтыны заңды. Олардың қолқасын ол дәйім қуана қабылдайды. Өйткені «Білгенің тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз». 2014-2020 жылдарда сол азаматтардың Жайықтың бұқар жағындағы қауым-қорымдарға сапарларына жолбасшылық жасады. Ауданымыз аумағындағы 2000-нан астам құлпытас сандық нұсқада жинақталды. Немесе, мысалы, 2019 жылы 40-тан астам би, батыр мазары, 12 әулие қауымы, 8 мешіт орны зерттелді. Жауынды күндерде, не құс қанатын күйдірер ыстықта жүздеген шақырым жолсапарлар ойын түлетіп, ширатады. Әне, әке-шешесі мал баққан Сейіт, Ақмола, Орынбай шағылы, Жүндіқұдық, Төсқұдық, Шошақ, Қатыншағыл, Сүйірқұмақ... Әкесі адам баласы түгілі, құс, жануарға зиян жасамауды перзенттеріне шегелеп айтатын, анасы Бәтима көнеден ән-жырлармен сәби жүректі тербеткен қоныстар ғой бұлар. Ұлы даланы қауымдастық мүшелерімен бірге ара-тұра аралағанда да буырқана түседі. Сосын да тағы тасқа басуға дайындап жүрген жазу-сызуы бар. Осыған, әсіресе, жастардың аңсары ауса, шіркін дейді. Заман тезінің нені қажет ететіні де аян. Рухани серпіліске қарай түбегейлі қопарылыс керек. Ізбасарлардың парызын, намысын оятқан жөн.
Міне, айтулы «дөңгелек» жасын қарсылап жатқан оның мұраты осы. Бүгінде Орал қаласында тұрады, зайыбы Тыныштық Махметқызымен бірге өмірден орындарын тапқан ұл-қыздарының бағына, немере-жиендерінің қызығына бөленген. Бүкіл елдің тыныштығын, уайымсыздығын, Отан тағдырының тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың ар-абыройын тілеп, қоғам ісімен біте қайнасқан Ақжайық ауданының құрметті азаматы Әленғали Ұлықпанұлындай алдыңғылардан үйренуді айт. Бабаларымыздың өзі ғой, көзі ғой олар. Небір сында сүрінбегендер. Адамдықтан еш аласармағандар. Ниеті ақ, түйсігі тұнық, мұраты асқақ бұлардың.
Болат Есқалиев,
Ақжайық ауданы