Сәрсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Тасқала ауданына жұмыс сапарымен келді. Бәйтерек және Тасқала аудандарының ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен «Үздік ауыл» және жергілікті деңгейде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер, ветеринария салаларындағы өзгерістер туралы тәжірибе алмасу семинары өткізілді.
Алдымен Тасқала ауданы орталығына жақын орналасқан «Тaskala-Et BKO» ЖШС-гі ІҚМ бордақылау алаңына ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Арман Кәрімұлы аталмыш бордақылау алаңының қазіргі жағдайымен танысты.
Алаңның басшысы Нұртай Жұмашев ауданға келген қонақтарға егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жалпы мәліметке көз жүгіртсек, Тасқала ауданына қарасты Бірлік ауылының аумағында орналасқан бордақылау алаңы 2019 жылдың 1 маусымында пайдалануға берілді. Тартылған инвестиция көлемі - 2,7 млрд теңгені құрайды. Аталмыш жобаның қуаттылығы-7500 бас. Қазіргі таңда 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы бордақылау алаңының көлемі 22 гектар. Аталмыш алаңды ашу үшін ең негізгі қаражат көзі жеке және несиелік қаражат болып табылады. Өндірістік көрсеткіштерге көз жүгіртсек ІҚМ-1049 бас, бордақылаудағы бұқа – 799 бас, ал жалға берілетін бұқа саны – 250 басты құрайды. Алаңда 10 бас жылқы бар. Жалпы жерінің көлемі 2773 гектарды құрайды. Соның ішінде тыңайған жерлер 2395 га құраса, жайылымдық жерлер 198 гектар. Егістік 178 га, ал басқа жерлер 1,9 гектар. Бордақылау алаңы техникалық паркпен де ерекшеленеді. Трактор NEW Holland-1 бірлік, трактор Беларус-82 (6 бірлік), ал комбайн - 2 бірлік, шөп шапқыш КДП3 және роторлық-8 бірлік, тырма-4 бірлік, шөп буғыш-3 бірлік, культиватор «Сталинград»-1 бірлік, автомашина ГАЗель-1 бірлік, екі дана «Zimmatik» жаңбырлатқыш қондырғы (кешен) бар.
Одан кейін бір топ делегация мүшелері келесі өндірістік орынға жол тартты. Айтулы кездесуге көршілес Бәйтерек ауданына қарасты барлық ауылдық округ әкімдері де шақырылған.
Келесі нысанда өндірістік орын болып табылады. Жобаның атауы «Феррум контракт» ЖШС-нің «Су құю цехы» құрылысы. Бұл да Тасқала ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында орналасқан. Су құю цехының жалпы ауданы 845,2 шаршы метрді құрайды. Аталмыш жобаның құрылысының 2018 жылы басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. «Феррум контракт» ЖШС-нің жоба құны-264,2 млн.теңгені құрайды. Жоба қуаттылығы сағатына екі мың бөтелке су өндіру. Негізінен өндірілетін өнім 19 литр, 1 литр және 0,5 литр бөтелкелерге су құйылады. Өз қаражат көзі арқылы жүргізілген. Қазіргі таңда аталмыш цехта 11 адам жұмыспен қамтылып отыр. 5 литрге арналған қондырғыны сатып алуды жоспарға енгізіп, сатып алынды. Ендігі кезекте оны іске қосу-реттеу жұмыстары жоспарлануда.
Балалар біздің болашағымыз
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлы бастаған делегация Тасқала ауданы орталығындағы «Дияр» балалар ойыны орталығына атбасын тіреді. Балалар кешін ұйымдастыру, ойын-сауық және танымдық ойындар өткізу жобаның мақсаты болып табылады. Инфрақұрылым газ, электрқуаты, интернет және телефон байланысымен қамтылған. Өткен жылдың жазында кіре-беріс жолы салынды. Аталмыш ғимаратты қазіргі таңда жалға алу арқылы жұмысын жүргізіп отыр. 40 балаға дейін бір мезетте қабылдай алады. Бүгіңгі күнге жоба қуаттылығының толуы 70% -ды құрап отыр. Жобаның құны 16,8 млн теңге. 6,0 млн теңге меншікті қаражаты болса, 5,8 несие қаражаты және бюджет қаражаты 5,0 млн тг. Ашылған жұмыс орны көктемгі-жазғы кезеңде 12 адамды қамтиды. Күзгі және қысқы кезеңде 6 адамға жұмыс орны бар. «Жалпы айтсам балаларға арналған орталық. Жолдасым екеуміз осы орталықты ашуды жүзеге асырдық. Атамекен кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау арқылы 5 млн грант ұтып алдық. Қосымша несие алып, орталық ғимаратына жөндеу жасадық. Қазіргі кезде бұл ғимаратты жалдап отырмыз. Алдағы уақытта кеңейтеміз деген ойдамыз. Қазіргі таңда кішкентай зона, лега зона, лабиринт деген зоналар бар», - дейді орталық басшысы Сания Мүсіралиева.
Одан кейінгі нысан «Алем» супермаркеті. Сауда орыны Тасқала ауданының орталығында орналасқан. Жобаның жалпы құны 80 млн тенгені құрайды. Өзіндік қаражат көздері арқылы ашылған сауда орны қазіргі таңда 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ішкі нарықтың негізгі бағыты жиһаз, азық-түлік, дәріхана, шағын наубайхана және тұрмыстық тауарлармен қамтылған. Арман Кәрімұлы аталмыш сауда орынын аралай жүріп, азық-түлік тауарлардың бағасына көз жүгіртті. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының тұрақталуы мықтап қадағалануда. Тіпті күндегісін күнде қадағалап отыр десек, артық айтқандық болмас. Сол айтқандай облыс әкімінің бірінші орынбасары аталмыш супермаркеттегі азық-түлік бағаларының, соның ішінде маңызы бар тауар бағасының өзгеріссіз қалғандығын байқап, сауда орнының иесіне ескерту жасады. Алдағы уақытта олқылықтың орнын толықтыруды тапсырды.
Семинардың берері мол
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов аудан әкімдігінің үлкен залында Бәйтерек және Тасқала аудандарының ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен «Үздік ауыл» және жергілікті деңгейде кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер, ветеринария салаларындағы өзгерістер туралы тәжірибе алмасу семинарына қатысты.
Аталмыш жиынға аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов, облыстық басқарма басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Алдымен Тасқала ауданына қарасты 9 ауылдық округ әкімдері дайындаған көрмемен танысты. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімұлы семинардың жалпы мақсатымен түсіндіре кетті.
«Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық денгейдегі округ әкімдері мен басқарма басшылары елді мекендердің даму бағытын, ондағы өзекті мәселелерін ортаға салып, әрбір округтің әкімі алдағы уақытқа жоспарын жасауы керек. Болашақта қандай бағытта даму жайлы және округ әкімдерінің жасаған жұмыстары мен жалпы алдағы уақытта жасалғалы жатқан жұмыстарымен танысып шықтық. Біркелкі жұмыстар жасалып жатқаны рас. Дегенмен жобалы және жоспарлы түрде жұмыс атқаруға тиіспіз. Бүгінгі кеңесімізге Тасқала және Бәйтерек аудан әкімдері мен барлық округ әкімдері, басқада мүделлі органдар, басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр. Жаңа экономикалық жағдайды қалыптастыру бағытында нақты мемлекет басшысы жаңа тапсырмалар берді. Соңғы күндерде ауыл шаруашылығына қатысты жалпы өңірлерді дамыту мәселесі бойынша Президент бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соны біздер орындауға тиіспіз. Үкіметке тұқым мен жем шөп, тынайтқышпен қамтамасыз ету мәселелері, егін егу науқанын қатаң бақылауға алу және оны уақытында өткізу мен азық-түлік бағасының тұрақтылығы секілді мәселелерді түбегейлі шешу жұмыстары тұр. Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен жұмыссыздықты азайту, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту сияқты ауылды көркейтуге бағытталған нақты шаруаларды жүзге асыруды тапсырған болатын. Осы бағытта біздер жоспарымызды бекітіп, әріптестерімізге тапсырған едік. Әрбір елді мекеннің даму жоспарын, олар болашақта немен айналысады? Қалай болады? Сол жөнінде облыс әкімімен келісе отырып, Орал қаласының айналасындағы аудандарды кіріс әкелетін ауданға айналдыруымыз керек. Оған Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек, Теректі және Бөрлі аудандары қатысатын болады. Осы жиналыстан кейін барлық аудандардан жалпы нақты жоспарларыңыз туралы сұрайтын боламыз. Қазіргі таңда бірқатарын алдық. Әрбір аудан биылғы жылы қанша, келесі жылдары қанша гектар жерге көкөніс бақша егеді, содан кейін оны қалай сақтау керек, осы мәселелер төңірегінде жұмыстанатын боламыз. 3950 гектарға алдыңғы жылы картоп өнімдері егілген болатын. Орташа өніммен 57 тоннадан астам картоп өнімдерін алдық деген ақпарат бар. Біздің Батыс Қазақстан халқының тұтыну есептерін шығарған уақытта 64-65 тонна ғана бізге керек екен. Бүгінгі күнде нарықта картоптың бағасы шарықтап тұр. Және өзге облыстан немесе шекаралас Ресей федерациясынан келіп жатыр. Сонда біздің 57 мың картобымыз қайда кетіп қалды. Яғни ондай картоп жоқ. Демек, ондай картоп болмаған деген сөз. Болғанның өзінде қыркүйек айында тікелей сатып жіберген. Ал біз кәсіпкерлерімізге жел телімдерін береміз, олар мемлекеттен берілген жеңілдіктің барлығын алады. Бірақ сатқан уақытта сенен ақыл сұрамайды. Тікелей сатып жібереді. Осыдан келіп өзімізді өзіміз неге қамтымаймыз деген ой туады. Кеңестік дәуір уақытында Орал қаласын түгелімен іргесіндегі аудандар қамтып отырды. Әрбір округтер мен аудандардың маңында сүт өндейтін зауыт болды. Сол кезде шаруашылықта қарқынды дамыды. Олар арқылы облыс халқын қамтамасыз етіп отырды. Биылғы жылдан бастап, мемлекеттен қаралып отырған шаралардың бірі ауыл шаруашылық минстірлігінде мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Президент өзінің тапсырмасын берді. Ауылшаруашылық министрінің өзі наурыз айының соңы немесе сәуір айының ортасына дейін жаңа бағдарламаларын ұсынатын болады. Сіздермен келісу арқылы аудандарда сарапталып кәсіпкерлермен қоса шаруа қожалықтарынан жинақталған ұсыныстарымызды беретін боламыз. Болашақта ауылшаруашылық саласы бойынша әрбір округ немен айналысады, қалай болады, ол жөнінде кезең-кезеңімен бақылауға алатын боламыз. Аудан әкімінің араласуымен оң шешімін табатын құжаттар дайындалуы қажет. Ауыл әкімдеріне айтарым, жеке кәсіпкерлермен, қожалық жетекшілерімен бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Сол кезде мемлекеттен қолдау да, көмек те болады»,- деп сөзін түйіндеді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Әрі қарай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов, ІІ Шежін ауылдық округ әкімі Алғадай Жамбыл баяндама жасады. Семинар барысында ауылдық округ әкімдері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Темірболат Тоқмамбетов,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz