4.02.2022, 9:30
Оқылды: 53

Көпшіліктің көз алдында болу керек

Оралдағы Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңеске облыстық  Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Жиынды ашқан қоғамдық келісім кеңесінің басшысы Медхат Қамбетов елдегі саяси жағдай туралы айта келіп, «Жаңа Қазақстан» үшін ассамблея не істей алады?» деген мәселеге тоқталды. 

1393384e-4808-4ad0-9f29-1c50496cfe3c 

-Биылғы қаңтар оқиғасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс шешім қабылдады. Ең бастысы – тәуелсіздігімізді сақтап қалды. Қазір елдегі жағдай тұрақтанып, қалыпқа келді. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясы, Қазақстан халқының ассамблеясы неге керек?» деген әңгімелер айтылуда. Соңғы жылдары пандемияға қарамастан, облыстық ассамблея біраз жұмыстар атқарды. Бірақ орындалған жұмысты жариялап, жарнамалай бермейміз. Қайсыбіреулер «Ассамблея ештеңе бітіріп жатқан жоқ, бюджеттің қаржысын босқа рәсуа етіп жатыр» деп ойлайды. Ассамблеяның дамуына бір тиын да жұмсалып жатпағанына өздеріңіз куәсіздер. Қаржы қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық шараларға жұмсалуда. Қазақстанның әр азаматы елдің дамуы мен өркендеуі жолында өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстан халқына» қоры ашылды. Жекелеген адамдар аталған қорға миллиондап, миллиардтап қаржы аударуда. Біздің облыстағы кәсіпкерлер, меценаттар да бұдан тыс қалмайды. Қаңтарда Алматыда және басқа қалаларда, өзіміздің Ақсайда болған оқиғалар ассамблея мүшелеріне қатты әсер етіп, белгілі бір ой түйіндеуге жетелейді. «Тәуелсіздік тек қазақ халқына қажет болды ма?» деген әңгімелер де шығып жатыр. Сіздердің осы тұрғыда айтарыңыз бар деп ойлаймын. Бұл арада ақталмай, бұдан әрі не істеу қажеттігіне жоспар құрып, жүйелі түрде жұмыс істеуге тиіспіз, – деді Медхат Мұсаұлы өз сөзінде.

Кеңесте «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов ассам­блея мүшелері елімізде орын алған су тасқыны, өрт, жарылыс сияқты трагедиялық оқиғалардың және мұқтаж отбасыларға арналған  қайырымдылық шараларының үнемі басы-қасында жүретінін, ассамблеяға мүше болып саналатын жекелеген кәсіпкерлер маңдай терін төгіп тапқан қаржысын облыс аумағында тұратын көмекке ділгір азаматтардың қажетіне қайтарымсыз, еш өкінбестен беретінін айтты.

– Ассамблея туралы ғайбат сөз қозғайтындар аз, ал біз бақытымызға орай көппіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы тұңғыш Президенттің еңбегін бекерге шығармау туралы түсінген жанның санасына жететіндей етіп айтты. Сынауға бәріміз шеберміз. Дегенмен тұңғыш Президенттің тұсында қыруар істер атқарылғанын да жоққа шығармайық. Ассамблея мемлекеттің ақшасын емес, халықтың мұқтаж тобына өз қаражатын шығарып жатқанын жұртшылыққа түсіндіруіміз керек, – деді ол.

– Президент Парламенттің, саяси партиялардың рөлін күшейту жайында бірқатар ауқымды әңгіме қозғады. Бұған ассамблея да үлес қосуы керек. Біздің облыста қандай қордаланған мәселелер бар, ұлтаралық қатынаста, экологияда, орта және шағын бизнестің дамуында шешуді қажет ететін қандай түйткілдер орын алған, бұған қандай ұйғарым қабылдау қажеттігін ғылыми жағынан талдап, соның негізінде облыс әкімдігіне ұсыну керек. Ассамблея бұрын биліктің бастамасын қолдаса, енді өткір саяси мәселелерді шешуге ашық араласқаны жөн. Оған ғылыми жағынан көмек көрсетуге дайынбыз, – деді М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың кафедра меңгерушісі Тұрар Шайхиев.

Жиында «Хаймат» неміс этнобірлестік төрағасы Геннадий Франк облыстық ассамблея мүшелерінің әлеуметтік саладағы комиссиялардың да, қоғамдық құрылымдардың да құрамына мүше болып енгізілмейтінін, осыдан келіп, олардың қоғамдық пікірдің назарына ілігетініне қынжылыс білдірді.

– Облыстық ассамблея марапат, сыйлық таратушыға айналып кеткендей әсер береді. Ассамблея мүшелері бір орында отыра бермей, аутобуспен аз ұлттар тұратын Қаратөбе сияқты шалғай аудандарға ат басын бұруы керек. Себебі аталған аудандағы кейбір адамдардың ассамблея туралы мәліметі мардымсыз. Сондықтан ассамблеяның қызметін оларға жан-жақты түсіндіріп, насихаттаған жөн. Сондай-ақ облысты мекендейтін ұлттар туралы лекция оқып, концерттер ұйымдастыру керек. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде құрамында аудандық партия, денсаулық сақтау, мәдениет бөлімі, тұрмыстық қамту комбинатының қызметкерлері бар үгіт бригадасы алыс елді мекендерге шығып, ондағы малшы-шопандарға қоғамдық, тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени-көпшілік қызметтер көрсететін еді. Бұл, әрине, тың жаңалық болмас.

Дегенмен ассамблея мүшелері де жұртшылықтың көз алдында болып, біздің нендей жұмыстармен айналысатынымызды білуі шарт, – деді қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Қадырболат Абдушев. Жиында, сондай-ақ қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Қанат Оразғалиев Президенттің саясатын қолдау қажеттігін айта келіп, тек бір партияның мүддесін емес, барлық партиялардың да алға қойған мақсатын қуаттау керектігін жеткізді.

– Кей жерлерде сайлаудың дұрыс өтпейтінін естіп жатамыз. Мәселен, өткенде  болған жергілікті әкімнің сайлауында «Ауыл» партиясы көп дауыс ала тұрса да, жеңісті «Nur Otan» партиясына берген. Бұл жұртшылықтың келіспеушілігін тудырады. Сол сияқты жалақы, зейнетақы өссе, күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдары қымбаттап шыға келеді. Осындай келеңсіз жайттарға байланысты ассамблея мүшелері  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі керек, – деді ол. Ал «Ассамблея жастары» бірлестігінің жетекшісі Дулат Мақатов аталған бірлестік түрлі бастамалардан, игі шаралардан тыс қалмайтынын, алайда үлкен форумдар өткізу,  аудандарға шығу үшін қаражаттың жоқтығын алға тартты.

БҚО халқы ассамблеясының  кезекті кеңейтілген кеңесінде аталған құрылымның 2022 жылдың бірінші тоқсанына арналған жұмыcы  талқыланып, бекітілді.

 Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале