Орал қаласындағы аутокөліктер жүретін 615 және жаяу жүргіншілерге арналған 363 шақырым жолдар мен тротуарларды жыл-он екі ай күтіп ұстау оңай шаруа емес. Ал осынау қауырт жұмыс – «Жайық таза қала» ЖШС-на жүктелген.
750 жұмысшы – қызметкер еңбек ететін кәсіпорынның иелігінде түрлі ныспылы 180 техника бар. Соның 80-і соңғы үш жылда жаңадан сатып алынған.
Серіктестіктегілер қысқы маусым басталғалы екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен. Кәсіпорын директоры Ринат Нұрғалиевтің айтуынша, күндізгі ауысымға 495 жұмысшы мен жүргізуші және 250 техника, ал түнгі ауысымға сәйкесінше 200-150 адам мен техника жұмылдырылуда. 30 бригаданың әрқайсысына учаскелер бекітілген. Олар аутокөлік жолдарын тазаласа, бес мобильді топ жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға тырысуда. Әр мобильді топ құрамында 15-20 адам бар.
– Осы кәсіпорында еңбек етіп жүргеніме 10 жылға аяқ басты. Мына көлікті тізгіндегеніме де жеті жыл. Қазіргі полигон қашықтау. Күніне алты-жеті рейс жасаймын. Жұмыс қалыпты, жалақыға да өкпе жоқ. Тек, тұрғындар жеке көліктерін жолдың жиегіне қойып кетіп, кедергі келтіретіні болмаса, - дейді «КамАЗ» жүргізушісі Серікқали Атауов (суретте).
Полигон демекші, биыл қаладан шығарылатын қарды төгу үшін төрт жерден арнайы орын белгіленіпті. «Телеорталық» маңындағы арнайы орын таяуда жүз тоқсан бес мың текше метр қар үйіндісіне толған. Қазіргі таңда қаладан шығарылған қар «Ел ырысы» базарының маңындағы «Асан» карьерасына, Зашаған кентіндегі «Балауса» шағынауданының шеті мен «Чкалов» аутотұрағы маңындағы арнайы орындарға тасымалдануда.
Былтырғы маусымда Орал қаласынан 696 мың текше метр қар шығарылса, биылғы көрсеткіш әзірге 418 мың.
– Менің бригадамда он екі адам бар. Жұмысқа арнайы көлікпен қатынаймыз. Ас-ауқатымызды да жылы көлікте отырып ішеміз. Күнделікті өзімізге тапсырылған меже үдесінен шығып жүрміз, - дейді осы мекемеде жиырма жылдан бері жұмыс істеп жүрген Еркебай Қазиев.
Кәсіпорын қызметкерлері көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында да жұмыстануда. Мәселен, «2-ші жұмысшы», «Ет комбинаты», «Ескі әуежай», «Жұлдыз» шағынаудандары мен жеке секторларда жұмыс қауырт. Ақпанның 10 жұлдызынан кейін арық жүйелерін тазалау жұмыстары да басталмақ.
Серіктестік басшысы айтқанындай, көпқабатты үй тұрғындарынан шағым көп түседі екен. Негізі, көп қабатты үйлердің аула тазалығына пәтер иелері кооперативтері жауап береді. Тұрғындар өз аулаларындағы қарды тазалап, жол жиегіне үйіп қоюлары тиіс. Ал 109 нөміріне хабарласып, «Aı-kómek» орталығына өтініш түсірген жандарға «Жайық таза қала» ЖШС көмек беруге әр кез дайын.
Аманжол Исламғали,
Сырымбек Жәрдемұлы,
zhaikpress.kz