7.02.2022, 9:50
Оқылды: 113

Осындай азамат болған

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде.  Алайда білікті мамандардың жетіспеуінен шаруашылықтардың жұмыстары  қарыштап дами алмай отырғаны ақиқат. Мал ұстап, егіс салатын шаруа қожалықтарының  агроном, ветеринар, зоотехник сынды  білікті мамандық иелерінсіз істерінің  оңға басуы екіталай.  

IMG-20220207-WA0022

Жақында еліміздің батыс өңірінде  мал дәрігері мамандығын алған  жастардың ауылдық жерлерге

қызметке баруға ынтасы жоқ екенін  оқып, терең ойға қалдым. Өйткені ветеринар болмаса, малдың жұқпалы аурулары  белең алып, ауыл шаруашылығы саласы құлдырайды. Сонымен қатар кейбір  аса жұқпалы аурудың малдан адамдарға жұғуы ықтимал.

Елуді еңсерген алдыңғы буын өкілдерінен естуімше, бұрынғы кезеңде мұндай мамандық иелеріне сұраныс та, құрмет те ерекше болған. Осы орайда өткен ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында СОКП XXII cиезі атындағы кеңшардың  бас мал дәрігері қызметін абыроймен атқарып, тәжірибелі маман ретінде тың бастамаларымен  аудан көлеміне танылған марқұм Ғабділкәрім ата Құлмұханов туралы сыр шертпекпін. Ол 1937 жылы 16 қазанда Қаратөбе ауылында дүниеге келді. Әкесі 1941 жылы Отан соғысына аттанып, кейін қан майданнан жараланып оралды. Кейіпкеріміз балалық шағында сол кездегі ұл-қыздар секілді ауыр тауқыметті көріп өсті. 1954 жылы мектепті үздік бітіріп, Ресейдің Орынбор қаласына оқуға барады. 1959 жы­лы Орынбор қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын мал дәрігері мамандығы бойынша аяқтайды. Еңбек жолын 1959-1964  жылдары «Бұлдырты» кеңшарында бастаған. 1965-1976 жылдар аралығында Қаратөбе ауданының  Егіндікөл, Жігерлен ауылдарында мал дәрігерлік қызмет атқарған, 1976-1978 жылдары «Қаратөбе» совхозында ұсақ малды емдеу-оңалту орталығының жетекшісі болады. 1978 жылы КОКП XXII cиезі атындағы кеңшардың малын емдеу-сауықтыру орталығының меңгерушісі қызметіне ауыстырды. Өз мамандығын адал атқаруымен қатар ветеринария саласы бойынша терең білімділігін ескерген аудандық партия комитеті 1980 жылы сол кеңшардың бас дәрігері қызметіне тағайындайды. Ал кеңшар директоры Т. Тәжібеков  көп балалы шаңырақ иесі Ғабділкәрімге жаңа тұрғын үймен және жұмысын оңтайлы жүргізу үшін қызметтік «УАЗ» аутокөлігін беріп, қолдан келген көмекті аянып қалмады. Ветеринария саласының негізін қалаушы академик Константин Скрябиннің «Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты тұжырым бар ғой. Өте дәл айтқан. Өйткені малдың өнімін тұтынбайтын халық некен-саяқ. Кейіпкеріміз кеңшарға келместен бұрын онда жылына малдан 3000-3500 бастай шығын болып тұрыпты. Ғабділкәрім Құлмұхановтың шаруашылыққа келуімен малға жүйелі түрде емдік шаралар жүргізіліп, сақман кездеріндегі түн ұйқысын төрт бөліп, тынымсыз атқарған  жұмыстардың нәтижесінде мал шығынына тоқтау салынған.  Адамға демалыс заңды түрде берілгенімен, төрт түлік малдың мүлгімейтіні белгілі. Сондықтан  мал маманы жыл-он екі айдағы аязға, жауынға, боранға, ыстыққа қарамастан тынымсыз еңбектенеді. Ол кезде мал ауруының алдын алу шаралары негізінен көктемде және күз мезгілінде жүргізіледі. Қалған кездерде ауру малды сауықтыру, паразиттік құрттармен күрес және дезинфекциялық шаралары  жүреді. Жұмыстың көптігі сондай еңбек демалысын тек қыс мезгілінде  алатын. Мал дәрігері таң атысымен қасына көмекшілерін ертіп қырдағы мал қыстақтарын аралайтын. Еркіндікте жүріп жартылай жабайыланған мыңдаған ірі қара немесе ұсақ мал ішінен ауру жануарларды тауып ұстау,  емін жүргізу, сырға салу, қан алу оңай шаруа емес екені айдан анық. Алынған қанды жүйелеп, санитарлық талаптарға сәйкес сақтап зертханаға тапсыру, қорытындысын алу қаншама машақатты жұмыс десеңші. Ірі қара малы арасындағы бруцеллез, ұсақ мал арасындағы тентек, жұмырқұрт аурулары жойылды. Жұмырқұрт ауруы қозыларда жиі кездесетін болғандықтан, алдын ала 4-5 рет егу шарасы өткізілетін. Осындай жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтиже­сінде қоғамдық мал арасындағы орынсыз шығын азайған. 1991 жылы кеңшарда 1600 ірі қара, 25 мың қой, 300 жылқы есепте болған. Кеңшарға қарасты Жаңабаз нүктесінде ірі қара малы, №3 Жетікөл нүктесінде ұсақ мал семіртілген. Емдік шаралардың уақтылы жүргізілуі арқасында  ет комбинатына  1200 центнер ет жөнелтілген. Тапсырылған ірі қараның  орташа салмағы – 400, ал қой 43 келіден тартқан. Мал басын аман сақтап, жоғары көрсеткіштерге жеткен Ғабекең жұбайы, батыр ана Роза Батырғалиева екеуі 10 ба­ла тәрбиелеп, барлығын жоғары және арнайы оқу орындарында оқытты. Абыройы жоғары болғандықтан ауыл халқының ұсынысымен аудандық сотта қоғамдық негізде халық бағалаушысы қызметін атқарып, жазықсыз жәбірленгендерге қатысты әділ шешімдердің қабылдануына ықпал жасады. Ветеринар атамыз көптеген ветеринарлық қызметкердің ұстазы болды. Ерен еңбегі үшін бірнеше медаль, алғысхаттармен марапатталды. Өз ауылының қадірменді азаматтарының бірі, қазақ тілді басылымдарды көп оқитын әрі жанашыры болатын, қоғамдық және жеке тұрғындардың малының  қырағы сақшысы, үлкен шаңырақ иесі 2008 жылы өмірден өткен Ғабділкәрім Құлмұханов атамыз осындай еңбекқор, білім-білігі мықты жан болып еді.

Асылай Қанатқызы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале