Тарихи мекен Жаңақала жерінен төрт бірдей Кеңес Одағынан батыр шыққан. Соның бірі – Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүнісов 1917 жылы 21 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында шопандар отбасында дүниеге келген. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін алғашқыда әкесіне көмекші болып, сосын өз алдына отар алған.
1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан бастап қатысқан. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ ол ерлігімен көзге түсіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1943 жылғы қыркүйек айында Мәжит Жүнісов бастаған біртоп жауынгер қарсыластар тылына өтіп, жаудың полк штабын гранатамен атқылап, фашистердің 25-тен астам солдаты мен офицерін құртқан.
Жүнісов бастаған автоматшылар тобы осы тапсырманы орындап қайтар жолда жау тобын қолға түсірген. Берілген тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін бөлімше командирі М.Жүнісовті ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттаған. Топчино үшін болған тағы бір шайқаста М.Жүнісов бастаған бөлімше құрамы фашистердің 30-дан астам солдаты мен офицерін жер жастандырып, әскери жарақтармен радиостанция тиеген 15 техникасын қолға түсіргені үшін бөлімше командирі «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
М.Жүнісовтің шеберлігі күн санап шыңдала түседі. 1943 жылы қыркүйектің 26-нан 27-не қараған түні 845-атқыштар полкінің автоматшылар ротасының старшинасы М.Жүнісов бастаған топ Червонное селосы (қазіргі Днепропетровск қаласы) маңында қарапайым құралдармен Днепр өзенінен өтеді. Оның жеңіске деген қажыр-қайраты мен табандылығы осы операция кезінде де өз бағасын алған болатын. Ол бастаған взвод жау тылына білдіртпей өтіп, дұшпанның екі взвод солдатын құртудың нәтижесінде Днепр өзенінің оңтүстік жағалауына негізгі құрам өтуін де қамтамасыз еткен. Ержүрек жерлесіміз Мәжит Жүнісов осы кезеңде көрсеткен тапқырлығы мен табандылығы үшін 1943 жылғы 20 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры атанып, Ленин орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Талапты да табанды жерлесіміз ұлы Жеңіске жету жолында жанқиярлықпен күресе жүріп, Батысқа қарай жақындай берген. Өкінішке орай бұл қуанышты күнге жете алмай кетті.Ұлы Жеңіске дәл бір ай қалғанда 1945 жылы 9 сәуір күні М.Жүнісов Чехославакияның астанасы Прага қаласын фашистерден азат ету жолында ерлікпен қаза тапты. Оның денесі Кеңес әскерлерінің Ольшинск бауырластар бейітінде жерленген. Оның басына гарнитке ойылып есімі жазылды. Батырдың туған жерінде оның атындағы типтік үлгідегі орта мектеп, есімімен аталатын көше, Жаңақазан ауылында ескерткіш орнатылды.
Жылдар өтеді, ұрпақтар ауысады. Бірақ, еліміздің тәуелсіздігі үшін қан төгіп,зұлым жаумен күрескен, жауды өз ошағында талқандаған аяулы ерлер есімі, олардың асқақ ерліктері тарих бетінен мәңгі өшпейді. Даңқты жерлесіміз Мәжит Жүнісов есімі де ел жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз...
Сымбат Рысқалиева,
Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейінің меңгерушісі