Сонау сұрапыл соғыстан кейін дүниеге келген толқындар кемеңгер жазушы, ұлы ойшыл Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «Отақтан қалған тұқылдай, ойраннан қалған тұқымдай, өртенге өнген алшындай» еді ғой. Солардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, мемлекеттік қызметтің майталманы Төлеген Тастайұлы Мерғалиев еді. Арамызда жүрсе, Төкең осы ақпан айының басында 75 жасқа толар еді.
Амал не...
«Дүние шексіз, өмір шекті» дегендей, тағдыр Төкеңе бұл күнін көруді жазбады. Кемеліне келіп, кемерінен асқан шағында бақи ғұмырдың мәңгілікке қонағы болды.
Төлеген Тастайұлы – жалпақ Нарынның етегінде, атасы мен әжесінің тілегінде жарық дүниенің есігін ашқан перзент еді.
Атасы Мерғали - қара темірдің өзін қиыннан қиыстырған ұста болған. Әжесі Дәметкен – діни білімі мол, сауатты, ағайын-туысқа, көрші-көлемге жайлы, зерек жан екен.
Жиырмаға толар толмастан майданға аттанған ұлдары Тастай сұрапыл соғыстан ауыр жарақат алып келіп, оның орнына алынған Тасмұқаннан қаралы хабар алып, белдері бүгіліп, қабырғалары қайысып жүргенде Тастайдан көрінген немерелерінің есімін кеткен есенің, шыққан шығынның төлеуі болсын деп Төлеген атапты.
Тастай аға мен Ләтипа апа кейін «Бірлік» кеңшарының аймағында ұстаздық қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққанша Сакко (қазіргі №2 Жаңақала) орта мектебінде еңбек етті.
«Болар бала бесігінде бұлқынады» дегендей, бала Төлеген орнықты мінезі, ойлы сөздерімен ауылдастарының назарын өзіне ертерек аударған екен.
Бала болып алысып-жұлыспай, алқынып-жұлқынбай, үнемі мұнтаздай болып жүретін шәкірт баланы ұстаздары да, ауылдың үлкендері де қатарластарына үлгі етеді екен. Кейін С. М. Киров атындағы мектепте ұзақ жылдар қатар оқып, бірге еңбек еткен Серік Сүндетқалиев ағамыз «Төкең мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ салмақты, орнықты болды. Сабағын орындап болғаннан кейін үй жанындағы орындықта отырып демалатын. Ойын-сауыққа да бара бермейтін» деп еске алады. «Адам – тәрбиенің жемісі» деп Гете данышпан айтқандай, қос ұстаздың ұясынан ұшқан Төкең де мұғалімдік мамандықты қалап, Орал қаласынан А. С. Пушкин атындағы педагогикалық иститутының физика-математика факультетін тәмамдап, еңбек жолын Бірлік ауылының Сакко атындағы орта мектебінде физика пәнінің мұғалімдігінен бастады.
Төлеген Тастайұлы туралы өзінің көзі тірісінде екі кітап, өмірден өткен соң естеліктер жинағы жарық көрді. Сондықтан Төкеңнің өмірбаянымен, еңбек жолымен оқырмандарымыздың мейлінше қанық екенін ескеріп, оны тізбектей беруді жөн санамадық.
Бір айта кетерлік жәй, Төлеген Тастайұлының мемлекеттік қызметте қалыптасуына көрнекті қоғам қайраткерлері – Социалистік Еңбек Ері К. Мендалиев, С. Сапаров, Ә. Нұрғалиев сынды ағаларының ықпалы аз болмады. Оны Төкеңнің өзі де ұдайы айтып отыратын еді.
Төлеген Тастайұлының басшылық қызметі мен іскерлік, ұйымдастырушылық талантының жарқырай ашылған кезеңі – аудан басқарған жылдары дер едім.
Несін айтасыз, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңі ол басқарған ауданды айналып өткен жоқ. «Таңғы ас тәңірден» деп отырған жұршылықтың барар жері де, басар тауы да аудан әкімдігі еді. Күніне қабылдауға келетін 30-40 адамның бәрінің де көңілін тауып, қайсыбірінің көз жасын өз қолымен сүрткеніне өзіміз куә болдық. Бірде Жуалы ой елді-мекенінен қабылдауға орта жастағы әйел адам келді. Көз жасын көлдетіп отырып, жағдайын айтты. Төкең тиісті жерлерге қоңырау соқты да «Ал енді немен қайтпақшысың?» деді. «Аға рахмет, қайтуға көлік бар» деген азаматшаға «Ол сені әншейін апармайды ғой. Оған беретін ақшаңа балаларыңа қажетін ал, мынаны жолыңа төле» деп әмиянынан ақша шығарып бергенін көзіммен көрдім.
Сол бір қиын-қыстау кезеңде ауыл шаруашылығын жекешелендіру мәселесі ауданда оңтайлы өтті. Оған, әрине, Ғ. Карменов, Ж. Семенов, Қ. Жайымов, С. Сүндетқалиев, С. Хайырбеков, Н. Бекмашев, Қ. Ешімов сынды азаматтар белсене атсалысты. Ақиқатын айтсақ, бұл бағытта орасан зор жұмыстар атқарылды. Аудан көлемінде серіктестіктер мен шаруа қожалықтары құрылып, бұрын-соңды болмаған ұжымдық шаруашылықтар өмірге келді. Ал өз үлесімен жеке шаруашылығын жүргізбекші болғандарға да қысым жасалған жоқ. Оларға жер, шаруашылықтан тиісті үлестері берілді.
Сол бір басына тартса, аяғына, аяғына тартса, басына жетпейтін кезеңде Төкең барлық ауылдық округ орталықтары мен елді мекендерге көгілдір отын жүргізу мәселесін тиянақты түрде қамтамасыз етті. Ірі елді мекендерге «Струя» қондырғысы арқылы таза су берілді. Бұл істе де Төлеген Тастайұлына Н. Қарағойшин, С. Қажығали сынды азаматтар тірек болды.
Ауданның сан қырлы әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-көпшілік шараларын жүргізуде Төкеңе өзінің бала кезден бірге өскен досы Ұ. Рахматуллин сенімді серік болды.
Төлеген Тастайұлы ауданның бірінші басшысы ретінде кадрлық жүйені қалыптастыруға орасан зор көңіл бөлді. Әкімдер корпусын құрып, оны кезең-кезеңімен жас толқындармен алмастырып отырды. Оған жәй ғана мысал келтірсек, кәсіпкерлік салада қызметін бастап жатырған Е. Салықовты, шаруашылық бағытында жүрген Н. Қарағойшинді, әкімдік аппаратында отырған осы жолдардың авторын өзіне орынбасар етіп тағайындады. Сондай-ақ қолынан іс келетін Б. Досмағамбетов, Ш. Әбуғали, Н. Мақатов, Н. Мырзақұлов, Ө. Ақбасов, Қ. Жайымов сияқты мамандарды әр салаға басшы етіп тағайындады. Сонымен бірге Ж. Семенов, А. Апақаев, Е. Меңдібаев, А. Дәулетов секілді мамандар да Төкеңнің назарынан тыс қалмады. Айта берсек, бұл тізім созыла бермек.
«Десем де дағы аттың үстінде көктедің. Оңай болды деп айта алмаймын өмір-өткелің» деп ақын інісі жырлағандай Төлеген Тастайұлының жолы оқтай түзу, тақтайдай түзу болды деп айтудан аулақпыз.
Ұзын-сонар еңбек жолында алынбастай асулар да, өзекті өртер өткелдер де аз кездеспеді. Соның бірі – өңірде отыз жылдан кейін қайырылып соққан 1994 жылғы су тасқыны еді. Тілсіз жау ауданның оңтүстік аймағындағы 6 ауылға тікелей қатер төндірді. Сол кезде тек ауданның атқа мінерлері емес, оңтүстік бөткейдің қолы күрек көтерер баласы мен еңкейген кәрісіне шейін табиғат апатымен арпалысып, қауіптің бетін қайтарды. Әрине, мұндай шақтарда салмақтың қашан да бірінші басшыға түсетіні белгілі. Төлеген Тастайұлы ауданның төтенше жағдай жөніндегі штабын басқарып, өз серіктерін апатты аймақтағы ауылдарға бекітіп, бүкіл ауданның күштік құрылымдарын жұмылдырып, облыстан көмек шақырып, бірнеше түндерді көз ілместен өткізіп, халықтың ортасында жүрді.
Су тасқыны көршілес Жалпақтал ауданын да қиын жағдайға қалдырды. Аудан басшысы бұдан құтылудың бірден-бір амалы - Айдархан су қоймасындағы гидро құрылғыны бұзу деп шешім қабылдайды. Мұны естіген Төлеген Тастайұлы серіктерімен шұғыл оқиға орнына аттанады. Сол кездегі көріністі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Маючий былай деп суреттейді. «Мне пришлось срочно, на вертолете, вылетать на место для решения конфликта. После прибытия на место я увидел такую картину. Тулеген Тастаевич сидит на сооружении, на взрывчатке и говорит: «Взрывайте вместе со мной. Я не допущу затопления района». Мұны енді ерлік демей не дерсің. Осыдан кейін Төлеген ағамыздың қоп-қою бұйра шашының сұйылғанын көзіміз көрді.
«Анау жоқ, мынау жетпейді» деп жүрген кездің өзінде Төлеген Тастайұлы Президенттің 100 мектеп бағдарламасы бойынша аудан орталығына 360 орындық қазақ мектебінің салынуына күш салып, одан да қиын кезеңде құм қойнауындағы Мұқыр ауылына 108 орындық мектеп салуға тікелей өзі араласты.
Облыстың оңтүстік өңірінің тұрғындары жарты ғасыр бойы КапустинЯр-Азғыр ядролық сынақ полигонының зардабын тартып келгені жасырын емес. Бұл аймақта мүгедек, жарымжан адамдардың, өмірге кемтар болып келетін сәбилердің саны жыл сайын арта түсті. Осы зауалдың залалын жеңілдету, қайткенде де аймақ тұрғындарына жәрдем беру Төкеңнің де көкейінде жүрген мәселе еді. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы дәл келді» дегендей, белгілі қоғам қайраткері, «Нарын» қозғалысының жетекшісі Кәкен аға Көбейсінов халықтың ойында жүрген көкейкесті мәселені тік көтеріп алып кетті.
Ардагер аға әртүрлі басылымдарға мақалалар жазып, әр аймақтан ғалымдарды шақырып, ақыры өзі көтерген мәселені Парламентке шығарып, Президентке дәлелдеп, мақсатына жетті. Сол кезде Кәкен ағаны қолдаған бірден-бір адам – Төлеген Тастайұлы болды. Төкең қолындағы бар деректерді Кәкен ағаға беріп, қоғам қайраткерінің Парламентте сөйлеуіне, Президенттің қабылдауында болуына жолын ашып берді. Соның нәтижесінде аймақ тұрғындары үшін емдеу-сауықтыру орталығын салу жөнінде Үкіметтік деңгейде шешім қабылданды. Енді сол орталықты қай өңірге салу жөнінде талас туды. Әртүрлі болжам-пікірлер айтылды. Баспасөзде әртүрлі қисынды-қисынсыз пікірлер жарияланды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бұл мәселеге де Төкеңнің «шешініп» кірісуіне тура келді. Талай табалдырық атталды, талай есік қағылды, ақыры емдеу-оңалту орталығы Жаңақаладан салынып, оның тұсауы 2009 жылғы 29 қарашада кесілді. Жүз орындық емдеу-сауықтыру орталығы содан бері жақын-шалғай мекендердің адамдарына мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Әрине, мұның бәрі елмен біте қайнасып, халықпен қоян-қолтық істеген жұмыстардың жемісі. Төкеңнің өзі де кейінгіге үлгі етіп, әр сөзінде халықтың мәртебесін асқақтатып отырушы еді.
Төлеген Тастайұлы жарты ғасырға жуық еңбек жолында еліміздің небір жайсаңдары мен жақсыларына серік болды, қатар қызмет атқарды. Енді солардың пікірлеріне кезек берсек: Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Н. Есқалиев «Төлеген менің сенімімді толық ақтады. Әкімдік қызметте жүріп, өзінің де, ауданның да абыройын асқақтатты. Ең бастысы, халқының құрметіне бөленді». Мемлекет және қоғам қайраткері Қ. Көшербаев: «Төлеген Тастайұлы – ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен, көргендігі мол азамат еді.
Сонысымен де маған жақын болды» десе, мемлекет және қоғам қайраткері Б. Ізмұхамбетов «Елінің ер тұлғалы азаматы» деп бағалады. Ал ғұмырларында араларынан қыл өтпеген досы А. Есенғалиев: «Төлеген Тастайұлы Мерғалиев – облыс тарихында ерекше орны бар ардагер азамат» деп сүйсінеді. Төкең жөніндегі мұндай жылы лебіздер жетіп артылады.
Мемлекет те Төлеген Тастайұлының еңбегін жоғары бағалады. Еселі еңбек Құрмет, Парасат ордендерімен атап өтілді.
Қазір жұрт аузында «Елім маған не берді деме, мен еліме не бердім» деген тәмсіл жүр. Зымыраған уақыт, көзді ашып жұмғанша Төлеген Тастайұлының арамыздан кеткеніне де бес жылдың жүзі болыпты. Одан бері де талай жел соқты, су ақты, қоғам өзгерді, ел жаңарды. Бірақ бір нәрсе ақиқат – еліне ет жүрегін жұлып беретін, ар жолынан таймайтын тұлғалардың ісі ешқашан да өшпек емес.
Туған жеріне кіндігінен байланып, бар тілегі елінің үстінде болып, бар білімі мен тәжірибесін, күш-қайратын елінің игілігіне жұмсаған азаматқа халқы да қарыздар болып қалмас.
Осы орайда жергілікті атқарушы және өкілетті құрылымдар еңбегі ерен, абыройы асқақ азаматты ел есінде қалдырар шараларды қолға алса дейміз.
Бұл пікірлер мерзімі жағынан Қазақстан Республикасының ономастика туралы заңының талаптарына да сәйкес келеді.
Қазақта «Орнында бар оңалар» деген қанатты сөз бар. Төлеген ағамыз жұбайы Дина апаймен бірге екі ұл, бір қыз өсіріп, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, көпке үлгі етерліктей отбасы болды. Немере-жиендерінің қуанышын көріп, шаттығына бөленді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей, халқы сүйген тұлға естелік болып айтылады, ескерткіш болып сақталады. Бар өмірін халқына қызмет етуге арнаған тау тұлғаның аптал істері, жарқын бейнесі ел-жұртымен бірге жасай бермек.
Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі