Өңірімізде қоян шаруашылығымен айналысатындар некен-саяқ. Алайда қоян асырап, жақындарына қоянның пісірілген дәмді етін ұсынып, ұл-қыздарын еңбекке баулып отырғандар да бар. Солардың бірі – Аман Бекқалиев.
Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аман Бекқалиев қоян асырауды 2017 жылы қыркүйек айында бастаған. Содан бері біраз тәжірибе жинап, қоян өсірудің қыр-сырын меңгерді. Біз Жаңақала ауданы орталығында тұратын Аман Ғабиденұлымен байланысқа шығып, қоян жайлы біраз ақпаратқа қанықтық.
– Үлкен қызымның ас қорыту жүйесі нашарлап, қойдың етін жесе, ауырып қалатынды шығарды. Қыста сиыр, жылқы етін жегенмен, жазда қой етін жеу қызым үшін қиынға соқты. Бір күні қоян еті жеңіл әрі тез қорытылады дегенді ғаламтор беттерінен оқып қалдым. Ойлана келе, қоянның екі аналығы мен бір аталығын алып келіп, тор жасап, асырай бастадым, – деп Аман Ғабиденұлы әңгімеге кірісті. – Содан қыздарым үшін қызық басталды. Күнде менің қасымда жүріп, қояндарға жем-шөбін апарып, сәбіз, картоп, кейде орамжапырақ береді. Су береді. Қояндардың тамақ жегенін қызықтап, қарап отырады. Осылайша балаларымның бойында еңбекке деген құлшыныс пайда болды.
Қояндарды қоректендіру – қыздарымның міндеті. Қояндардың көжектегені де қызыққа толы. Балалардың жануарлармен байланысы мейірімділікке, еңбекқорлыққа ұласқанын байқадым. Бірте-бірте қояндар көбейе бастады. Өздері тез көбейеді. Аналығы орта есеппен сегіз көжек табады. Көжектері сондай сүйкімді! Әсіресе, ақ көжектер. Қоян саны көбейгесін, әдейі тереңдігі екі метр ұра қазып, жан-жағын қымтап, қояндарды сол ұраның ішіне жібердім.
Олар дереу бір бүйірден ін қазып, ұя жасап алды. Жазда қоңыр салқын, қыста жылы. Өздеріне қолайлы жағдай жасап алған қояндар одан сайын көбейді. Содан кейін қояндарды бейнекамераға түсіріп, оларды бағып-баптаудың қыр-сырын, яғни өз тәжірибеммен youtube бейнехостингінде бөлісе бастадым, – дейді екі қыз тәрбиелеп отырған Аман Бекқалиев.
Қазіргі таңда Аман Ғабиденұлының youtube арнасына 4700-ден астам адам тіркелген. Кейінгі кездері бейнеролик түсіріп, оларды арнаға жүктеуге уақыт болмай жүрген көрінеді. Кейіпкеріміздің watsapp желісіне хат жазып, арнаға видео жүктеуін сұрайтындар да бар. Бұдан қоян өсіруге қызығатындардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын байқаймыз.
– Көбінесе еліміздің оңтүстік өңіріндегі жасөспірімдер жазады.
Байқаймын, оңтүстіктің балалары еңбекке, кәсіпке, саудаға бейім. Өсіріп, сатып, пайда табуды көздейді. Біздің жақта да қоян асырайтындар баршылық. Бірақ Түркістан, Шымкент жақтағыдай көп емес. Менен өзіміздің Жаңақала ауылының балалары көжек сатып алып жүрді. Youtube-тағы арнамнан көріп, Бөкей ордасы ауданының, Жалпақталдың, Тайпақтың жігіттері де көжектерімді алып кетті. Себебі менің қояндарымның тұқымы ірі, – дейді қоян өсіруші.
Алғашында Аман Ғабиденұлы қарапайым қоянды асыраған. Қарапайым қояндардың дене тұрқы кішкентай болғасын, асылдандыру мақсатында іздеп жүріп, Орал қаласынан фландр тұқымды аталық қоян әкелген. Осыдан кейін көжектері ірілене бастаған.
– Ауылдың балалары көжектерімді көріп, таңқалатын. Менің қояндарымды көру үшін күнде келетін. «Көбелек» тұқымды (орыстар «бабочка» дейді) қояндар болды. Олар өте әдемі. Сатып алуға келген балалар көбінесе «көбелекке» жармасады. Үй қояны негізінен 5-6 айлық кезінен көжектеуге қабілетті. Шағылысқаннан кейін көжегін 28-30 күн аралығында көтеріп, көжектейді. Яғни бір ай ғана көтереді. Шамамен 7-8 көжек туады. Кейбір аналық 10-12 көжек табады. Көжектеген соң екі айға жуық емізеді. Бір жылда бір аналық қоян шамамен 20-25 көжекті өмірге әкеледі, – дейді Аман Бекқалиев.
Аман Ғабиденұлы қоян өсіруді балаларды еңбекке тәрбиелеудің бір түрі деп есептейді. Тек бала оны жалықпай өсіруі керек. Ал жалпы қоян шаруашылығы елімізде кенжелеп қалған кәсіп түрі. Біразы шетелде, берісі Ресейде жақсы жолға қойылған шаруашылық.
– Қоянның етінен бөлек терісінен балаларға арнап тамаша жып-жылы құлақшын, бөрік тігуге болады. Біз бала кезімізде сондай құлақшын, бөріктерді кигенбіз. Өкінішке орай, бізде жеңіл өнеркәсіп дамымағасын қоян тұрмақ, ірі қара малдың терісі далада қалып жатыр. Қоян еті арнайы сауықтыру, ем-дом жасау орталық-тарында жеңсік ас ретінде қолданылады. Оның еті асқазанда қорытылуы тез болғасын асқазаны ауыратын адам үшін, қариялар мен жас сәбилер үшін таптырмас тағам. Одан сорпа жасауға, бұқтырып пісіріп, дәмді ас дайындауға болады. Қоян шаруашылығын дамыту үшін ең бірінші оның өнімін кәдеге жарататын нысан жасау керек. Мысалы, орысша «тушенка» дейміз ғой, яғни бұқтырылған қоян етін қалайы қалбырда дайындау цехтары болса, оған сұраныс көбейер еді. Ал терісін илейтін цех болса, нұр үстіне нұр. Міне, сонда қолынан іс келетін жігіттер қоян шаруашылығын қолға алады. Қоян өсіруді кәсіпке айналдыру үшін сұраныс болу керек. Сұраныс болу үшін жоғарыдағыдай цехтар әр аудан орталығында, ең болмаса облыс орталығында жұмыс жасауы тиіс. Мен қоянды еттей сатқаным жоқ. Тірілей сатқан кездерім болды. Ең ірі деген қоянды 7-8 мың теңге шамасында, ал көжектерді 2-3 мың теңге шамасында саудаладым, – дейді Аман Бекқалиев.
Кейіпкеріміз күн сайын қояндардың нобайы ұрада болғасын, баспамен түсіп, жем-шөбін береді. Жұмыстан шаршап келгенде қояндардың қытырлатып жем жегенін көрудің өзі шаршағыныңды ұмыттыратынын, қоян асыраудың құр пайда табу үшін ғана емес, шын көңіліңмен ұнатып жасайтын іс екенін айтады.
Бір кездері Аман Ғабиденұлы өсірген қояндардың саны 50-60-қа дейін жеткен. Ол қояндарды екі мезгіл жем салып, асыраған. Қояндар бір айыр шөпті бір сағатта тып-типыл еткен.
– Қазір қояндарымның санын азайттым. Жем-шөпті үйдегі тауыққа, сиырға, қоянға жететіндей қылып аламын. Тек қоянның жем-шөбіне бір жылда қанша ақша кететінін есептемедім. Қоян сөзі «қой сияқты аң» дегеннен шыққан. Шындығында, құлағы қойдікіндей ұзын, құмалағы анық қойдікіндей. Жейтін азығы да қой жейтін шөп пен арпа-бидай. Сәбіз бен картоп, орамжапырақ – сүйікті азығы. Бұл қасиеті ешкіге ұқсаған. Қоянның тағы бір ерекшелігі – жем таусылса да, шөппен қоректендіре беруге болады. Ал үй құстарына тек шөп беріп көріңіз. Олар жемсіз ұзақ өмір сүре алмайды. Үй қояны мен дала қоянының айырмашылығы көп. Дала қояны көжектегенде 4 көжек туады және үстінде жүні болады. Ал үй қояны дала қоянынан екі есе көп туады және көжегі қызыл шақа болады. Дала қояны ін қазбайды. Үй қояны ін қазады. Екеуін шағылыстырсаң, будан шықпайды. Хромосомдары әр түрлі көрінеді. Сол себептен де шығар орыстар дала қоянын «заяц», үй қоянын «кролик» деп атайды, – дейді Аман Ғабиденұлы.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz