11.02.2022, 12:29
Оқылды: 60

Әкімдер есеп берді, ел не деді?

Ақпан айының 8 жұлдызында Жаңақала ауданы Мәстексай ауылдық округі әкімінің халықпен есептік кездесу жиыны өтті. Мәстексай ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен жиында бірқатар мәселелер талқыланып, халықтың мұң-мұқтажы тыңдалды. Есептік кездесуге аудан әкімі Д.Закарин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Р.Ғұмар, халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы А.Қаресов, ветеринариялық станция басшысы М.Досмағамбетов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Бекболатов және ауыл тұрғындары қатысты.

18

Кездесу барысында Ержан Тілепбергенов өткен жылдағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.

- Ауылымызда  сапалы ауыз су құбыры жұмыс жасап тұр. Судың жіберілу  жағдайы жақсы, тек тұрғындарынан   ысырапсыз, тиімді пайдалануларын сұраймыз. Ауыл тұрғындары  табиғи  газбен қамтылған. Қазіргі уақытта  ауылымыз  бойынша   334 ауланың 330-ы, Мұқыр ауылы бойынша  94  ауланың,  90 ауласы   газбен қамтылды.

Мәстексай  ауылдық  округі  бойынша 331  аула мал  ұстайды. Мал азығын дайындауға округ  бойынша  биыл 38 трактор қатысты. Жоспар 23, 600 мың тонна болатын, 70%  орындалып  16, 500 мың тонна мал азығы дайындалды. Мал азығы жиналып қыстақтар, жеке тұрғындар  қажетіне  қарай  алды.

Ауылымызда 59  шаруа қожалығы, 2  ЖШС, 4 АӨК  жұмыс жасауда.

Асыл тұқымды малдың үлес салмағын арттыру бағытында шаруа қожалықтарымыз бен ауылшаруашылық өндірістік  кооперативтері жұмыстануда.

Ауылдық округ бойынша 2021  жылы 2 шаруа қожалық барлығы  3 ауыл шаруашылық техникаларын - 2 трактор, 1 ауыл шаруашылық машинасын лизинкге  сатып алды.

Ауылдық округ бойынша мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларына сай  төленген субсидия 45 080 000  теңге болса, инвестициялық субсидия көлемі  5 877  500 теңгені құрады.

Жыл басынан бері несие қорлары  арқылы «Жаңақала несие» ЖШС-нан  2 шаруа қожалық 18  500 000 мың тенге несие алып, МІҚ мен  жылқы мал басын  көбейтуге жұмыстануда. 4 АӨК бойынша 136 мүше, 24 асыл тұқымды бұқа, 714  аналық мал тіркеліп жұмыстанды.

21

Екі маусымда санитарлық-экологиялық айлық барысында сенбіліктер уақытында өткізіліп, ауыл  айналасы тазаланды. Сонымен бірге жоспарсыз ақылы қоғамдық жұмысшыларымен де ауыл  айналасын тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ауылды көгалдандыру  мәселесінде 250   түп ағаш  алынып, отырғызылды. Ауылымыз  бойынша  көктем  мезгілінде    172  аула-қорадан  қоқыс шығарылып тазаланды. Қоқыстар   жеке кәсіпкер С.Сертековтың  қарамағындағы  Камаз автокөлігімен  тасымалданды. «С.Тлеуғалиев»    ЖШС   3  бұзылған  үйлердің  орнын тегістеп, тазалады. «Жасыл  ел»  бағдарламасы аясында  жазғы  мезгілде 4 жас  қамтылып, саябақтарды  көгалдандыруға  жұмыстанды, - деді Мәстексай ауылдық округінің әкімі Е.Тілепбергенов.

Одан кейін аудан әкімі Дархан Закарин ағымдағы жылға жоспарларын халыққа жариялады.

Мәстексайда мәселе көп...

Одан соң ауыл тұрғындары өз көкейлерінде жүрген мәселелерді ортаға салды. Ауыл тұрғыны Ермек Иманғалиев Ақсуат көлдігіне су шығарылу керектігін, ауылға өрт сөндіретін көлік пен маман қажеттігін айтты. «Су сақтайтын көбік болса және каналдардың аузын ашып берсеңіз» деп барша ауылдастарының көкейінде жүрген базынаны айтты. Ерболат Бақтыгереев жайылым жер керектігін тілге тиек етті.

Э.Әлмұқанов тас жол керектігін, «Мұқырдағы трансформаторды қоршап берсеңіз, сонымен қатар полигон жабылып, күл-қоқыс жиналса» деген бұйымтайын айтса, Нұрсәуле Сүндетова такси бағасы мен азық-түлік бағасының қымбаттығын айтты.

Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңіс Абрахманов «малға қарасан мен құтыруға қарсы вакцинаның жетіспейтінін, малдарыма вакцинаны өзім сатып алып отырмын соны шешіп берсеңіз» десе, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қобылан Мұхамбетов мәдениет үйін салып берсеңіз, мектепті ақтау қажет, мектебіміз бен балабақшамыз салқын, мал жоғалу көп, ішкі жол салу қажет, сонымен қатар әр үйде жарық көп өшеді, кейбіреулеріміздің теледидар, тоңазытқыштарымыз жанып кетіп жатады деген сауалдарын жолдады.

19

«Мәдениет үйі салынбақ»

- Биыл су мәселесі бірте-бірте шешіліп келе жатыр. Қараөзен бойынша судың жағдайы жаман емес. Бар су Сарышығанаққа жиналуда. Сарышығанақ суының жинақтығы 70 пайыздың үстінде. Біздер қазіргі уақытта Айдарханға суды жинау үстіндеміз. Сарыөзен мен Қараөзенге  140 млн.  текше метр су алынды. Ағымдағы жылға 181 млн. текше метр су алуға Ресей мен Қазақстан келісім шартқа отырды. Былтырғыға қарағанда судың көлемі артады. Енді өрт сөндіру көлігіне келсек әзірге оны ауылға әкелу қолымыздан келмейді. Өрт сөндіру бекетін лицензиясы бар адам өзі ашуына болады. Егер ондай адам болса аудан бюджетінен қаржы бөлінеді. Жайылым мәселесін шешу үшін жеке қожалық иелерімен келісімге келіп жерлерін қайтаруымыз қажет. Кейбір жерлерін қайтарып беріп жатқан шаруа қожалықтары бар. Біз оларды кері басқа қожалықтарға беріп жатқан жоқпыз. Ол жерлер үкіметтің тарапына өтеді. Жерді қайтарып алу үшін кем дегенде 2 жыл уақыт керек. Бірінші жылы біз ескертеміз, нәтиже болмаған жағдайда екінші жылы шара қолданамыз.

Жаңақала мен Жаңақазанның арасына жолдың күрделі жөндеуі басталды. Облыс әкімі ауданға келгенінде мердігерге күрделі жөндеуді 2022 жылдың аяғына дейін тәмамдау жөнінде тапсырды. Полигон мәселесі бойынша мен қазір нақты жауап бере алмаймын. Транфарматорды қоршау жөнінде ауданға барғасын тапсырма беремін. Оны қоршатып береміз.  Такси бағасын көтергізбеу біздің құзіретімізде жоқ. Ал азық-түлік бағасын қадағалауға мониторинг топтарына құзірет берілді. Мониторинг топтарына күнделікті азық-түлік бағасын тексеруді тапсырамын. Жұмасына бір емес  күнделікті тексеріп тұруларыңыз қажет. Күнделікті өмірге қажет деп танылған 19 тағамның түрі бар, соларға үстеме шығындарын міндетті түрде талап етіңіздер. Үстеме шығында жазылған бағаға кәсіпкерлер 10-15 пайыздан жоғары қоспауларын қадағалаңыздар. Құтыру, қарасанға қарсы вакцина қазіргі уақытта аз мөлшерде келіп жатыр. Малдарға 6 ай сайын вакцина тегін беріледі. Мәдениет үйін салуға қаржы бөлінді. 150 орындық мәдениет үйіне 2021 жылы жоба жасалды, биыл құрылысы басталады.

Ішкі жолға қаражат бөлу облыстың, республиканың құзіретінде. 7 жоба жасалды соның тек 1 жобасына қаражат бөлінді, енді үшеуіне немесе төртеуіне қаржы бөлінсе ішкі жолдың жобасын бастаймын. Мектепті ақтау жұмыстары басталды. Жалпы Мәстексайға электр жүйесін Жаңақала арқылы әкелу жоспарда бар. Қазіргі уақытта электр бағаналары Мәстексайға Талдыапан арқылы келіп тұр. Алайда, ол бағаналар тозығы жеткен, - деп жауап берді аудан әкімі Дархан Закарин. Есептік жиын барысында тұрғындар ауылға ортақ мәселелерін ортаға салып шешімін сұрады. Аудан әкімі жауабын айтып жиынды қорытындылады.

Көпжасардағы есептік кездесу

Есеп беру жиыны Мәстексай ауылынан соң Көпжасар ауылдық округінде жалғасты. Жиын барысында Нұрбол Бектілеу өткен жылы атқарылған жұмыстардың бірқатарын атап, баяндама жасады.

- Ауылдық округте жер көлемі 324,6 мың  гектар. Барлық ауыл шаруашылығы жер көлемі – 271,6 мың гектар, оның ішінде 271,1 мың гектар жайылым, 10763 гектар елді мекен жерлері болып есептеледі. Ауылдық округ бойынша 388 аулада 421 отбасы тұрады. Халық саны 1741 адам. 2021 жылы 26 сәби дүниеге келіп, 16 адам өмірден өтті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда туу 1 адамға азайып, өлім 4 адамға артқанын көрсетеді.  388 үй электр жарығымен, 274 үй табиғи газбен, 282 үй таза ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар 7 мал дәрігері жұмыс жасайды. және т.б саладағы кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Көпжасар ауылында 300 орындық ауылдық мәдениет үйі, 293 бала оқитын  Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектеп, мектеп жанындағы интернат, 90 орындық «Көпжасар» бөбекжай балабақшасы, ересектерге және балаларға арналған модульді кітапхана, ауылдық музейі, «Қазпошта» бөлімшесі, ветеринарлық пункт, Саралжын елді мекенінде бастауыш мектеп, дәрігерлік амбулатория, Саралжын, Салтанат елді мекендерінде фельдшерлік бекет  жұмыс істейді. Көпжасар ауылдық округіне 2021 жылға жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша түсімдер мен кірістер барлығы 36 895,0 мың теңгені құрады. Аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджеттен түсетін трансферттерден – 34 162,0 мың теңге, 2020 жылғы бюджетте қалыптасқан қалдық сомасы 448,0 мың теңге.

Елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру бағдарламасы бойынша 1 301,0 мың теңге, аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу бағдарламасы бойынша 338,0 мың теңге қаржы жұмсалды. 8 млн теңгеге Көпжасар ауылына 1 дана трансформатор, 10 дана 10кВт, 18 дана 0,4кВат бағана фонарлар орнатылды. 2022 жылы Салтанат, Саралжын елді мекендерінде 64 электр бағанасы ауыстырылды. Ауыл тұрғындары атынан аудан әкімдігі мен электр торабы мекемесіне алғысымызды білдіреміз.

Ауылдың негізгі бағыты мал өсіру болғандықтан халықтың тұрмыс тіршілігі мал басының өсуіне оның өнімдерін арттыруға тікелей байланысты. Округте күні бүгін шаруа қожалықтары мен тұрғындардың жеке иеліктеріндегі малды қоса есептегенде 9538/5297  бас ірі қара, 21368/15304 бас қой – ешкі, 4818/2695 бас жылқы, 99/58 бас түйені, 362/315 бас құсты құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда  МІҚ 941 басқа азайған, қой-ешкі 2823 басқа азайған, жылқы 726 басқа өскені, түйенің 50 басқа азайған, құс 173 басқа өскенін көрсетеді.

2021 жылы Көпжасар ауылдық округі бойынша 19,4 центнер  мал азығы дайындалып жоспар 62,6 % орындалды.

Көпжасар ауылдық  округінде 103 бизнес субъектілері бар. 29 жеке кәсіпкер, 5 несие серіктестігі және 2 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 64 шаруа қожалығы тіркелген. Соның ішінде 10 шаруа қожалық  асыл тұқымды «Герефорд», «Абердин-Ангус», «Қазақ ақбасы» МІҚ малын, 1 ЖШС асыл тұқымды «Еділбай» қой малын өсірумен айналысады. Жеке тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкерлік  округте жақсы дамыған  4 азық-түлік және 2 киім дүкені, 1 дәмхана, 1 шаштараз  халыққа қызмет көрсетеді. Шаруа қожалықта 137, жеке кәсіпкерлікте 31, несие серіктестігінде 15 және ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде 2/19, жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 3  адам жұмыс жасайды.

Салтанат, Саралжын елді мекендерінің газдандыру жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстау. Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебінің жобалық сметалық жұмыстарының жасақталуын үнемі назарда ұстау, онымен қатар фельдшерді үймен қамтамасыз ету жөнінде аудан әкіміне хат жолдаған болатынбыз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қызметтік үймен қамтамасыз ету. Ауылдық округтің көктем айындағы ішкі тазалығы. «Туған жер», «Рухани жаңғыру» аясында түлектермен жұмыс басты назарда болады деп айтқым келеді, - деп ағымдағы жылға жоспарларын мәлімдеді ауылдық округ әкімі Н.Бектілеу. Одан кейін тұрғындар көкейінде жүрген сауалдарды ортаға салды.

Аңсарбек Қуанышев балабақшаның жылу энергиясы нашар екендігін, сонымен қатар ауылда бұралқы иттердің қаптап жүргендігін ортаға салса, Жалғас Нығметов есеп беру жиналысы басқа форматта болса, су мәселесі, жұмыссыздық мәселесін, азық-түлік пен материалдың бағасының тұрақсыздығын, сонымен қатар күрес залына жаттықтырушы қажеттігін айтты.

- Итті ату мәселесіне 2018 жылы шектеу қойылды. Ауданымызда иттерді ататын тек 2 мылтық қана бар. Оқ дәрі алдырып жатырмыз. Бұралқы иттердің қаптап кетпеуін учаскелік инспектор қадағалауы қажет. Үйлеріне барып ескертіледі. Нәтиже болмаған жағдайда тәртіптік шара қолданамыз.

Ағымдағы жылдың наурыз айында есептік кездесуді басқа форматқа ауыстыру жөнінде үкімет тарапынан айтылды. Су мәселесі өте өзекті мәселе. Көпжасарға су Көшімнен келеді. Ал Көшімге су Жайықтан насоспен келеді. Жайықтағы судың тартылуына байланысты ауылдарда су тапшылығы бар. Алдағы жылдарда су мәселесі шешімін табады деген үміттеміз. Азық-түлік бағасын қадағалауға мониторинг топтарына құзірет берілді. Олар күнделікті азық-түлік бағасын қадағалап тұрулары тиіс. Күнделікті өмірге қажет деп танылған 19 тағамның түрі белгіленді сол тағамдарды 10-15 пайыздан жоғары көтеруге болмайтындығы айтылып келе жатыр. Жұмыссыздық мәселесіне тоқталар болсақ жастарға қазір мүмкіндік көп яғни  қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. Жеке кәсіппен айналысам деген адамға мүмкіндіктер қарастырылған. Кірме жолдар да қолдау табады деп күтіп отырмыз. Кірме жолдарға жоба жасалды. Бюджеттен қаражат бөлінсе кірме жол салуды бастаймыз, - деп аудан әкімі аудан әкімі Дархан Закарин көпжасарлықтардың сауалдарына жауап берді. Жиын барысында ауылға ортақ мәселелер талқыланды.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале