«Бір қауымның жер бетінен жойылып кетуіне себеп болатын дүниенің бірі – арақ. Өйткені ол сау адамды жындыға айналдырады» деп Әбу Лайс Самарканди айтқандай ішімдікке құмар болу бүтін отбасыны ыдырататыны анық. Арақ-шарапқа тәуелді болып қалған адамның қандай жағдайға душар болатыны баршамызға белгілі. Мамандардың пайымдауынша психикалық ауруға душар болған жандардың басым бөлігінің ата-анасы ішімдікке салынғандар екен. Әсіресе қыз өсіріп келе жатқан әке араққа салынып, жұбайына қол жұмсайтын болса, ол әсте қиын. Ондай отбасында өскен ұл мен қыз жасқаншақ, ұмытшақ, өз ойын жеткізе алмайтын, тіпті психикалық ауытқуларға душар болуы да мүмкін дейді психолог мамандар. Осы материалымды жазуға менің құрбымның әкесі жайындағы әңгімесі себеп болды.
«Әкем маскүнем адам болған»
- Біздер үйде төрт ағайындымыз мен үйдің екіншісімін, ағам, сіңілім және інім бар. Кішкентай кезімде ес-түссіз есіктен әндетіп кіретін әкемнен үрейленіп үрпиісе қалатын өзімнен кейінгі сіңлім мен інімді алдаусыратып, бөлек бөлмеге алып кететінмін. Ішіп келгенде үндемей жата қалса бір сәрі, есіктен кіре сала анамды балағат сөздің астына алып, отбасының берекесін қашырады. Әкем ішіп келген кезде бәріміз әжемнің үйіне ат басын бұратын едік. Өткені арам суға тойып келген әкем кейде қолына іліккен затты лақтырып, сындырып та тыныштығымызды алатын. Анама қол кетеріп, себепсізден-себепсіз ұрып жатқанда, дәрменсіз күй кешіп қорқыныштан көрпе астында дірілдеп жататынбыз. Анам әкемнің «енді ішпеймін» деген құрғақ уәдесіне алданып, өзін жастық шағынан, бізді бақытты балалық шақтан айырды. Менің балалық шағым, оқушы кезім де үреймен өтті. Анам бар тапқанын әкемнің қарыздарын өтеуге жұмсайтын. Әкем арам суға тойып алған кезінде тіпті өзінің туған туыстары да қашқақтайтын еді. Біздер бәріміз есейдік. Қазір шүкір әкем ішкілігін қойғанына көп жылдың жүзі болды. «Ащы суды кері аузына ала ма» деген ой әлі де бойымызға қорқыныш ұялатады, - дейді өз өмірінің кішкене бөлігімен бөліскен Ақтілек Аманғали. (Аты-жөні өзгертілген)
Ішімдіктің зияны жайында маман не дейді?
Мақаламызды жазу барысында аудандық аурухананың нарколог маманға хабарласып, ішімдіктің адам ағзасына зиянды факторларын анықтадық.
- Асқазанға жеткен ішімдік 120 секундтан кейін қанға өте бастайды. Ал қан оны ағзаның барлық жасушаларына таратып жібереді. Одан ең бірінші үлкен ми сыңарларының жасушаларына зиян келеді. Алкоголь кесірінен адам қимыл-қозғалысына дұрыс жауап бере алмайды. Ендігі арақ ми қыртысының маңдайдағы бөлігінде орналасқан жасушаларға жеткенде ішкен жанның эмоциялары өзгеріске ұшырайды, себепсіз қуанып, жөнсіз күліп, өзін-өзі басқарудан қалып, сау кезінде айтпайтын сөздерін айтып, әртүрлі іс-әрекеттерге барады. Алкогольдің тағы бір зияны - жоғары дәрежелі жүйке орталықтарын жансыздандыруы. Күрмеліп қалғандай олардың мидың төменгі бөлігінің ешбір қызметіне жауап бере алмай қалады. Соның кесірінен көз қимылының үйлесімі кетіп, аяқ алып жүруі қиындап, тілі күрмеледі.
Жүкті болған жағдайда ішімдік ішетін әйелдердің болашақ сәбилерінің 40-60%-ы ақыл-есі кем болып туылуы мүмкін. Тұрақты тұтынған кезде алкоголь әйелдердің бетін домбықтырып, оның табиғи әсемдігін жояды. Көз қарашығының оты кетеді, бет үнемі қызарып тұрады, шаштың түсуі, керісінше мұрттың шығуы байқалады. Ағзада пайда болатын аурулар жүрек, қан айналым жүйесінің бұзылуына соқтырады. Ең қауіптісі бүйректің жұмысын бұзады. Ішімдікті күнделікті кемінде 800 граммнан ішетін адамның ағзасында ақуыздың жетіспеушілігі бірте-бірте байқала бастайды. Бұл ауруды емдемеген жағдайда бүйректің бір бөлігі өледі.
Әр түрлі ішімдіктердегі алкоголь көлемі
Сырада орта есеппен алғанда — 3-6%, кейбір сыраларда бұдан да көп мөлшерде. Шарапта 10-14%. Виски, арақ, джин, бренди, ром, коньякта 40-50% болады. Қандағы алькоголдың мәні 0,01-0,02% болса үлкен әрекетін сездірмейді. Ал бұл мөлшерден алкоголь асса көз көрмей қалады, адамның координациясы бұзылады. Артық сөз сөйлеуі мүмкін. Ал қанда алкоголь мөлшері 0,40%-ға жетсе адам есінен аырылып қалады. Ал алкоголь мөлшері 0,60- 0,70% болғанда адам ажал құшады.
Алкогольдің адам ағзасына әсері
Көп мөлшердегі ішімдік адам ағзасына орасан зор залал әкеледі. Алкогольдің 20% асқазанда сіңеді, ал қалған 80% аш ішекке барады. Алкогольдің денеге таралуы оның концентрациясына тікелей байланысты. Жоғары болған сайын адам жылдам масаяды. Сыраға қарағанда, арақ тезірек сіңеді. Толып тұрған асқазан абсорбция мен масаю эффектісінің жылдамдығын түсіреді. Ащы шарап қарын мен ішегіңізге жеткен соң, қанайналымға өтеді. Яғни ағзамыз бұл зиянды нәрседен тезірек құтылуға тырысып жатыр деген сөз. Алкогольдің 10% мөлшері өкпе мен бүйректен ауа және зәр арқылы шығарылады. Сол себепті, алкотестерлер сіздің ішкеніңізді не ішпегеніңзді анықтауға қауқарлы.
Алкоголь миға қалай әсер етеді?
- Жалпы, алкогольді көп пайдаланған жандардың координациясы өзгеріп, балансы бұзылып, сау ойлаудан айырылады. Ең негізгі симптомдардың бірі тежелген реакция, сол себепті, ащы сусын ішкен адамдарға рөлге отыруға тыйым салады. Алкогольдің миға әсерінен нейромедиатрлардың деңгейі өзгереді. Ол өз кезегінде нейрондардан бастап, бұлшықет тініне импульс жеткізуші. Нейромедиаторлар сыртқа тітіркендіргіштерге, эмоцияға, қимыл-қозғалысқа жауап береді. Олар мидағы электрлік белсенділікті арттыруы мүмкін немесе керісінше. Тежегіш нейромедиатрлардың ең маңыздысы – гамма-аммин май қышқылы. Алкоголь оның эффектісін арттырып, адамның іс-қимыл мен сөйлеуін бәсеңдететін әсер береді.
Жалпы, ұзаққа созылған алкогольмен аурудың үш сатысын көрсете кетсек, біріншісі – ішімдікке шамадан тыс құмартудан адамның орталық жүйке жүйесі мен ішкі ағзалар жұмысының бұзылуымен сипатталады. Екінші сатысы – психология тұрғысынан келгенде адам үрейге, қорқынышқа бой алдырып, мидың жұмысына кері әсер етуімен көрініс береді. Ал соңғысы – мидың жүйке жасушалары келіп жатқан алкогольдің көп мөлшеріне шыдас бермегендіктен, адам араққа тіптен салынып кетеді. Бұл ең ауыр саты болып есептеледі.
Орталық жүйке жүйенің жасушалары зақымданған науқастың ақыл-есінде де айтарлықтай өзгерістер орын алады. Ағзаға сіңген алкоголь бірден тарап кетпей, бір-екі тәулік бойы сақталады. Сол себепті, салынып ішпей, тек күніге жарты стақан жүзім шарабы мен сыра ішушілердің де мастығы басылмайтынын естен шығармаған жөн. Сырада көптеген көмірсулар болады. Олар жылдам майға айналып, ішке жинала береді, - дейді Жаңақала аудандық аурухананың наркология маманы Асқар Нығметоллаұлы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ащы судың зардабынан әлемде жыл сайын 3 миллион адам көз жұмады. Оның 9 пайызы жастар. Бұл дегеніміз әр жиырмасыншы өлім ішкіліктен болған. Маскүнемдіктен көз жұмғандардың төрттен үші ер адам. Ал еліміздегі қылмыстың 45% ішімдік салдарынан болады екен. Ішімдікті «шайтан суы» деп бекер айтпаса керек. Арақты көп мөлшерде пайдаланған адам шайтанның арбауына түскен адамдай күн кешетіні мәлім. Маскүнемдік тек адам ағзасына емес, қоғамға, отбасына зиянын тигізетінін ұмытпағанымыз дұрыс болар.
Ащы суға діннің көзқарасы қандай?
- Халық арасында ең кең тараған үлкен күнәнің бірі - арақ ішу. Алланың құранында, Пайғамбарымыздың хадистерінде, тіпті қазағымыздың мақал-мәтелдерінде арақтың зардабы туралы қанша айтылып, ескертіліп жатса да үлкені де, кішісі де қуаныштары мен әрбір отырысын ішімдіксіз өткізбейтін жағдайға жеткен. Хадисте: «Арам нәрсені адал сияқты көріп пайдалану ақырзаман жұртының сипаты, ақырзаманның жақындағанының белгісі», - деп келтірген.
Бүкіл жамандық атаулының атасы – ішімдік. Арақ адамның ішкі ниетін бұзып қана қоймайды, оны адамдық келбетінен айырып, ақылсыз хайуанға айналдырады. Жүрегін қарайтып, адамдық сипатын, абыройын кетіреді. Тек өзінің денсаулығына емес, отбасына, туған-туыстарына, айналасына, қоғамға зиян мен қауіп төндіреді. Тіпті ішімдік қойылған жерде, отырыстарға қатысудың өзін шариғатымыз үлкен күнәлар қатарына қосқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араққа байланысты мына он кісі Алланың қаһарына тап болатынын хабарлаған. «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы», - деп қатты ескерткен. Алла Тағала баршамызды жамандық атаулыдан сақтап, тура жолдан таймай жүруді нәсіп етсін, - дейді аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпанов.
Түйін:
Маскүнемдік тұқым қуалайтын ауру емес. Барлығы адамның өз қолында. Араласатын орта, достары, кейде адамның ішкі кедергілері араққұмарлыққа алып келетінін білеміз. Маскүнемдіктен сақтанып, оның алдын алуға болатынын ұмытпаған дұрыс. Бұл аурудың артында бұзылған тағдыр, шырылдаған жақын жандар тұр. Адам баласы енді де болса есін жиып, еңсесін тіктесе, арақтан бойын аулақ ұстап, ұл-қызын баба жолымен, ата салтымен тәрбиелесе рухымыздың болат қорғандары қайырылмастай беріктене түсер еді. Арақ – атадан қалған ас емес. Көріңіз, ой түйіңіз ағайын.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz