16.02.2022, 9:20
Оқылды: 252

Үйі өртенген көп балалы отбасы көмекке зәру

Өрт – тілсіз жау. Оны алдын ала болжап білу мүмкін емес. Қызыл алау оттың адамзатқа әкелетін зардабы да шаш-етектен. Тіпті кейбір орын алған өрт оқиғалары жүрегіңді ауыртып, төбе шашыңды тік тұрғызады. Мұндай ауыр жағдайға тап болған отандастарымызға бей-жай қарауға болмайды. Ол – азаматтығымызға  сын. Өткен аптада Facebook әлеуметтік желісінде Орал қаласы, Деркөл кентінің тұрғыны Байтуған Тілеужановтың жеке баспанасы өртенгені жөнінде суыт хабар тарады. Кім-кімге де ай мен күннің аманында һәм қақаған қыстың ішінде тұрғын үйі отқа оранса, оңайға соқпайтыны анық. Осы жағдайды естіген бойда, біз де қол қусырып қарап отыруды жөн көрмедік. Қолымызға қалам алып, ойламаған жерден баспанасыз қалған Б.Тілеужановпен  тілдесіп, мән-жайды білген едік.

6b403d5f-286f-4751-9db3-b4c05b8fcd38

Оқиға былай болған...

Орал шаһарының Деркөл кентінде Тілеужановтар жанұясы алаңсыз, тату да тәтті тұрмыс кешіп жатыр еді. Олардың өз еңбектерімен салған кең әрі жайлы баспанасы бақыттың мекені-тұғын. Алайда айдың күні аманда, ойламаған жерден келген «тілсіз жау» баспананы күлге айналдырып, көңілді мұңға батырды.

– 2014 жылы өз еңбегімізбен әупірім деп жүріп салған баспанамыз еді. 4 ақпан күні электр жарығының салдарынан үйіміз өртеніп, есеңгіреп қалдық. Үйді сөндіруге тырысқанымызбен, әліміз келмеді. Сол кезде балалар да, зайыбым да үйде болды. Оларды дер кезінде сыртқа шығарып үлгердім. Өрт кезінде не істерімізді білмей, жанымыз алып-ұшып, қатты қобалжыдық. Өзім көлік жөндеп, нәпақа табатын едім. Гаражда көліктер болды. Қас қылғандай оның да біреуі жанып кетті. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болғасын ба, тіпті уайымдап, қатты абдырап қалдық. Бірінші күні таңға көз іле алмадым. Көз алдымнан  жылаған бала, өртенген үй... сол сүреңсіз сәттер кетпей қойды. Жақын маңда қайын жұртым тұратын еді. Айтпақшы, үйіміз өртеніп кеткен күні  балаларды сонда апарып, орналастыр­дық. Ертеңгі күні таңертең келіп, Деркөл кенті әкімдігінің көмегімен 15 «Кам­АЗ» күл-қоқыс шығарып, үйдің орнын тазаладық. Содан кейін жалдамалы пәтер іздеуге көштік. Сөйтіп, пәтер іздеп жүрген кезімізде Бауыржан деген азамат хабарласып, 4-5 айға тегін тұра тұруға шағын баспанасын беретінін айтып, қолдау танытты. Басқа да қала тұрғындары қол ұшын созып, киім-кешек, азық-түлікпен көмектесіп жатыр.  Үйімізбен бірге жиған-терген дүние-мүлік, киім-кешек, құжат, заттарымыздың бәрі отқа оранды. Орын алған өрт оқиғасы өзекті өртейді. Кім-кімге де өзінің тыраштанып жүріп, маңдай терімен салған баспанасы қымбат қой. Тек бір шүкір ететінім – жан жарым жанымда, балаларымыз  дін  аман.

Біздің жағдайымызды естіген Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Деркөл кентіне келіп, арнайы қабылдады. Оған бастан өткен оқиғаны толық баяндап, мұң-мұқтажымызды жеткіздік. Ол кісі мұқият тыңдап, заңға сәйкес тиісті көмектің болатынын айтты.

Біздің төрт перзентіміз бар. Бәрі мектепте оқиды. Шыны керек, жалдамалы пәтердің жанға сая болмайтыны белгілі. Балалар өсіп келеді. Алдағы уақытта өртенген үйіміздің орнына қайтадан баспана салғымыз келеді. Ол үшін қаражат керек. Ал қазір бізде үй тұрғызатындай қомақты қаражат жоқ. Зайыбым  жұмыссыз. Өзімнің де табысым мардымсыз. Облыстық «Орал өңірі» газеті арқылы ел-жұрттан қолдау-көмек күтеміз. Баспана салуға жәрдемдессе­ңіздер екен, – дейді отағасы Байтуған  Қадырұлы.

Өңір тұрғындарының назарына!

Иә, өрттің кесірінен баспанасыз қалған көп балалы отбасы көмекке зәру. Әрине, үйі, дүние-мүлкі өртенгесін, қайта аяққа тұрып кету үшін қаражат қажет екені анық.  «Апат айтып келмейді» дейді бабаларымыз. Біз мұндай жағдайды өз басымыздан өткермегесін, сезінбеуіміз де мүмкін. Дегенмен «Көп түкірсе, көл» дегендей, ақ-адал ниетімізбен, жомарт жүрегімізбен жаны жабырқаулы Тілеужановтар жанұясына қол ұшын созып, қолдан келгенше көмектесейік, жерлестер! Елдігімізді, бірлігімізді көрсететін сәт бұл. Кешегі пейілі кең, жаны жомарт қазақтың ұрпағы екенімізді дәлелдеп, Байтуған ағамыз баспаналы болуы үшін жәрдемдесейік! Осынау сауапты іске шама-шарқымызша атсалыссақ, нұр үстіне нұр  болар  еді.

 Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz

 

 Серік Мұстафин,

Орал қалалық «Тулбаев Мухаммед-Гариф» мешітінің наиб имамы:

Серик Мустафин

– Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауыл­дастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс-аяқ, киім-кешек, көрпе-төсек апарып, қол ұшын беретін қазақылығымыз, салт-дәстүріміз бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы хадисінде: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» (Тирмизи) деп үмбетін ізгілікке шақырды. Сахаба Әли (р.а.) «Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені құр алақан қайтару одан да аз» деп айтқандай, адамның әр жасаған жақсылығы Жаратушымыздың алдында ниетімізге қарай бағаланады. Сондықтан, жерлестер, қиындыққа тап болған Тілеужановтар отбасына жанашыр болайық, қолдан келгенше көмегімізді  аямайық!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале