16.02.2022, 17:20
Оқылды: 40

Мәжілісте тұрғын үй саясатына қатысты ұсыныс жасалды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев баспана кезегінде тұрғандар елеулі түрде артқанын айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3

«Елімізде әр азаматтың әлеуметтік жағдайы баспанасының болуымен байланысты екені белгілі. Республикамыз бойынша соңғы жылдары бұл мәселе едәуір күрделеніп келеді. Жылдар бойы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтар санатының өкілдері үй алу мүмкіндігіне сенімсіздік білдіруде. Мысалы, 2018 жылдан бері кезекте тұрған адамдардың тізімі шамамен 130 мыңға көбейіп, 591 мың тіркелушіні құрап отыр. Оның ішінде, олардың саны Шымкентте 14 мыңға өсіп, 48 442 адам болса, Алматы облысындағы үй кезегін күтушілердің саны 17 мыңға өсіп, 59 067-ге жетті. Ал Түркістан облысында кезектегі сан 19 мыңға артты. Бұл цифрлар тек өсумен болса, пәтер жалдаған отбасылар көшумен әлек», - деді Е. Бейсенбаев мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, 591 мыңнан астам кезекте тұрған адамның 170 мыңға жуығының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен, яғни кедейшіліктің шыңырау шегінде екенінің дәлелі. Айта кететіні, бұл санаттағы көпшілікті – І, ІІ топтағы мүгедектер, ерекше балаларды асыраушы отбасылар, жетімдер, көпбалалы отбасылар құрайды.

«Мемлекет басшысы 2020 жылдың басына дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасының ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Ал Үкімет болса, тек қаржыны ұлғайтумен шектелді. Осы орайда, әлеуметтік осал топтарға кіретін жетімдер мен мүгедектер санаты қайта сыртта қалып қойды. Сонымен қатар, «Шаңырақ» бағдарламасына арналған қаржы әлі ортақ операторға үйлестірілмеген. Үкімет үшін бір ай уақыт емес шығар, ал пәтер жалдаушы үйсіз отандасымызға бұл кезекті далаға кеткен пәтерақысының сомасы», - деді депутат.

Осы орайда ол Үкімет тарапынан даярланып жатқан «Тұрғын үй саясаты» туралы заңнаманың жобасына тиісті ұсыныстарды ескере келе, нақты шешімдер тізбегін қарастыруды сұрады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале