17.02.2022, 17:53
Оқылды: 52

Оралда 33 аула абаттандырылып, 10 тынымбақ салу жоспарланған

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен Орал қаласын абаттандыру, жарықтандыру, сәулеттік келбетін жақсарту және қалаішілік жолдар мен жаяу жүргінші жолағын қар мен мұздан тазалау мәселесі талқыланған жиын өтті. Кеңес отырысында  шаһарды көркейту, дамыту бағытында  атқарылған жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды.

WhatsApp Image 2022-02-17 at 15.13.09

-Орал қаласын аббаттандыру, көркейту – жергілікті  атқарушы құрылымның тікелей міндеті. Сондай-ақ қарды уақтылы шығару, жолдардың жөнделуі, тасжол төсеу, көшелерді жарықтандыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Осы орайда тұрғындар тарапынан бұл жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылмай жатқаны туралы арыз-шағымдар келіп түсуде. Жаяу жүргінші жолағы мұздан тазаланбайтындығы жиі айтылады. Соңғы үш айда облыстық көпбейінді аурухана мен көпбейінді балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне көктайғаққа кұлап, жарақат алған 2370 адам түскен. Қаланы қардан, мұздан тазарту – қыс мезгіліндегі өте маңызды мәселе. Бұл жұмыстарды дер кезінде жүргізу қажет. Әйтпесе осындай жауапсыздықтың салдары адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін,- деді жиынның ашылуында сөз алған өңір басшысы.

WhatsApp Image 2022-02-17 at 15.13.10

Орал қаласының әкімі Абат Абайұлының айтуынша, шаһарда 1248 көпқабатты үй бар. 670 аула тіркелген.  Оның 429-ы абаттандырылған. 2019-2021 жылдарда 66 көпқабатты тұрғын үй бой көтерсе, олардың барлығының дерлік аулалары абаттандырылған. Оның 10-ы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, 56-сы жеке компаниялар есебінен жүргізілген. Сондай-ақ соңғы үш жылда қаладағы көпқабатты 84 ескі үйдің  ауласына балалар ойын алаңы менспорттық алаңқайлар орнатылып, өрнектас төселген. Биылдан бастап 2023 жылға дейін шаһардағы 33 ауланы абаттандыру үшін 2,4 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Сондай-ақ 10 тынымбақтың да құрылысы басталмақ.

-Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдық төгетін 893 алаң мен 3589 контейнер бар. 2019 – 2021 жылдар аралығында қоқыс төгетін 197 алаң пайда болса, 3381 контейнер орнатылды. Былтырдың өзінде қалдық төгуге арналған 50 алаңқай  мен 1000 дана  еуроконтейнер  қойылған. Кей тұрғындар санитарлық тазалықты сақтамай, тұрмыстық қалдықты контейнерге жеткізбей лақтырып кетеді. Сондай жауапсыз тұрғындарды анықтау үшін былтыр қалдық төгу аймағына 100 бейнебақылау камерасы орнатылып, нәтижесінде 279 құқықбұзушылық анықталды. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, айыппұл салынды. Биыл  70 контейнер алаңы мен сол маңға 110 бейнебақылау камерасы орнатылады. Сондай-ақ 1050 дана еуро және металь контейнер сатып алынады. Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көбіне орталық базар маңындағы қоқыс төгетін орынға айтылады. Сол жерге бейнекамералар орнатып, бірнеше рет мониторинг жүргізген соң жағдай тұрақталып келеді. Жарықтандыруға тоқталсақ, былтыр шаһардағы 14 195 дана көше шамы ауыстырылды. 17 көшеге 648 көше шамы жаңадан қойылды. Жарықтандыру бойынша аутоматтандырылған жүйе орнатылды. Орал қаласында 386 жаяу жүргінші жолы болса, оның 253-і жарықпен қамтамасыз етілді. Қаланы көркейту, абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады,- деді Абат Абайұлы.

WhatsApp Image 2022-02-17 at 15.13.11

Сондай-ақ шаһар басшысы бизнес нысандарының қасбеттік келбетін талапқа сәйкестендіру және аутокөлік жолдарын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Медет Айдынғалиев қала тұрғындары тарапынан жаяу жүргінші жолдарының тазаланбайтындығы мен көктайғақ кезінде тұз қоспасы себілмейтіндігіне қатысты шағым жиі түсетінін жеткізді.

-Қыс мезгілінде көшелерді тазалау сапасына қойылатын талаптарға сүйенсек, жаңа жауған, яғни тығыздалмаған қарды 5 сантиметр  сайын аршу керек. Содан соң тайғаққа қарсы материалдармен өңделуі тиіс. Ғали Нәжмеденұлы, сіздің тапсырмаңызға сәйкес жаяу жүргінші жолдарына мониторинг жүргізілді. Н.Назарбаев даңғылындағы кей дүкендердің алдында қатқан мұздың қалыңдығы 10 сантиметрге жетеді. Сондай-ақ орталық базар мен Мәскеу базарының іргелес аумағында контейнерлер орнатылмаған,- деді ол.

Өз кезегінде өңір басшысы мемлекеттік мекеменің, кәсіпорындардың есік алдарына мұз қатып, қар тазаланбаса, жұмысты ұйымдастырмағаны үшін мекеме директорына айыппұл төлету қажеттігін жеткізді.

-Орал қаласын көркейту бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ жұмысты әлі де ширату қажет. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тартыңыздар. Қаланың санитарлық  тазалығына жауапты мекемелерге талапты күшейтіңіздер. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің маңайында аршылмаған қар немесе көктайғақ болса, сол мекеме директорына, басшысына айыппұл салыңыздар. Мекемеге емес. Өзінің қалтасынан айыппұл төлегеннен кейін ғана басшы жауапкершілікті сезінетін болады. Абаттандыру ережелеріне сәйкес қар мен мұзды уақтылы тазаламаған бизнес нысандары, ПИК-тер, жер үй иелері айыппұл төлейді. Алайда бұл тәртіптен көптеген кәсіпкерлік нысандары хабарсыз. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Түскен қардың көлеміне байланысты оны тазалаудың уақыт мөлшері, нақты стандарты жасалсын. Талапты орындамағандармен «айыппұл тілінде» сөйлесу керек. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерде де он екі мүшесі сау ер-азаматтар тұрады. Соларды да өз аулаларын тазалауға жұмылдыру қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру – жергілікті атқарушы құрылымдардың міндеті,- деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.

                                                               Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале