21.02.2022, 16:40
Оқылды: 60

Шикізат жоқ, кедергілер көп

Сенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов пен Снежанна Имашева «Конденсат» АҚ басшылығымен кездесті. Кездесуге акционерлік қоғамның мердігер компаниялары мен еңбек ардагерлері қатысты.

WhatsApp Image 2022-02-21 at 16.33.32

 

Кездесуді «Конденсат» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы, бас акционер Валерий Жүнісов өткізді. Ол компанияның көп жылда бері рентабельді шикізатқа қол жеткізуде қиындықтарға тап болып келе жатқанын айтты. Кен орнында өндірілетін сұйық көмірсутектерді өңдеудің бірегей технологияларын енгізген кәсіпорын қазір жұмысын тоқтатудың алдында тұр.

2016 жылдың соңында «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты елімізде бірінші болып «Евро-5» бензинін өндіру кешенін, ал 2018 жылы сол санаттағы дизель отынын өндіру қондырғысын іске қосты. Осылайша, ол сапалы отын шығаратын жалғыз кәсіпорын болды. Алайда Кеден одағы серіктестерінің шешімімен Қазақстанда осы стандартты енгізу тұрақты түрде кейінге қалдырылды. Қазақстанның басқа зауыттары негізінен «Евро-4» класты отын өндіреді.

WhatsApp Image 2022-02-21 at 16.33.33

– Егер 2020 жылы біздің компанияға шикізаттың 15 пайызы берілсе, өткен жылы оның көлемі бар болғаны 5 пайызды құрады. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның үш зауыты шикізатпен 100% қамтылған. Энергетика министрлігі шикізатты бөлудегі диспропорцияны ерікті немесе еріксіз түрде жүргізуде. Кәсіпорында бес жүзден астам адам жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпорын жабылу алдында тұр және рентабельді шикізат мәселесі шешілмеген жағдайда кәсіпорын қызметкерлері жұмыстан шығарылады. Бірақ олар қайда барады? Олардың да асырап отырған отбасылары бар. Біздің қызметкерлер - негізінен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Олар - кәсіби мамандар. Өйткені жұмысқа келген жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға көп уақыт пен қаражат жұмсалды. Барлық төрт мұнай өңдеу зауыты (Атырау, Павлодар, Шымкент МӨЗ және «Конденсат» АҚ) шикізатпен әділ бағамен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл республикада ішкі жанар-жағармаймен қамтып, оның импортын азайтуға мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ бір-бірімен бәсекелес желілік жанармай бекеттері де болуы керек. Бұл – мұнай өнеркәсібінің барлық қатысушыларына, мемлекетке және халыққа пайда әкелетін, сондай-ақ газ химиясының дамуына ықпал ететін экономикалық әдіс, – деді Валерий Кенжеғалиұлы.

Ал зауыттың қайта өңдеу цехының басшысы Сырым Қожантаев пайдалы қазбалардың «үстінде» отырып, шикізатпен қамтамасыз етілмегенін және бұл салада көптеген кедергілер бар екенін атап өтті.

«Республиканың батыс өңірінде ағаштардан гөрі ұңғымалар көп болса да, шикізат жоқ» деп сынап өтті. Шикізат көп мөлшерде экспортталғанымен, ол қазақстандықтарға емес, өзге елдерге және олардың азаматтарына экономикалық тұрақтылық әкелетінін айтты.

Кездесуге қатысқан компания мердігерлерінің өкілдері өздерінің кәсіпорындары мен қызметкерлерінің жұмысы "Конденсат" АҚ-ның тұрақты қызметімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондықтан мұнай өңдеу зауыты жабылса, олар көрсететін қызметтер көлемінің күрт төмендеуіне жол ашады.

Еңбек ардагері Роза Қожекова өндіріс саласын реттейтін заңдар шығарып қана қоймай, олардың орындалуын бақылау қажеттігіне назар аударды. "Конденсат" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы В.Жүнісов ҚР Мәжіліс депутаттарынан мұнай өңдеу зауытын шикізатпен үкіметтік деңгейде жүктеу мәселесін шешуге ықпал етуді, сондай-ақ республикада мұнай өңдеу саласын жақсарту үшін ҚР заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер енгізуге көмек көрсетуді сұрады. Өз кезегінде Аманжан Жамалов пен Снежанна Имашева бұл мәселені шешуге көмектесетіндеріне сендірді.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале