Бүгінде бата беріп, бәтуалы сөз айта алатын адамның азайғанын ұят та болса, мойындаймыз. Астан кейін қол жайып, үлкендердің аз-кем күбірінен кейін бет сипап тұра беретініміз жасырын емес. Дегенмен сөздің қасиеті бар деп ұққан қазақтан қара сөздің қадірі бір жола ұшып кеткен жоқ. Ел арасында ұлағаты мол, аузының дуасы бар қариялар аз да болса кезігеді. Осындай шежіре кеуде жанның бірі – Аманжан Салауатов. Жаңақала ауданының Көпжасар ауылында тұратын ол – жетпістен жаңа асқан жан. Жақында осы құрдасыммен сұхбаттасудың сәті түсті.
Аманжанның кәрілікке бой бергісі жоқ. Сөйле десеңіз, ағыла кетеді. Ұлағатты әңгіме де, тарихтан тарқатып тәмсіл де айтады. Оның баталы сөзі бәрінен басымырақ екенін бұрын аздап естуші едік. Үлкендер ұлағатынан жиғанынан бөлек өзі де ойдан сөз құрайды. Батаны жанынан шығарады. 2017 жылы бата беруден сайысқа түскені есімізде. Аудандық жарыста бас жүлде, одан кейін облысқа жолдама алды. Онда екінші орын иеленді. Оған да біраз уақыт өтті ғой. Іздеп барғанымызға іші жылып қалған досымызды «Қанша бата білесіз?» деп әңгімеге тарттық.
– Елақа, соны санап көрді дейсің бе? Жастайымыздан үйренгенімізді, құдайдың аузымызға салғанын айтамыз ғой. Жұртқа жақсы сөз айтудан артық не бар. Дегенмен сөздің қасиеті болады. Бата беру бала күнімізден ауылдың үлкендерінен естіген ескі әңгімелердің, өлең-сөздің сарынымен қалыптасты, – деп бастады әңгімесін.
Аманжан, сонымен қатар, жиған-тергенін, үлкендерден естіп, көңілге түйгенін, шығарған баталарын жинақтап, қағазға түсірген екен. Көк кітапшаны алдыма тастады. Болашақ кітабына «Ұрпаққа аманат» деп тақырып қойыпты. «Көкірегімдегім өзіммен кетпесін, артымдағыларға аз-кем азық болсын деген ниет қой. Адам баласы армансыз болмайды. Арман дүниеден өткенде бітеді. Әрбір адам қартайған шағында өзінің өткен өміріне көз жүгіртіп, осы мен кейінгі ұрпағыма, немерелеріме естеріне алып, айта жүретіндей не қалдырдым деп ойланады екен. «Алдыңа қарап пікір ет, артыңа қарап шүкір ет» деп даналар айтқандай, қолыма қалам алдым. «Дүниеден өзің кетсең де, сөзің қалсын, Болатын үлгі етер жақын досқа, Бұл күнде жақсы сөздің бағасы аз, Күліседі сықақ етіп, ақылы қысқа, Ел іші алтын кеніш деген сөз бар, Жүзден жоқ, мыңнан біреу ұғар, ұқса» деп қолжазбасының кіріспесіне жазыпты. Қолжазбасы екі жүз беттің үстінде екен. Әупірімдеп сұрап алып, қызыға оқыдым. Осынша жасқа келсек те, білмейтініміз 99 екенін сонда аңғардым.
– Қазір көп нәрсе түзелді деп санаймын өзім. Кеңестік заманда көптеген ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алдық. Бір ғана мысал айтайын, Наурыз тойын бала кезімізде естіген де, көрген де жоқпыз ғой. Ол заманда қазақтың жаңа жылы деген түсінік жоқ. Бүгінде бұл мерекені мектепте де, мекемеде де, жер-жерде салтанатымен атап өтеді. Осыдан өзге қандай қуаныш керек, – деп ұрпаққа ұлағат болар біраз әңгіменің басын қайырды.
– Қалам ұстасам, жаза беруге болады. Алайда жазуға жалқаулығым, бір жағынан жазуға деген шеберлігім жоқ екені желкеден тартып тұрады. Әйтпесе бір кітапқа жүк боларлық біраз хикаят бар. Өкінішке орай, кітап етіп шығаруға қаржым жоқ, – деп күрсініп қойды.
Шынында да, қолжазбасында кейінгі ұрпақ үшін аса маңызды – ұлтты ұлықтау, салт-дәстүрді дәріптеу, әулетті бағамдау, ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау және қазақ халқының тарихы, кісілік қасиеттер туралы, Қазақ елінің бүгінгі келбеті, туған ауылын, Отанын сүюге дәріптеген ата-бабаларымыздың алпыс алты ақылы мен даналық сөздерін, Абыздардың екі жүзден астам өсиетін, қазақ мақал-мәтелдерін тарау-тарау етіп жазған екен. Ол туралы рет-ретімен үзінді келтіре әңгімелеуге әбден болады.
Енді аз-кем шегініс жасап, Аманжан Салауатов деген кім? Соған тоқталайын. Оның еңбегін, өмір жолын дәріптеуден аулақпыз. Тек оның адамдық, кісілік келбетін, ұрпақ тәрбиесіндегі азды-көпті еңбегін көпке таныстыруды мақсат етіп жазып отырмын.
Аманжан Имашұлы Салауатов 1950 жылы 25 ақпанда Қарасамар ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Әкесі мен анасы – қарапайым еңбек адамдары. Көп жыл «Мәстексай» кеңшарында аға шопан болды. Кейін ата кәсібін баласы Мұқас жалғастырды. Ол да шаруашылықтың маңдай алды аға шопаны болды. 1976-1997 жылдары қозы алудан аудан чемпионы болды. (Жылы, күні, айы есімде қалмапты «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі, марқұм Жәрдем Тұяқов екеуіміз Салауатовтар отбасында болып, ол туралы «Жайлаудағы жұлдыз» атты очерк жазған едік.)
Аманжан 1967 жылы С.Меңдешев атындағы орта мектепті бітірді (9-сыныпта бірге оқыдым). Арманы жоғары оқу орнына түсіп, білім алу еді, бұл жылы жолы болмады. Кеңес әскері қатарында борышын өтеп жүріп, (жастайынан қайсар, қайратты, байсалды болуды қалайтын) ауылдағы қарындасынан химия, физика, математика т.б оқулықтарды алдыртып, өз бетінше дайындалады. Елге оралған 1971 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1976 жылы зоотехник мамандығын алды. Еңбек жолын «Кармановка» арнаулы мал бордақылау шаруашылығында зоотехник, кейін бас зоотехник болып бастады.
1980 жылдан зейнет жасына шыққанша «Жаңаталап» совхозында мамандығы бойынша әр түрлі басшылық қызмет атқарды. Қандай жұмыс атқарса да, ары таза, тек адалдықты, тура жолмен жүруді өмірлік мұрат тұтқан жан. Өзінің айтуы және ауыл тұрғындарының пікіріне сүйенсек, тура жолмен жүрем деп талай теперіш көріпті. 1983 жылдан шаруашылық тарағанша совхоз директорының мал өнімдерін дайындау және өткізу жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Мал тапсыру жұмысымен айлап Орал, Ташкент т. б. қалаларында жүрді.
Нарықтық қатынасқа көшу кезеңінде аудан басшылары оған тұралап қалған сауда ісін басқаруды ұсынды. Бірақ келісімін бермеді. Аудан басшысы қайта-қайта өтініш жасағасын, ол өз шартын қойды. Қаржы тапшылығын шешу мақсатында қосалқы шаруашылық құру үшін аудан басшысынан қажетті техника, мал бөлуді сұрады. Талабы орындалды да. Сөйтіп, көп кешікпей қаңырап тұрған дүкен сөрелерінде қажетті азық-түлік пайда болды.
Осылайша 1992-1997 жылдары Жаңаталап жұмысшылары тұтынушылар кооперативін басқарды. Зейнеткерлікке ауыл округінде ішкі саясат жөніндегі жетекші маман қызметінен шықты. Сол кезден бері Көпжасар ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін абыроймен атқарып келеді. Облыс, аудан әкімдерінің алғысхаттарымен, «Астана 20 жылы» медалімен марапатталды. Жаңақала ауданының құрметті азаматы.
Зайыбы Аруғаным екеуі қазір төрт бала-келіні мен 10 немересінің қызығына кенеліп, ел қатарлы өмір кешуде.
Енді Аманжанның батагөйлігіне қайта оралайық.
– Батагөйлік тектен тарала ма? – дедік сөз арасында.
– Ол жағын айта алмаймын. Мен жастайымнан зерек болдым. Кітапты көп оқыдым. Жасыратыны жоқ, оқушы кезімде тентектеу болдым. Арғы атамды білмеймін, әкемді текті деп айта алмаймын. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей әкем ойламаған жерден қателік жіберіп, істі болды. Кейін ақталды. Сол кезде кейбір адамдардың, «Әкесі оңбағанның баласы да оңбайды» деп айтқан сөзі жүрегіме оқтай қадалды. Сол сөз жатсам да, тұрсам да құлағымнан кетпеді. Осыдан кейін, қалай да оқып білім алам, арым да, жүрегімде таза болады, ешкімнің ала жібін аттамаймын, елім үшін, отбасым үшін адал еңбек етем деп өзөзіме ант еттім. Содан болар, отбасы құрғанан бастап ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлдім.
Өмірдің жұмбақ сырлары оқып-тоқумен ашылатынына көзім жетті. Даналарымыз бен ғұламалардың еңбектерін көп оқып, қана қоймай, жадыма түйдім. Жаңағы кітапқа жазғандарымды әлсін-әлсін оқып, бүкіл ғұмырыма шырақ қылдым. Міне, менің батагөй болуымның сыры – осы, – деп әңгімесін доғарды.
Ия, шынында да Аманжан секілді кісілік келбетінен айнымай, туралықтың туын ұстап жүрген аузы дуалы, сөзі киелі адамдар арамызда бар.
Өйткені «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді ғой атамыз қазақ. Осыдан артық ой сорабын түйіндейтін сөз жоқ шығар.
Еламан Баденұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Орал қаласы
Аманжанның ұрпақтарына арнаған жазбаларынан үзінді:
Біз қандай халықпыз?
Біз – қазақ деген дауысы көкті жарған Күлтегіннің, айбынынан ай тығылған Абылайдың, еңкеймеген ер Махамбеттің, ешбір жан тізесін бүге алмаған Қажмұқанның ұрпағымыз.
Даналық сөздер:
Ұрпақтарыңды шыдамды,сабырлы болуға үйрет. Ішкі сырыңды дұшпаныңнан жасырын ұста. Біреудің жасырын сырын білуге әдеттенбе.
Кімнің білімі көп болса, оны басқалардан көп құрметте. Кімде-кім білім алудан қашса, оны адамға санама.
Уәдеге берік достарыңнан айырылма.
Өзіңе лайықты сөз сөйле. Ұят өлімнен де күшті екенін есіңнен шығарма.
Алпыс алты ақылынан:
Тәрбиеліден – тәлім,ғылымнан – ғибрат, өнерліден өнеге ал.
Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.
Үлкен кісі келсе, жайдарлы қарсы ал, төрге шығар.
Үлкендерден бұрын тамаққа қол салма.
Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.
Шалбарды отырып кию керек.
Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.
Кемтар адам алдында дене кемістігі туралы әңгіме айтпа.
Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.