Мұражай– жәдігерлер мекені, тұнып тұрған тарих. Халық пен тарих егіз төл ұғым, ұлттық тарихы жоқ халық болмайды. Ал тарих туған жерден бастау алады. Еліміздің ертеңі тарихпен тығыз байланыста, сондықтан да мұражай өткеннен сыр шертетін бірден-бір асыл мұра екені даусыз.
Бүгінде егеменді ел болған Қазақстан жаһандану дәуіріне аяқ басып, замана дәуірімен бірге ел, оның тарихы, жады қайта түлеп, танымы жаңа мазмұнға ие болуда. Еліміз өткен өміріндегі құндылықтарды түгендеп, ұлттық тарихын қайта қарап таразылау, оның сабақтары мен үлгілерін жұртшылыққа таныту мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал осы құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды жалпақ жұртшылыққа танытар, болашаққа жеткізер тағылымды тәрбие орны – мұражай. Ол – өлкенің тарихын зерттеп, кешегі тарихты боямасыз сол қалпында көз алдыңа әкеліп, өткен өмір мен бүгінгі күнді жалғаушы көпір.
Өткенді білу – әр ұрпақтың парызы. Ұққанға ұғымы кең сөз. Асылында, бабамыздың ғұмыр тарихына қанықпай, өмір дағдысын білмей өмір сүру қылмыс сықылды көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, өткенді білу – кім екеніңді білу, кім болмағыңды бажайлау. Міне, осындай тәмсілден соң ұлт тарихына үңілу қажет-ақ. Ол үшін қайтпек керек? Әрине, мұражайға барып, тарихтан сусындап, рухани кемелденуіміз керек.
Солай-ау, алайда, «мұражай» дегенде Теректі жұртшылығын ұят қысатыны ащы да болса, шындық! Неге? Өйткені, осы уақытқа дейін өз алдына бөлек «мен мұндалап» тұратын мұражай жоқ!
Қанша уақыттан бері «Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейі» орналасатын ғимаратты күрделі жөндеу күтіп тұр.
Талай-талай басшы келді-кетті, мұражай ашу жөнінде үйіп-төгілген уәделер де солай ұшты-күйлі жоқ болды. Басқа өңірлерге бара қалсақ болғаны, бірден мұражайларын көрсетіп мақтана жөнеледі. Мақтанса, мақтанғандай, себебі іші көне жәдігерлерден сықасып тұр. Мұндай жәдігерлер біздерде жоқ емес, бар. Тек бір жерге тоғыстыратын жаңағы мәдени ошақтың жоқтығы – ауданымызға сын.
«Ауданда тұрғанымызға бірнеше жыл болды. Әу баста Казталов өңірінен көшіп келдік. Бұрын бұл жерге жатырқай қарағанымыз рас. Қазіргі таңда әбден сіңісіп үйреніп кеттік қой. Шыны керек, ауданымыздың келбеті көз алдымызда көркейіп келеді. Тұрғындар үшін, өркендеп дамығаны жақсы, әрине. Алайда, аудан орталығында бір мұражайдың жоқтығы қиын. Неге дейсіз бе?
Бір ай бұрын Маңғыстаудан құда-жекжаттармыз келген болатын. Меймандарымызды ауданымыздың тыныс-тіршілігімен таныстырайын деген оймен орталықты аралап шықтық. Содан кешкісін үйге келгеннен соң маңғыстаулықтар «үлкен бір ауданда мұражайларыңыз жоқ екен, ауданның келбетін айқындайтын, тарихынан сыр шертетін мәдени орынның болмауы қызық екен» дегенде, өз басым намыстанып кеттім. Осыдан кейін ойланып қарасам, расында да ауданда тұрғалы бірде-бір мұражайды көрмеппін, естімеппін. Жалпы, мұражайды ашуға кім жауапты? «Аудан басшысы жаңадан келді» деп естідім, осы кісі қолға алса, жақсы. Теректіде тумасақ та, суын ішіп, ауасымен тыныстап жүргендіктен, жанымыз ашып, бүйрегіміз бұрып тұратыны жасырын емес. Өйткені ұрпағымыз осы топырақта дүниеге келді. Олардың туған жерінің тарихымен біте қайнасып, өскен жері жөнінде біліп өскенін қалаймын». Бұл аудан орталығы Федоров ауданының тұрғыны Қайрат Нұрмановтың пікірі. Ол кісі «ауданымызда мұражай енді бола ма?» деп сұрайды. Салаға жауапты жандарды іздестіріп, жаңағы сауалды біз де қойдық.
– Мұражай – өткен өмірдің айнасы. Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды. Жалпы, ата-бабаларымыз өнегелі өмірін әйгілейтін мұраларды жоғалтпай сақтап, бала тәрбиесіне пайдалануда, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражай жұмысының алар орны айрықша екені көпке мәлім. Сол себепті болашақ ұрпақты бәсекеге қабілетті жан-жақты дамыған тұлға ретінде тағылымдылыққа тәрбиелеуіміз үшін арғы, бергі тарихтан мол мағлұмат беруіміз қажет. Бұл істе мұражайдың атқаратын еңбегі маңызды да және тәжірибелік мәні зор екені даусыз.
Бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізген тұста, төл тарихымызға шынайы көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Бұл жерде жергілікті өлкетану мұражайларының көтеретін жүгі жеңіл емес. Сондықтан мұражай жұмысының жергілікті деңгейде сауатты ұйымдастырылуы өте маңызды іс. Өйткені мұражай – көнеден қалған жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп, тарихымызды танытатын мәдениет ошағы.
Теректі ауданында өңірдің тарихын, ол жерде дүниеге келген, өсіп өнген біртуар тұлғалардың өнегелі өмірін, ауданның аумағындағы жер қойнауынан табылып жатқан жәдігерлерді болашақ ұрпаққа жеткізу, аудан тұрғындары мен қонақтарын ауданның даму жолы, оның «інжу-маржандарымен» таныстыру мақсатында мұражай ашу бірнеше жылдан бері қойылып келе жатқан көкейтесті мәселенің бірі. Айтса айтқандай ақ, жеріміз сақ дәуірінен бастап тарих жырын шертетін жәдігерлерге бай. Оның бірден бір дәлелі — күллі әлемге белгілі болып отырған Алтын әйел -Тақсай ханшайымы,-деп әріден тартқан Теректі аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин: «Биыл осы мәселе өз шешімін тапқалы тұр. Аудан орталығы Федоров ауылының кіре берісіндегі Бейбітшілік көшесі, 170 үйде орналасқан екі қабатты ғимарат осы мақсатқа бөлініп, «Теректі аудандық мәдени демалыс орталығы» МКҚК теңгеріміне берілді. Бұл ғимаратты мұражай ашуға ыңғайластырып, оңтайланлыдру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арнайы жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта нысанға жөндеу жұмыстарын өткізу үшін мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсына құжаттамалар әзірленуде» деген мәлімет берді.
Арман Рахметоллаұлы бізбен әңгімесінде мұражай ғимаратының әзір еместігіне қарамастан, «Теректі аудандық мәдени демалыс орталығы» МКҚК-ның қызметкерлері аудан тұрғындарынан мұражайға қойылатын жәдігерлер мен ақпараттар қорын жинап дайындық жұмыстарына білек сыбана кірісіп те кеткенін айтты. Бірқатар жәдігерлерді аудандық мәдениет үйінің конференц залының балконына орналасқан «Музей кабинетінен» көріп, мағлұматтар алуға болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Амангелді Салимов археологиялық қазба жұмыстарына ат салысып, өз бетінше ізденіп, неолит дәуірі кезеңдерінен бергі уақытқа дейінгі аралықта мәлімет беретін жәдігерлерді жинақтап жүр.
-Ал бюджеттен қаражат бөлініп, ғимаратты жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталған жағдайда, осы жылдың екінші жартысында «Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейі» есігін айқара ашады деп жоспарлануда, – дейді А.Сағидоллин.
Тоқ етерін айтқанда, әзірше күтеміз. Күткен еңбегімізге мұражай ғимаратын жөндеу жұмысы сиырқұйымшақтанбай дер кезінде реттелер дейміз. Жылдан-жылға сағызша созылмай, аталған мәселе оң шешімін тапса игі. Себебі бұл тұрғындар үшін де зор маңызға ие. «Бар жаңалық негізі – ескіріп қалған көнеде» демекші, біз ел боламыз, өркендейміз десек, көне мұралардан қол үзбеуіміз керек. Халықтың дүниетанымы мен төлтума мәдениеті хақында сыр шертетін жәдігерлер келер ұрпақтың да сан ғасырлық кәдесіне жарап, келешекте өңірдің ұлттық мәдениеті мен өнерін көпшілік деңгейде танытуға алғышарттар жасайтыны хақ. Олай болса, «Теректінің төріндегі мұражайға қош келдіңіздер!» деп кеудемізді керіп тұрып айтар күніміз жақын болғай!
Тақырыпқа тұздық
Қай халықтың, қай елдің болмасын мәдениет деңгейі мұражай арқылы анықталары хақ. Алғашқы «музей» термині Ежелгі Грециядан өз бастауын алады. Грек философтарының ерекше салтанатпен безендіріліп, жиын жасауға арналған сәнді ғимараттары антика дәуірінде «мусейон» немесе «музалар храмы» деп аталған. Ал, біздің қоғамымызда бүгінгі ғылымда қалыптасқан «музей» ұғымына, оның негізгі талаптарына анағұрлым жақынырақ мәдени орындар XV-XVIII ғасырларда Еуропа елдерінде ашыла бастайды. Бұл уақытта әлем тарихына, дүниетануға жаңа ғылыми әдіс қалыптасып, үлкен жаңалықтар мен өзгерістер кезеңі енгені баршамызға белгілі. Әр түрлі коллекциялар қойылған көрмелерді «кабинет» немесе «камера» деп атаған. Өз коллекциясын қалыптастырып, кабинет ашу адамның әлеуметтік мәртебесінің жоғарылауына да үлкен әсерін тигізген. XVI- XVIII ғасырларда сирек кездесетін бұйымдар мен бейнелеу өнерінің туындыларынан құралған коллекциялар болса, XVIII ғасырдан бастап жаратылыстану ғылымының соңғы жетістіктеріне сәйкес ұйымдастырылған жануарлар, өсімдіктер, минералдар әлемі жөнінде кабинеттер көптеп ашыла бастайды. Мұндай орындар әсіресе Италия, Франция, Англия мемлекеттерінде кеңінен өркендейді. Ерекше атап өтетін жәйт – бұл орындардың басым көпшілігі қалың жұртқа ашық қызмет көрсетіп отырады.
Мұражайдың қай түрі болмасын өткенді есте сақтаумен қатар кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Дүние жүзіндегі өзге халықтар секілді біздің де халқымыздың өткен жолы, тарихы бар. Көнеден қалған белгі бар. Ата-бабамыз өмірден өткенімен, олардан қалған игі із бар. Сол белгілер мен мұраларға қарап, қазақ даласы толған көне ескерткіш деуге де болады.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz