«PaperLab» зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев Қазақстандағы жастар корпусын дамыту жобасы – кезеңдері бойынша зерттеу қорытындысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Қазақстанда жастар корпусын дамыту жобасын Білім және ғылым министрлігі 2016 жылдан бері жүзеге асырды. Жобаның басты мақсаты – осал жастарды дамыту және оларға қолдау көрсету еді. Бүгін елордада «Жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру қорытындылары» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр.
«2021 жылы біз ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен зерттеу жүргіздік. Зерттеудің мақсаты – Zhas Project жобасының 4 кезеңінің нәтижесін қарау еді. Зерттеу аясында біз нақты талдау жүргіздік, жастар саясаты саласындағы заңнаманы, қаржы ағындарын зерттедік. Онда 9 фокус тобы болды. Сондай-ақ, біз бенефициарларға сауалнама жүргіздік, менторлардан, мемлекеттік құрылым өкілдерінен, жалпы 700 адамнан сұхбат алды», - деді зерттеу орталығының басшысы.
Серік Бейсембаевтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары жастар саясатының дамыған инфрақұрылымы қалыптасты деп айтуға болады.
«Жастар саясаты қалай қаржыландырылады? Мұнда әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар және гранттық қаржыландыру жүйесі арқылы іске асырылатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сынды бірнеше дереккөзді көрсетуге болады. Бүгінгі таңда оператор – мемлекеттік бастамаларды қолдау орталығы болып отыр. Салалық мемлекеттік бағдарламалар аясында «Еңбек» бағдарламасы, Жастар практикасы, Бизнес Бастау сынды жастар саясаты қаржыландырылады. Зерттеу аясында 2016 жылдан 2021 жылға дейінгі шығындар талданды. 5 жылда мемлекеттік бюджеттен 13 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл ретте қаражаттың жартысы жастар орталықтарын ұстауға жұмсалған. Бұл - жастар саясатына жұмсалатын шығынның бір бөлігі. Салалық бағдарламалар, гранттық қаржыландыру арқылы айтарлықтай қаражат бөлінеді», - деді Серік Бейсембаев.
Орталық басшысы мемлекеттік басқару жүйесіне көшу кезіндегі жобаны іске асыруда қандай сын-қатерлер болатынын айтты.
«Zhas Project жобасында өте көп стейкхолдерлер бар. Сондай-ақ процестердің бюрократиялануына жол бермеу керек. Zhas Project жастардың концептуалды даму тәсіліне негізделді, ол қатаң көрсеткіштерге қол жеткізуді көздемейді. Мұнда сенім мәселесіне назар аударғым келеді. Қаражатты іріктеу, бөлу жүйесі және жергілікті жерлерде шынайы мультипликациялық әсер алуға мүдделі әріптестердің, үйлестірушілердің, менторлардың тартылуы сенім тудырады», - деді Серік Бейсембаев.