Өткен жексенбі күні Орал қаласының Бортау ауылындағы «Саба» ат спорты кешенінде ұлттық спорт түрлерінен алғаш рет әкелер мен балалардан құралған командалар арасында жарыс өтті. Іс-шараны Балалар жылы аясында «Орал» спорт клубының ат спорты бөлімі ұйымдастырған. Онда әкелі-балалы 12 жұп садақ ату, серке ілу, кермеге тартылу, аударыспақ сынды нағыз жігіттер сайысына түсіп, салт-дәстүр, ат спорты мен жылқыға қатысты сауалдарға жауап берді.
Сол күні бұрқасындап қар жауып, өңмеңнен өтердей өкпек жел соғып тұрған болатын. Дәл осындай ауа райының қолайсыздығы жылқы десе, делебесі қозатын балғындарға еш әсер етпеді. Есесіне, олар «Алаш» деп қиқу салып, ат құлағында ойнайтынын дәлелдеді. Сондай-ақ әкелер де ұлдарының ат жалын тартып, ұлттық спорт түрлеріне төселгенін көріп, өздері де намысқа тырысты. Әсіресе, аударыспақтағы, серке ілудегі балаларының ептілігіне тәнті болды. Жарысқа жиналғандар ат спорты нағыз білекті, жүректі жігіттердің ісі екеніне көз жеткізді. Іс-шараның мақсаты да ат жалын тартып, ата жолын қуған жеткіншектердің ісін әкелерге көрсету, ұлттық спортты дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу болатын.
– Ұлттық спорттың кенжелеп тұрғанын мойындауымыз керек. Бұрын ауылдың баласы қара жұмыс істейді, сол себепті білекті деп, ал қаланың баласы ондай шаруаға епсіз, әлсіз дейтін. Өйткені біз бұрын ауылда су тасыдық, отын жардық, мал жайладық. Қазір ауылдарға газ, су келді. Малды да мотоциклмен бағады. Тіпті балалар да атқа мінуді білмейді. Ауылдан қалаға демалысқа келіп, ат спорты үйірмесіне қатысатын балалар бар. Бүгін әкелер мен балаларға ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс ұйымдастырдық. Оларға бұл доданың ұнағаны соншалық, ай сайын өткізіп тұрсаңыздар деген ұсынысын айтып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, әкелер мен балалар намысқа тырысып, бірін-бірі қайрады. Екіншіден, өздері жетектеп әкелген ұлдарының ат үстінде атойлап, серкеге тарпа бас салып тақымдағанын көргенде риза болып, еріксіз бастарын шайқауда. Қатысушы әкелердің жасы бойынша ең үлкені 57-де болса, ең жас балуан 10-да, – деді атбегі, ұлттық спорт түрлерін дамыту этнокешенінің жетекшісі Ақылбек Ищанов.
Өңірге танымал спорт ардагерлері Руслан Мырзашев пен Қуаныш Уақасов жас балуандарға батасын берсе, олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Қанат Жанғалиев ат спортының баланың дамуына маңызы зор екендігін жеткізді. Сайыс қорытындысында Оралхан Бақтыгереев пен оның ұлы Нұрдәулет Мағзом жеңімпаз атанды. Әбілқайыр Ахметов пен Дияс Сүйінғараев екінші, Нұрлан Ахмешев пен Арсен Мұратқали үшінші орынға ие болды. Жүлдегерлер дипломмен, жарысқа қатысушылар алғысхат, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Мейіржан Жәңгіров, жарысқа қатысқан әке:
– Теректі ауданының Шалқар ауылда дүниеге келдім. 1994 жылы Орал қаласына көшіп келдік. Ауылда тұрғанда атқа міндік. Қалаға көшіп келген соң бәрі ұмыт қалды. Ұлымның осы ат спорты кешеніне келіп жүргеніне бір жыл бес айдай уақыт өтті. Жұма, сенбі, жексенбі күндері жаттығудан қалған емес. Көлікпен әкеліп тастаймыз. Көлік босамай қалғанда, таксимен де келеді. Бүгінгі жарыстың біз үшін, әкелер үшін орны да, әсері де бөлек болды. 28 жылдан кейін атқа отырдым. Ұлдарымызға үлгі-өнеге көрсету үшін жеңілмеуге тырысып бағудамыз.
Ілияс Тұрарбеков, жарысқа қатысушы:
– «Саба» ат спорты кешенінде жаттығып жүргеніме жеті ай болды. Орал қаласындағы Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейде оқимын. Құс фабрикасы ауылында тұрамын. Маған атқа мініп жарысқан қатты ұнайды. Садақ ату, серке ілу, аударыспақ секілді ұлттық ойын түрлерін үйрендім. Бұрын Казталов ауданының Жалпақтал ауылында тұратын ата-әжеме барғанда атқа бір-екі мәрте мініп көргенмін. Енді осы ат спорты кешенінде жаттығып жүрмін.
Нұрислам Жәңгіров, жарысқа қатысушы:
– Орал қаласындағы №20 мектептің 5-сыныбында оқимын. Ат спорты кешеніне 2020 жылдың желтоқсан айында келдім. Үйірмеден атты ерттеуден бастап, отыруды, шабуды, сондай-ақ аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, серке ілу секілді ұлттық спорт түрлерін меңгердім. Аударыспақта білек күшің мен ат үстіндегі адамды құлатудың әдіс-тәсілін біліп, атың жақсы болса, жеңесің. Өзіме аттың үстінде серуендеген қатты ұнайды. Осы үйірме арқылы көптеген достар таптым.
Нұрдәулет Мағзом, жарыс жеңімпазы:
– Телефонда ойнап көзімді ауыртқанша, осында келіп денемді шынықтырғаным жөн. Басында мен де жылқыға дұрыс отыруды, ерттеуді білмедім. Қазір аттың құлағында ойнаймын десем де болады. Ұлттық спорт түрлерін меңгердім. Бүгінгі жарыс арқылы әкеме жетістікке жете алатынымды, атқа мініп, шаба алатынымды дәлелдедім деп ойлаймын.