Бүгін Ұлттық банк кезектен тыс базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 2.25 пунктіге, яғни 13,5 пайызға дейін көтерді. Экономист теңге қатты құлдырап жатқан тұста, бұл оң шешім болды деп есептейді.
Әрине, пайыздар өседі: бірінші кезекте депозит пайыздары өседі. Бұл тұрғыдан азаматтарымыз теңгелік депозитте көбірек ақша ұстайды деген сенім бар. Бұл теңгеге кішкене күш береді. Дәл қазіргі теңгеміздің қатты құлдырап жатқан жағдайында бұл қадам керек деп айтуға негіз бар. Бұған қоса кредиттердің де пайызы өседі. Өкінішке қарай, қанша уақыттан бері кредиттердің пайызын түсіре алмай келеміз. Бұл шешім кредиттік пайызды одан ары өсіреді.Экономист Мақсат Халық
Оның пікірінше, базалық пайыздық мөлшерлеменің артуы экономиканың жалпы қозғаушы күші болып отырған бизнеске де айтарлықтай зиян келтіреді.
Президентіміз жақында екінші деңгейлі банктерге бизнестерді қаржыландыру туралы тапсырма берді. Екінші деңгейлі банктер өздерінде бар активтерді шағын және орта бизнесті қаржыландыруға құлықсыз болып келді. Себебі олар базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты ақша қаражаттарын РЕПО сияқты операцияларға салып, сол жерден табыс табатын. Енді осы сценарий қайта қайталанады және бұл үдей түседі. Өйткені пайыздар 10,25 емес, 13,5-ке артты. Демек бизнесті, іскерлік ортаны қаржыландыру мүлде жайында қалады деуге негіз бар. Ал іскерлік ортаны жалпы экономиканың негізгі қозғаушы күші десек, бұл жағдай экономикаға кері әсер етеді. Зияны осыда.Экономист Мақсат Халық
Жағдайдың күрделенуіне орай ҚР Ұлттық банкі 23 ақпан күні 33 миллион доллар интервенция жасаған еді. Ұлттық банк тарапынан қабылданған бұл шешімді экономист «құмға тамызған судай болды» деп бағалап, экономикадағы жағдайды тұрақтандыруға еш әсерін тигізбегенін атап өтті.
Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын пандемия басталған тұста мемлекетіміз базалық пайыздық мөлшерлемені бірден 9 пайыздан 12 пайызға көтерген еді. Сол кезде бүкіл әлем керісінше, базалық пайыздық мөлшерлемелерін түсіріп жатқан. Сонда билік қатты сынға ұшырады. Ал қазіргі сценарий тұрғысынан қарайтын болсақ, бұған геосаяси жағдай әсер етіп тұр. Рубльдің рекордтық дәрежеге дейін құнсызданып жатқанына қарай, тез арада бір шешімге келу керек болды. Кеше Ұлттық банк 33 миллион доллар интервенция жасап көрді, бірақ ол ешқандай әсерін тигізген жоқ. Шөл далаға тамызған судай болды.