"Алғыс айту" күніне орай Бәйтерек ауданы Рубежин ауылында қазақ күресінен 2009-2010 ж.т., 2011-2012 ж.т. жасөспірім ұлдар және 2011-2012 ж.т. қыздар арасында аудан біріншілігі өтті. Ұлт спортына деген қызығушылықты арттырып, қазақ күресімен айналысушылардың шеберлігін шыңдау мақсатында өткен жарысқа Бәйтерек БЖСМ, Макаров, Трекин, Көшім, Чувашка, Камень, Дариян, Янайкин, және Рубежин ауылдарының жас палуандары қатысты.
Байрақты бәсекені тамашалауға арнайы келген облыстық қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы мен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Медет Оңдағанов палуандарға сәттілік тілеп, бабы мен бағы қатар шапқан шын жүйрік жеңіске жетсін деген тілегін білдірді.
Ауылға спорт мерекесін сыйлаған жарыс қызыққа толы болды. Бір-бірін алып та шалып та жыға білген жас палуандарға қолдау білдірген көрермен де көп болды.
Қорытындысында 2009-2010 жылдары туған жасөпірімдер арасында Тулебай Думан, Кәрім, Данияр Серіков, Амантай сынды споршылар үздік деп танылса, 2011-2012 ж.т. жасөспірім палуандар сынында Мұхамбетқали Ислам, Нұрат Саят, Давид Бойка, Алдияр Жұмағалиев, Мақсот Диар сынды жігіттер алтыннан алқа тақты. Одан бөлек бұрымды палуандар да өзара мықтыны анықтады.
Бұл жарыста Назерке Жоламанова, Аянат Абуова, Найма Жанзақ, Юлия Козлова, Альфия Жолбатыр, Дарья Забильская сынды қыздар өз салмағында жеңімпаз атанды.
Жарыс соңында чемпиондар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары және медальдар табыс етілді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz