Қазақстан халқы өздерінің әлеуметтік жағдайына қаншалықты қанағаттанады? Қай өңір тұрғындары азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасына қанағаттанбайды? Осы және өзге де әлеуметтік сауалдар нәтижесі жөнінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік зерттеу мониторингіне қатысқан 6800 респонденттің 60,4 пайызы қала тұрғындары, қалған 39,6 пайызы ауыл тұрғындары. Ондағы әйелдердің үлесі – 44,6 пайыз, ал ерлердің үлесі – 55,4 пайыз.
Респонденттердің 65,5 пайызы тауарлар мен азық-түліктің бағасына, 53,2 пайызы тұратын жерінің экологиялық ахуалына, 51,7 пайызы жолдың сапасына, 45,6 пайызы медицина сапасына, 44,7 пайызы жеке табыс көлеміне, 39,9 пайызы қоғамдық көлік қызметіне, 38,7 пайызы білім беруге және 34 пайызы өз жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді», - деді Жанна Кәрімова әлеуметтік мониторинг нәтижесін таныстыра отырып.
Оның айтуынша, халықтың ойын білу шарасы 2 бағытта жүргізілді. Бірі азаматтардан жеке сұхбат алу арқылы, екінші жолы көшеге шығып халықтың пікірін сұрау жолымен.
«Елдегі соңғы 9 ай ішіндегі әлеуметтік өзгерістерге зер салатын болсақ. Барлық позициялар бойынша қанағаттанбаушылықтың артқаны байқалады. 2021 жылдың маусым айымен салыстырғанда бағаның өсуіне қанағаттанбау көрсеткіші 4,4 пайызға, медициналық қызмет сапасына қанағаттанбаушылық 7, 5 пайызға, экологиялық ахуалға қанағаттанбау 13,1 пайызға артқан. Мониторинг нәтижесінде азық-түлік және тауарлардың бағасына әсіресе БҚО (86,6%), Ақмола облысы (81,8%) және Атырау облысының (78,9%) жұрты алаңдатушылық танытты», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасалды. Сауалнаманы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты өткізді.
Институт мамандардың айтуынша, әлеуметтік сауалнамаға 18 жасқа толған, барлығы 6800 респондент қатысты.