Ертеден-ақ он саусағынан өнер тамған жандардың атағы алысқа тараған екен. Бір өзі он адамға татитын сондай шеберлер әрине, бүгін де арамызда аз емес.
Сонау Қостанайдағы Арқалық қаласының тумасы, Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының келіні Самал Әбдірахманова – өнер құдіретін ұдайы ізденіспен шыңдаған ісмерлердің бірі. Текемет тоқу, киіз басу, ши өру, кәдесый, тұмар жасау, құрақ құрау өнері... Оның шеберлігі тек осы аталған қолөнер түрлерімен шектелмейді. Ұшқыр қиял, жүйрік ойының арқасында көздің жауын алатын талай құнды дүниелер осы келіншектің шебер қолынан шығып жатыр.
Мал жұтаса да, өнер жұтамайтынын дөп басқан халқымыздың даналығын айтсаңызшы. Осы орайда сыр тартып, әңгімелесе қалсаңыз, Самал Құмақбайқызының ұлттық қолөнерімізге деген айрықша сүйіспеншілігін байқау тіпті қиын емес. Халқымыздың байлығы – асыл дәстүрімізден мол хабардарлығы әр туындысынан сайрап тұр. Демек, білімге құштарлық, үздіксіз ізденіс деген осы.
– Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман бұл, қолөнерге қатысты да осылай дегеніміз жөн. Тек өз білгеніңмен шектеліп қалмай, жаңа бағыттарды заман тамырын дәл басып отырып, күн-түн демей іздеуің керек. Біреулер білімді жастай алу керек десе, мен білім-өнерді өмір бойы үйренген көптік етпейді дер едім, – дейді ол. – Менің алғашқы ұстазым – анам Ибагүл. Өзім тігіншілікке кәсіби оқыған жан емеспін. Киім тігіп, көрпе құрап отырған ардақты анама мектеп жасынан-ақ қолғабыс болуға тырыстым. Артынан мұның пайда тауып, нәсіпке кенелтетін кәсібіме айналатыны сол кезде мың ұйықтасам да, түсіме кірмейтін, – дейді Самал.
Әрине, шеберге ешқашан тоқтап қалуға болмайды. Ілбішінге келін боп түскен соң Самал жұмыссыз отырмайын деп, ауылдастарының шағын тапсырыстары бойынша тігіншілікпен айналысады. Бастапқыда осыны қанағат тұтатын. Дегенмен 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы шағын грант иеленіп, қолөнерге қажет құрал-жабдықтарды сатып алған кезде бәрі бірден өзгеріп сала берді. Енді бастаған кәсіпті әрі қарау өрлету керек, осыны құнттаған Самал қыз жасауын даярлауға зер салады.
– Бұл салада қал-қадірімше алға ұмтылудамын. Көп уақыт өткен жоқ, міне, Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашып, өз жұмыстарымды жарнамалап келемін. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, ромб және неше түрлі нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған құрақ көрпелерім сұранысқа ие болып келеді. Алыс-жақыннан тапсырыс берушілер де бар. Қазір ғаламтордың да білім-білікті арттырғың келсе, пайдасы зор. Анамнан үйренгеніммен ғана шектеліп қалмай, осы әлеуметтік желілердегі түрлі шеберлік-сыныптарда біліктілігімді шыңдап келемін. Білгенім бір тоғыз болса, білмегенім тоқсан тоғыз демеуші ме еді?! Карантин уақытында құрақ құрастырудың хас шебері Ырза Тұрсынзаданың онлайн курстарына қатыстым. Мұндай курстардың пайдасы – қолөнердің қыр-сырын меңгертіп, шеберлігіңді жетілдіреді. Әрине, оған да ынта-ықылас керек. Қалғанын жұмыс барысында алып кету оңайға түседі, – дейді ісмер.
Көріп отырғанымыздай, осыған дейінгі жылдар Самалға біраз тәжірибе әкеліпті. Былтыр облыс орталығында өткен құрақ көрпе жәрмеңкесінің шебердің тапсырыс аясын кеңейтуге орны айрықша болған. Мұнда ол өзі секілді қыз жасауымен айналысатын қолөнер шеберлерімен тәжірибе алмасып, бірсыпыра бастамаларымен дараланды. Сондай-ақ American corners бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған бірайлық «Аманат» курсына 50 адамның ішінен іріктеуден өтіп, қатысудың бағы бұйырды. Бұл шарадан олжасы мол болғанын шебер қуана айтады. Киіз басу технологиясына дендей түскені, жүннен түрлі өнім дайындау – ісмердің шеберлік қоржынына мол олжа.
«Анаға қарап, қыз өсер» деген қазақ даналығының дәлдігін Самалдың тірлігінен де, оның шеберлігіне тәнті болып, өздері де қолөнерге ықылас білдірген қыздарынан да анық аңғарамыз. Үлкен қызы Аяна қазір 13 жаста болса, анасы оны 10 жасынан ісмерлікке баулып келеді. Бастапқыда оюлар ойып, анасы сызып берген пішіндерді қиып бастаған кішкентай көмекші бүгінде майда моншақтардан түрлі әшекейлер жасап, қолдарын жаттықтырып жүр. Бұйыртса, кенже қызы жеті жасар Гүлсаяның да қолқанат болып, ісмерлікке араласатынына анасы сенімді.
Иә, Самалдың қолынан шыққан бұйымдардың өзі-ақ ұлттық өнердің қадіріне тамсантпай қоймайды. Бұл таңда тұмарлары, құдалыққа арналған қоржындары, басқа да түрлі кәдесыйлық дүниелер, көрпе-жастықтары сұранысқа ие. «Шебердің қолы ортақ»,-деп осындайда айтылған емес пе?!
Самал Әбдірахманованың алғы күндерге жоспары аз емес. Бұл, ең алдымен, айналама пайдам тисе, халқымыздың рухани мұрасының сақталуына өз қолтаңбамды қоссам деген құлшыныстан туындағаны сөзсіз.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz