2019 жылы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын автожол жөнделе бастады. Бірақ үш жылға межеленген жұмыстың аяқталар түрі жоқ. Ол түгілі жол учаскелерінің біраз бөлігіне асфальт төселмеді. Мердігерлер салған айналма жол сапасы сын көтермейді. Көктемгі уақыттағы лайсаң кезде магистраль ми батпаққа айналып, жолаушылар жол азабын тартуда. Жеңіл автокөліктерді ауыр техникалар тұралап қалған жерінен әрең сүйреп шығаруда. Әлеуметтік желілерде лезде тарап жатқан бейнетүсірілімдерде батпаққа белшесінен батқан көліктер мен шарасыз тұрғындар наразылығы анық көрініс табуда. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев түсініктеме берді.
Оның сөзінше, 25 ақпаннан бастап күн күрт жылынып, оңтүстік аудандарда қар суының мейлінше көп жиналуы байқалған. Қазіргі уақытта батпаққа айналған жол бойында темір тұлпарлар жиі қаңтарылуда. Атқамінерлер жолаушылар көлігіне көмектесетін техникалар іске қосылғанын, тіпті медициналық қызмет көрсетуге арналған мәшинелерге дейін қарастырылғанын айтады. Шалғайдағы тұрғындар жағдайға қарап қимылдаудан гөрі, мердігерлер қолға алған жұмыстың өнікті жүруін сұрап отырғаны сөзсіз. Бастапқы жоспар бойынша Казталов – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолдарының 248 шақырымы жөнделуі тиіс еді. Бүгінге дейін республикалық маңыздағы автожолдың 55 шақырымына қатқыл жабын төселіпті. Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев пандемия кезеңінде күрделі жөндеудің тоқырағанын алға тартты. Індет салдарынан құрылысшылардың біразы ауырғасын, мердігерлер жұмысты ішінара тоқтатуға мәжбүр болған. 2021 жылы республикалық жолды жөндеуге бюджеттен бөлінген 20 млрд теңгенің 50%-ы игерілмеген. Одан бөлек автожол бойындағы бес учаскенің біріндегі жұмыс түгелдей тоқтаған. Оған «Теміржол жөндеу» ЖШС-ның өз міндеттемелеріне салғырт қарағаны болды. Серіктестік екі учаске бойынша күрделі жөндеу жүргізген. Қазіргі кезде аталған компания бір учаскедегі құрылысты атқарудан шеттетілді. Мамыр айында даулы учаскедегі жұмысты жаңадан бастайтын мердігер анықталады. «Кергіген кері кетер» демекші, республикалық автожолдың Казталов ауданы Тереңкөл ауылдық округі тұсындағы бөлігі нағыз ми батпаққа айналатын еңіс жерде орналасқан еді. Жолдың дәл осы бөлігі жауапсыз мердігердің еншісінде болған. Басы дауға қалған серіктестіктің шеттетілуі себепті жол топырағын нығайту, айналма жол салу мәселесі уақтылы қарастырылмаған. Әркім өз сабына қарауыл болып отырғанның өзінде, даладағы тоң ерігесін басқа учаскелердегі айналма жолдарға төселген қиыршық тастар шөгіп, автокөліктер жүруіне елеулі қиындықтар туындады.
Республикалық күре жолдың күрделі жөндеуіне жауапты басты оператор – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ. Ал облыс әкімдігі күрделі жолдың жөнделуіне бақылаушы ретінде ғана атсалысуда. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жол картасында белгіленгендей, автожолды күрделі жөндеу 2023 жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда. Темірхан Меңдіғалиев жыл сайынғы бір картина – қар еріген уақыттағы қарбаластың қайталануын болдырмау үшін биыл мердігерлер автожолдардың барлық бөлігіне асфальттың негізгі бір қабатын тұтас төсеп шығатынын айтты. Жыл басында жол жөндеуге бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бірер айда дәл осындай транш қайталанатыны күтілуде. Одан бұрын мердігерлер жұмысы баяулағасын, уақтылы жеткізілмеген құрылыс материалдары бағасы күрт шарықтап отырған. Жол құрылысына битум Ақтаудан, құм-гравий қоспасы Оралдан, қиыршық тас Ақтөбеден тасымалдануда. Шикізатты тасымалдау құнымен жол жобасы қымбатқа шығуда. Автожол құрылысын төрт негізгі мердігер жүргізіп келеді. Оған қоса қосалқы мердігерлер бар.
– Жол құрылысы басталғалы битумды кейде Петропавлдан, кейде Алматыдан тасымалдауға тура келді. Былтырғы күз айында мердігерлер құрылыс материалдарының бағасы 10%-ға қымбаттағанын хабарлады. Азаматтық кодекске сай, мердігерлер құқын қорғау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама қайтадан мемлекеттік сараптамаға беріліп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты көлік комитеті өтемақы төлеу мәселесін қарастыруда. Республикалық автожолды күрделі жөндеуге келісімшарт бойынша кезең-кезеңімен 57 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Қазіргі уақытта мердігерлер 23 млрд теңге қаражатты игерді. Әлбетте, бұл қаражат түгелдей жол жөндеуге жұмсалған жоқ, оның біраз бөлігі құрылыс компанияларының дайындығына, инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған. Жолдың бір шақырымын жөндеуге, шамамен, 200 миллион теңге жұмсалуда. Құрылыс жобасы басталар кезде мемсатып алу бойынша мердігерлерді анықтау ұзаққа созылды. Тапсырыс беруші мекеме – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бастапқы кезеңде құрылысты уақтылы қаржыландырып үлгере алмады. Бұл жөнінде облыс әкімі бірнеше мәрте салалық министрлікті құлағдар қылды, – деді БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Темірхан Меңдіғалиев.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz