Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру мен шығу, жүріп-тұру үшін Қылмыстық кодекстің 394-бабында арнайы жауаптылық қарастырылғанын көпшіліктің есіне сала кеткен артық болмас. Онда шетелдік азаматтардың немесе азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон тәртібін бұзу деректері көрініс тапса, төмендегідей жазалар қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, аталмыш жағдайда кінәлі болғандар 2000 мың АЕК-ге дейін айыппұл төлейді, не болмаса 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұдан өзге екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза да белгіленген.
Жасыратыны жоқ, мұндай қылмыстар көбінесе жасырын сипатқа ие, оны ашу үшін жедел-іздестіру шараларын кешенді жүргізу керек. Тек соңғы екі жылда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне заңсыз көші-қонның 11 дерегі тіркелді. Қазіргі күні оның 6-уы ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылса, 2-еуіне сот актілері шығарылып, 3-еуіне іс жүріп жатыр.
Сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактісін анықтады. Яғни тергеу барысында 4 қазақстандық Ресей Федерациясына кіруге уақытша шектеу қойылған өзбек елінің өкіліне «қамқорлық» танытқаны белгілі болды. Олар алдын ала 1000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай «сыйлыққа» сөз байласып, әлгі адамға көлік құралдарын, тұрғын үй-жайларды ұсыну арқылы шекарадан заңсыз өтуіне мүмкіндік жасаған. РФ шекара жасағының күштері барлық кінәліні ұстады. ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша сот үкімімен олар 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын арқалады. Сондықтан Орал қалалық прокуратурасы осындай заңсыз көші-қонды ұйымдастыру немесе соған ықпал ету фактісі қылмыстық жауапкершілікке жетелейтінін ескертеді.
Мейірбек Тілеулиев,
Орал қаласының прокуроры