11.03.2022, 9:39
Оқылды: 53

Қазақстан БҰҰ Адами даму индексінде 51-орында тұр

Парламент Сенатында БҰҰ Даму бағдарламасының Адами даму туралы кезекті баяндамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220112230317970e

Сенат депутаттары мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері Қазақстандағы адами дамуды ілгерілету мәселелерін талқылады.

«Бұл кездесу еліміз үшін маңызды дата – Тәуелсіздіктің және БҰҰ-ға мүшеліктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қазақстан бұл мерейтойға прогресс пен тұрақты дамудың жақсы көрсеткіштерімен келді деп толық сеніммен айтуға болады. Ауқымды реформалардың арқасында экономиканың іс жүзіндегі көлемі 2,5 есеге ұлғайды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ долларлық баламада 13 есеге өсті және республикамызға Орталық Азиядағы сөзсіз көшбасшылықты қамтамасыз етті. Бұл біздің елімізге адам дамуына айтарлықтай инвестиция салуға мүмкіндік берді. Белсенді әлеуметтік саясат арқылы 2011-2020 жылдары Қазақстандағы кедейлік деңгейі 47 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді. 30 жыл ішінде Қазақстанда 1800 мектеп және 1827 денсаулық сақтау нысаны салынды. 2000 жылдан бастап ел халқы 4 миллионнан астам адамға көбейді, өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін өсті», - деді Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина дөңгелек үстел барысында.

Сонымен бірге, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Якуп Бериш Қазақстан дамудың маңызды нәтижелеріне қол жеткізгенін атап өтті.

«Ел дамудың айтарлықтай нәтижелеріне қол жеткізді, түйінді нарықтық реформалар іске асырылды, кедейшілік деңгейі қысқартылды, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі жетілдірілді. Алайда, бұл прогресті жаңа жаһандық, өңірлік және ұлттық сын-қатерлері бар нәзік және болжап болмайтын орта жағдайында сақтап қалу аса маңызды», - деді Якуп Бериш.

Ол сондай-ақ әріптестік қарым-қатынастарды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ ДБ-ның елді және Қазақстан халқын осы жолда қолдауға дайын екенін айтты.

Шара аясында Еуропа және ТМД елдеріндегі БҰҰ Даму бағдарламасы Аймақтық бюросының бас экономисі Бен Слей адам дамуының негізгі құрамдас бөліктері, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және лайықты өмір сүру жағдайы жөніндегі Қазақстанның ілгерілеуіне шолу жасады. Шолуға сәйкес, соңғы 30 жылда Қазақстанның Адами даму индексінің жаһандық рейтингіндегі маңызы айтарлықтай жақсарды. Қазақстан әрбір онжылдықтың сын-қатерлеріне жауап бере отырып, адами дамуды белсенді басқарды. Ел өзінің Адами даму индексін арттырып, адам дамуының деңгейі өте жоғары елдер тобына кіре алды, 189 ел мен аумақтың арасында 51-ші орынға ие болды. Жалпы, 30 жыл ішінде Адами даму индексінің орташа жылдық өсуі 0,6% құраған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале