Сырым ауданының орталығы Жымпитыда 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында қазақ күресінен Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Чемпионаттың ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Сырым аудандық қазақ күресі федерациясының Президенті Санат Берсебаев спортшыларға сәттілік тіледі.
Облыстық чемпионаттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облыстық қазақ күресі федерациясының Президенті Әсет Сұлтанұлы арнайы келді.
-Биылғы жылдың алғашқы іріктеу жарысын Сырым ауданында өткізуіміздің өзіндік себебі бар. Сырым елі небір мықты батырларды, белдескеннің белін үзер палуандарды тудырған киелі мекен. Ол өз алдына, облыстық «Жыл үздігінде» 10 аталымның 3-еуін Сырым ауданы жеңіп алған болатын. Сол себептен де бастамамыз жақсылықпен, жеңісті күндермен басталсын деген ниетпен осы ауданды таңдап отырмыз, - деді Әсет Сұлтанұлы өз сөзінде.
Одан бөлек, аталмыш федерация атынан аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Нұржауған Құлмұханова арнайы алғысхаттармен марапатталды.
Он аудан мен Орал қаласынан барлығы 130-дан астам спортшы қатысқан тартысты өткен белдесулер нәтижесінде, әр салмақ бойынша сырымдық 15 палуан жүлдегер атанды.
Қарсылас шақ келтірмеген жерлестеріміз Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайтын болады.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz