Дәстүр бойынша 14 наурызда «Амал келді – жыл келді» дегендей, Сырым ауданының орталық алаңында ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтарға есігі айқара ашылды. Ауылдың үлкендері осы жерден табылып, бірі-бірімен, қауышып, қол алысып, төс қағысып, арқа-жарқа болысты. Ақ тілектер ақтарылып, домбыра шанағынан ән-күй төгілді.
Киіз үйдің ішінде ақ дәм мен бауырсақ, құрттан ауыз тисе, сыртында ошақ құрылып, қазанында бауырсақ пісірілді.
Жасы үлкенге құрмет білдіріп, ел болып, қауышып құшақтасар мерекеде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйлеп:
– Бұл мереке – батыс өңірінде сақталған, түркі тілдес халықтардың ежелден келе жатқан мерекесі. Қазақ халқы үшін 14 наурыз көрісу күні, қыстан аман шыққанына, мал төлдеп, аузымыз аққа ілінді деп қуанып, жазымыз жақсы болсын деген тілектер айтылар күн. 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейін ауданда күнбе-күн Ұлыстың күніне арналған мерекелік шаралар өтеді. Наурыз мерекесі көше-көше бойынша сегіз жерде ұйымдастырылып, 22 наурыз күні орталық алаңда қорытындыланады. Баршаңызды мерекемен құттықтап, жылымыз құтты, берекелі, бейбітшілікті жыл болсын!- деді.
Әсем ән әуелеп, әжелер билеп, мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz