19.03.2022, 14:30
Оқылды: 40

Мұрат Тұйғынбетов: "Абзал ағалардың алдын көрдім..." 

Мұрат Санжанұлы Тұйғынбетов – ішкі  істер, прокуратура құрылымдарының ардагері. Қазір құрметті демалыста, Орал қаласында тұрады. Немерелерін еркелетіп, қылықтарын қызықтаған "Ата" болса да, қарияларға қосып, ақсақалдардың арасына апарып қоюға қиындау. Қимыл-қозғалысы ширақ, жүрісі қунақ, әңгімесі анық, ойларын бүкпей айтатын, сізбен қай тақырыпта да еркін кеңес құра алатын жан. Сан  жыл  құқық  қорғау саласында еңбек еткендіктен талай қылмыстың түйінін тарқатуға тура келген. Бірақ Мұрат Санжанұлы олар туралы көп айта бермейді. Екеуміздің таныс-біліс болғанымызға бірталай болғандықтан мына бір әңгімелерін әр жылдарда там-тұмдап естіген едім. Соның бірін бүгін оқырмандар назарына ұсынғалы отырмын.

8

Әуелі, алдымен кейіпкерімізді толығырақ таныстырып алғанымыз жөн. Мұрат Тұйғынбетов – бір  кездегі Тайпақ деген ауданның тумасы. Бүгінде ол Ақжайық ауданы, Жұбан елі деп аталады. Мөкең кейде шешіліп кеткенде, «Жұбан ағамыздың Жыландысынан бес шақырым жердегі, Тайлан деген қыстақта дүниеге келдім» - деп мадиықтанып отыратыны бар. Қарапайым малшының баласы. Балалық шағы тап бір шекесі шылқыған молшылықта өтті десек, артық болар. Жоқшылық пен тапшылықты кішкентайынан сезініп, көріп өсті. Әкесі Санжан 1896 жылы дүниеге келген (күні, айы белгісіз) ғазиз басы Бірінші дүниежүзілік - орыс-герман соғысын, қазан төңкерісін, азамат соғысын бастан-аяқ көрген жан екен. Халықты, әсіресе, қазақты қырып салған ашаршылықтан да аман қалған. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге 1950 жылы ғана оралыпты. Мұрат сол суға салса батпаған, отқа салса жанбаған Санжан қарттың 60-тан асқанда зарықтырып барып көрген перзенті екен. Есенсай ауылының орта мектебін бітіреді.

Әскери борышын Бурятияның Улан-Удэ қаласында өтейді. Сонда жүргенде КСРО Қарулы күштерінің офицерлер даярлайтын арнаулы курсында оқып, лейтенант шенін алады. Әскерден кейін милицияға жұмысқа тұрсам деп армандапты. Бірақ арнаулы жоғары, тіпті  арнаулы орта білімі болмағандықтан ол жаққа қабылдамайды. Ауылда мал бақты, құрылысшы болды. Сөйтіп жүріп, техникум бітіріп алды. Содан кейін ғана  милицияға жұмысқа тұрып еді. Одан соң Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдады. Ішкі істер құрылымында, прокуратурада жұмыс істеген жылдарында Жайлыбай Адаев, Қабдылмәжит Тәліпов, оның бірінші орынбасары Эдуард Гращенков, аудандарда  прокурор болған Орасай Сейдахметов сынды ағалардың кәсіби қамқорлығын көп көрді, оларды өзіне білімі мен білігін, тәжірибесін  берген университет санайды. Жылдар өте Тұйғынбетов облыстың Тайпақ, Жаңақала, Жәнібек және Казталов аудандарында аудан прокуроры болды. Ал кейінгі жылдарда облыстық прокуратураның тергеу басқармасында істеп, зейнет демалысына шықты. Өзі де құқық қорғау саласына келген талай жас маманның томағасын сыпырып, үйретуден жалықпады. Солардың арасында бүгінде есімдері елге белгілі  заңгерлер Абзал Құспанов пен Мәди  Мырзагереев сонау жылдарда бұл Жаңақалада аудан прокуроры болып жүргенде оқу бітіріп келіп, мұның қарамағында қызмет атқарып, қанаттанып еді. Қазір оларды бүкіл қазақ елі біліп қалды. Сондай шәкірттерінің әр қадамына қуанғанда: «Дүние кезек деген осы, мен де анау абзал ағалардың алдын көріп едім ғой» - деп, өзінің де ұстаздарын бас-басына атап, әспеттеп  отырғаны.

 

*   *   *

Өткен күндерден емен-жарқын естелік айтып отырғанбыз. Ыңғайы келді-ау деген бір тұста көкейімде көптен жүрген:  «Мөке, тергеуші болып жүрген кезіңізде тосындау, естіген құлаққа  күлкілілеу істер кездесті ме?» - деген сауалымды қойып қалдым.  Мұрат Санжанұлы әуелі маған «бұл не сұрап отыр, неге сұрап отыр?» дегендей тергеушінің әдетімен барлай қарап алды. Сосын барып, сәл отырып әлдебір нәрсе есіне түскендей күлді. Көп ұзамай, мынандай сырға қанықтық. Бұрынғы тергеушінің қылмыстық хаттама аясынан ұзамай,  нақты фактіге құрылған сол әңгімесін, қырнап-сырлап, төрт бұрышын шығарғанда төмендегідей қылмыстық хикая туды.

...Орал-Каленый бағытына қатынайтын «Икарус» автобусы Чапаев ауылына келіп тоқтағанда, одан бойы теректей, сом  денелі, келісті келген жігіт аяғын санап басқандай, асықпай түсті. Тұлғасына қарағанда баскетболшыға да,  палуанға да келіңкірейтін оның жүріс-тұрысы  өзіне аса сенімді жанның сойынан екенін аңғартқандай. Төңірегіне тіке, тінте, суық қадалатын көздері күштік құрылымдардың қызметкерлеріне де ұқсап тұр. Аутобекеттегі жұрттан қонақүйдің қайда екенін асықпай сұрап алды. Қонақүйге келіп, қызметтік бөлмесінде зерігіп, жалғыз отырған кезекші келіншекке  КСРО Коммуналдық және Тұрғын үй министрлігінің инспекторы деген сұрғұлт түсті куәлігін көрсетті. Көрсетіп тұрып, төлқұжаты мен іссапар қағазының Орал қаласында іссапарда жүрген әріптестерінің сөмкесінде қалып кеткенін баяндап, бір түнге қонып шығуға рұқсат сұрады. Сонау Мәскеуден, министрліктен келіп тұрған қонаққа кезекшінің жаны қалмайды. Сол бойда қонақ-үйдің директорына хабарлайды. Директор да шошып кетіп, «ең жақсы бөлмеге орналастыр және жамбас-ақы алушы болма!» - деп мұқияттап тапсырады. Келесі күні сәскеге дейін ұйықтаған қонақ ұйқысынан қарны шұрқырап оянады. Ал тамақ іше қоятын «инспектордың» қалтасында көк тиыны жоқ еді. Қарынның қамын ойлаған ол аудандағы сүт-май өңдейтін зауытқа келеді. Оның директоры Красноштанова ханымға мәскеулік бір топ тексерушілердің құрамында Гурьев асып бара жатқанын, өзінің қызмет аясына кіретіндіктен зауыттың жағдайын білгелі келгенін айтып, КСРО ет-сүт өнімдерінің сапасын тексеру орталығының бас тексерушісі (главный ревизор) деген көк түсті куәлігін көрсетеді. Красноштанованың көзі атыздай болып, тілі байланып «ревизордың» алдында зыр жүгіріп, дастарқанды дәмнен майыстырып, құрақ ұшады. Бірақ қызықты қараңыз, қарны қатты ашып тұрса да қонақ илікпеді. Жұмысының бастан асып тұрғанын сыпайы жеткізіп, прокуратураға баратынын айтып, жылы қоштасады. Қоштасып жатып, өзінің қонақүйге тоқтағанын директордың қаперіне салады. Түске таман қонақүйге келсе, оңаша бір бөлмеге аста-төк дастарқан жайылыпты. Онда қазақтың буы бұрқыраған етінен бастап, қызыл балық, қара  уылдырыққа дейін қойылған. Бір шетте бес жұлдызды армян коньягі мен орыс арағы ыздиады. Қонақ асықпай тамақтанды. Ал директор Красноштанова тексерушінің қонақүйдегі бөлмесіне бір қорап, (20 келі) сарымайды жеткіздіріп тастайды. Ол жылдар май екеш майдың дүкенге түспейтін, халықтың қолы жетпейтін «дефицит» кезі болатын (кейін белгілі болғанындай, Мәскеуден келген қонақ ол майды «маған қонақжайлық көрсеткеніңізге рақметім болсын» – деп, қонақүйдің директорына сыйлаған. Бұған қатты риза болып кеткен директор майдың ақшасын қоярда-қоймай, қонақтың қалтасына салады). Оңаша отырып, асықпай тамақтанған «тексеруші» жайлы бөлмесіне барып ұйқысын қандырады. Май зауытының директоры оны кешке тағы да қонаққа шақырып қойған еді. Кешкісін баяғы аста-төк дастарқанға қайта оралған азаматты Красноштанова тағы да бәйектеп күтті. Тап осы мезетте қонақтың үстіне аудан прокуроры кіріп келді. Жалғыз емес, қонағы ма екен, қасында ерткен адамы бар. Сірә, жұмыстан кейін оңаша отыруға келсе керек.  Ауданның  прокуроры ойыншық емес, бөтен адамды көріп, «Мынау кім, қайдан келген?» – деп зіркілдейді. Ал  мәскеулік қонақ саспады, жалы тікірейген прокурорды оңаша шақырып, қалтасынан асқан салқынқандылықпен суырған қып-қызыл куәлігін оның мұрнына тақады. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) аға жедел уәкілі. Үнсіз қалған прокурор бір уақытта барып, «Это уже другой разговор» - дейді. Сол бойда есік ішінен кілттенеді. Қонақпен жақынырақ танысу басталады. Талай тосты-тілектер айтылды. Әбден қызған кезде прокурор қонақты келесі күнге Жайықтың жағасына, табиғаттың аясына демалуға шақырады. «Іссапарда жүрсіз, сізге прокуратура тарапынан қандай көмек керек, біз дайынбыз» - дейді.

– Ал аудан прокурорынан бастап, бәрін зыр жүгірткен алаяқтың әшкере болғаны тіпті қызық, - деді Мұрат Санжанұлы әңгімесін әрі қарай жалғап.

- Егер ол осы қадамға бармағанда әлі талайлардың аузын аңқитып, тақыршаққа отырғызып кететіні кәміл еді. Анау қонақтықтың ертесіне бұл азамат өзінің негізгі мақсаты – жаңа  төлқұжат (паспорт) жасатып алу қамына кірісіп, Чапаев аудандық төлқұжат бөлімшесіне келеді. Бұл жерде де КСРО Мемлекттік қауіпсіздік комитетінің куәлігін көрсетіп, сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында  майданнан қашқан осы чапаевтық біреуді іздеп жүргенін, соған байланысты ауданнан соғысқа қатысқан азаматтардың толық тізімімен танысуға көмектесуді сұрайды. Төлқұжат бөлімшесіндегі милиционер аудандық милиция бастығының рұқсатынсыз ондай көмек көрсете  алмайтындығын түсіндіріп бәйек болады. Сосын «Бастығыма мәлім етейін, рұқсатын алайын» - деп телефонға жармасады. Міне, осы арада Мәскеуден келген «чекисті»  шайтан түртеді. Бастығына телефон соғып, барлық назары солай қарай ауған милиционердің көзін ала беріп, үстел үстінде жатқан, әлі толтырылмаған су жаңа төлқұжаттардың бірін қалтасына сүңгітіп жібереді. Бірақ мұны инспектор байқап қалады. Алайда еңгезердей «чекист» жалғыз өзіне күш бермей жүрер деп қауіптеніп, әріптестерін байқатпай шақырып, бәрі жабылып жүріп, оны тұтқындайды. Қызықтың көкесі «ревизордың», «чекис-тің» қонақүйдегі бөлмесіне дереу тінту жүргізгенде шықты. Жол сөмкесі әр түрлі саланың куәліктеріне толып тұр! Арасында  бұл азаматтың күні кеше ғана түрмеден босағандығы туралы анықтама қағазы да жүр. Түйіндей айтсам, алаяқ сол кездегі қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталып, ұзақ мерзімге баяғы «жылы орнына» қайтадан аттанды. Ал қылмыскердің алаяқтығына ашықауыздық танытқан чапаевтық лауазымды тұлғалар да қатаң жазаланды. Кейбірі қызметтерімен қоштасты. Сөйтіп, түрмеден шыққан алаяқ бірер күннің ішінде ауданның «алатопалаңын» шығарып, талай күлкілі әңгімеге тамызық болғаны бар...

Осылай деп Мұрат Санжанұлы әңгімесін аяқтады. Кезінде басқа да қылмыстармен қатар, осындай тосындау, бір қарағанда күлкілілеу қылмыстарды тергеп, қылмыскерге кесімді мерзім арқалатып, түрмеге жіберген істер бұрынғы тергеуші, кейін прокурор болған Тұйғынбетовтың тәжірибесінде баршылық. Бірақ оларды тағы бірде, реті келгенде   әңгімелерміз.

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале