23.03.2022, 12:50
Оқылды: 49

«AMANAT» арқалаған жүк ауыр

«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылады. Алқалы жиынға облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудағы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының міндеттері туралы мәселе көтерілді.

9276CB9F-C1F6-498B-B190-302FFC95B5BD

- Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауқымды реформалар жоспарын ұсынды. Жолдауда айтылған маңызды бағыттардың бірі - азаматтық қоғам институттарын дамыту. Халық қоғамдық өмірге етене жақын болып, елдің болашағына қатысты шешімдерге белсене араласу қажет. Тұрғындар да жауапкершілікті сезіну керек. Бұл жолда партияның рөлі өте маңызды.

Жолдауда Президент, ең алдымен, жыл басында орын алған қасіретті қаңтар оқиғасы мен әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайлардың себеп-салдарына тоқтала келе, елімізді одан әрі дамыту үшін негізгі 10 реформаны атап өтті. Өз кезегінде Жаңа Қазақстанды құру мен жаңғыру жолына бағыттайтын жаңа Жолдау партияға да айрықша жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Бұл тұрғыда жаңару үстіндегі «AMANAT» партиясы да Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдайды және ұсыныстарына ұйытқы бола отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысатын болады, -деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

810BE5DB-B6FC-4474-90AE-DEB14BF0A140

Жиын барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Азамат Бисенов Жолдауда айтылған саяси өзгерістердің мән-маңызына тоқталды.

- Менің ойымша, Жолдаудағы саяси реформаның негізгі мақсаты – қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табуына арқау болатын және  біздің қоғамды одан әрі демократияландырудың берік іргетасын қалыптастырып, халық пен билік арасында екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Саяси реформалар тек саяси бағыттағы жұмыстарға емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға өз серпінін беретіні анық. Бұл Жолдаудағы бастамалар барлық талдау-сараптаулардан өтіп, қоғам талабына сай жасалып, өзекті мәселелерді қозғай отырып, ұсыныс-пікірлерден құралғандығы белгілі. Ендеше, аталған басымдықтардың алдағы уақытта еліміздің өркендеуіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз, - деді ол.

Жиында облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Алтынбек Ермекқалиев БАҚ саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді қаузады.

- «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мемлекет басшысының наурыздағы Жолдауының жөні де, жолы да бөлек. Себебі халықтың көкейінде жүрген көптеген түйткілдердің түйінін тарқатты. Осы орайда Президент «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды» дей келе, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек деп айтты.

Жалпы, мемлекеттің саясатын насихаттайтын, дәріптейтін ол – журналистер. Бізді бір қынжылтатыны, көңілімізді көншітпейтіні – журналистер белгілі бір санатқа жатпайды не мәртебесі жоқ. Журналистерге Мемлекет тарапынан қолдау-қамқорлықтың жетіспейтіні рас. Әсіресе қолына қалам ұстап, жаңадан қатарға қосылған жас тілшілерге тұрғын үй жағынан немесе мемлекеттен демеуқаржы, қолдау болуы керек, - деп Жолдауда аталған реформаларға қатысты пікірін білдірді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.

- Біріншіден, мемлекеттік құрылымдар журналистерге қажетті ақпаратты жедел әрі сапалы беруі шарт. Бұл бағытта кейбір басқармадағы баспасөз хатшыларының жұмысы сын көтермейді. Екіншіден, газет халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтыны аян. Түрлі тақырыпта сыни-сараптамалық мақалалар жарық көруде. Ал сын садағына іліккен мемлекеттік мекеме не басқа да басшылардан кері байланыс, қарымта жауап жоқтың қасы. Қысқасы, газет көтерген мәселе жауапсыз қалмауы керек. Үшіншіден, журналистерге мәртебе беріп, санатқа енгізген жөн. Оларда адам баласы ғой. Кімнен кем? Шама-шарқынша елге еңбек етуде. Мемлекет журналистерге де жайлы өмір сүретін жағдай туғызуы тиіс, - деп өз ұсыныстарын ашық жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Мұрат Рахметұлы алдағы міндеттерді бірлесіп атқаруға шақырды.

Алтынбек Серікқалиұлы,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале