23.03.2022, 16:30
Оқылды: 76

ГКӘТ бірлестігі құрылмақ

Орал қаласы әкімдігінде Германиядағы Кеңес әскерлері тобының (ГКӘТ) құрамында азаматтық борышын өтеген аға буын өкілдерімен кездесу өтті.
0D3A4FB6-A0E0-4C1F-BD25-30E0F2AEDADC
Аталмыш жиынның тізгінін ұстаған қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов өз сөзінде бұл аталмыш топ тұңғыш рет Түркістан облысында бірлестік ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастағандығынан хабардар екендігін жеткізді. Әрі ол осындай атаумен бірлестік құрудың алғышарттарын қолға алып жатқан батысқазақстандықтардың ісіне сәттілік тілеп, қолдау-көмектерін көрсетуге әзір екенін білдірді. Сонымен бірге өскелең жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен патриотизмді қалыптастыру бағытында түрлі қоғамдық бірлестіктермен бірлесе жүргізілетін жұмыстар төңірегінде ой сабақтап, Жаңа Қазақстанның жаңа толқынын бірге тәрбиелеуге атсалысуға шақырды.

Бұдан әрі Мирболат Сағынғалиұлы жиналғандарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, түрлі марапаттарды табыстады. Мәселен, қос ардагер - Жұмагелді Байғабылұлы мен Ұзақбай Тілекқабылұлы қала әкімінің алғысхатын алса, екінші азаматқа Германиядағы Кеңес әскерлері тобына 75 жыл мерекелік медалі қоса тапсырылды. Бұған қоса аталмыш топтың ардагері куәлігі мен алғысхатын иеленгендер қатары да аз болған жоқ.

Өз кезегінде осы істің басы-қасында жүрген доғарыстағы полиция подполковнигі Берік Сейсенов алдағы мақсат-міндеттерді саралай келіп, біздің облысымызда құрылмақ «Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы» бірлестігі құрамына Чехословакия, Венгрия және Польша елдерінде әскер қатарында болғандар түгелдей кіретіндігін жеткізді. Олардың әрқайсысымен тығыз байланыс орнатып, қолдан келген көмекті көрсету, мерекелі және жеке өмірлеріндегі айтулы күндері елеп-ескеру, мүмкіндігінше сый-құрмет көрсету - болашақ жұмыстың алғышарты екенін тілге тиек етті. Әрі ол Германиядағы Кеңес әскери тобы 1994 жылдың 31 тамызында өз қызметін түпкілікті тоқтатқанын қайыра еске салып, осы күнге орай келешекте өзара кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырсақ деген ойын да алға тартты.

Кездесу соңы ашық-жарқын әңгіме-дүкенге ұласып, кешегі күннің сайыпқыран солдаттары сағынышқа айналған сағым жылдарын қайыра еске алып, мәре-сәре болды. Олардың алды 1947-нің төлдері болса, соңы 67-нің ұлдары екен. Бірқатарының өңіне өткен өмір өз өрнегін салып үлгеріпті. Қалай десек те, бұл бір әсерлі де әрлі һәм мәнді басқосу болды. Естелік суретке түсу мен дастарқан мәзірі де ұмыт қалған жоқ.

Бақытжан Ордабаев

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале