24.03.2022, 10:00
Оқылды: 34

Қатпарлы тарихтан сыр тарқатсақ...

Өткен жыл Бөкей ордасының құрылғанына – 220 жыл, Жәңгір хан атындағы орта мектептің ашылғанына 180 жыл толуымен ерекшеленсе, биыл ауданымыздың қайта құрылғанына жарты ғасыр толып отыр. Жалпы, тұңғыштар мекенінің қатпарлы тарихы тым тереңнен бастау алады. AE6E8124-DCE9-4609-8FC4-C3C72C3B2172

...Ұжымдастыру жылдары Бөкей ордасында 18 ауылдық округті құраған 48 ұжымшар, №88 түйе, №67 жылқы зауыттары мен Шоңай МТС-ы  болған. Түйе зауыты негізінен қазақтың айыр өркешті түйесін өсіріп, оның тұқымын асылдандырумен айналысса, жылқы зауыты Бүкілодақтық жылқы өсіру ғылыми-зерттеу институтының Ордадағы бөлімшесі саналған. Мұнда жылқының таза қанды, асыл тұқымды қазақы, түркімен, ақалтеке   сәйгүліктері өсірілген. Сонымен бірге ірі қара мен қой фермасы да құрылған. Осынау ұжымдық шаруашылықтар Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинград майданының тылы ретінде Жеңіске зор үлестерін қосқан. 1945-1947 жылдары сондай қажырлы еңбектерімен көзге түскен тоғыз жерлесімізге Соцалистік Еңбек Ері атағы берілген. Соғыстан кейінгі жылдары аудан басқарған  М. Дайыров айрықша іскерлігімен көзге түсіп, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің басшылығына дейін жоғарылаған. Осылайша өрісі малға, үйі жанға толып, іргелі елге айнала бастаған өлкеміз алғаш 1947 жылы ядролық қаруды сынап-байқауға қолайлы аймақ ретінде таңдалып, оның соңы орны толмас қасіретке ұласқанына тарих куә. 1952 жылы мұндағы 25 ұжымшардың жері біржола әскери полигонға өтсе, 20 764 халқы мен 153 046 бас малы Ақжайық, Фурманов, Жымпиты аудандары мен Оңтүстік Қазақстан облысына көшіріле бастайды. Аудан аумағының келесі бір бөлігі – Сүйіндік, Балқұдық жерлері Атырау облысына, одан артылғаны Жәнібек, Казталов аудандарына беріліп, 32 мың гектар жер Астрахан облысының еншісіне   қалады.    

– «Капустин Яр» әскери-сынақ полигоны 1947 жылы жасақталып, алғашқы сынақтар да сол жылы жасалғаны құпия емес. Орда ауданы іргесінің сөгілуі де сол жылдардан басталды. Әскери аумақпен іргелес жатқан шаруашылықтар бері көшіріліп, ұжымшарларды ірілендіру науқаны қолға алынғаны да сол кез. Мысалы, Қаракөл ауылдық кеңесінің Большевик ұжымшары Жиек-құмға көшіріліп, Қосшы ұжымшарымен біріктірілді. Әрі 1952 жылғы қоян қысында қолдағы малдың біразы қырылып қалды. Сондай-ақ Октябрь, Теректі, Азғыр, Лабай, Қаракөл сияқты бес бөлікке бөлінген аймақтың Октябрьден басқасы әскери аймақта қалып, аудан тарап тынған еді, - депті тасқа басылған өз естелігінде қазына кеуде қарияларымыздың бірі Нығметолла Ахметов.  

8BE47312-2D4C-4FE4-85F7-F8F32FF6FA1F

Айта кетелік, Жәнібек ауданының қарауына енген Орда жерінде 1954 жылы Шоңай МТС-ы жасақталып, ол Ленин, Сталин, Ворошилов ұжымшарларын қамтыған. 1957 жылдың ақпанында солардың негізінде қазіргі Сайқын кеңшары құрылыпты. Г.Панченко осы  кеңшардың алғашқы директоры болса, кейін оны М.Насимоллин алмастырған. Осы бір елжанды азаматтың бастамасымен 1960 жылы аталмыш кеңшар Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың есімін иеленіпті. Сайқынмен қатарлас Бисен кеңшары да шаңырақ көтеріп, оны Әбіш Менеев басқарған. 1972 жылдың 10 наурызында Қазақстанда жаңадан он екі аудан ұйымдастырылса, біздің облысымызда Жаңақала мен Орда аудандары қайта шаңырақ көтерді. Біздің аудан территориялық жағынан солтүстігінде Жәнібек, Казталов, Фурманов, шығысында Жаңақала аудандарымен, батысында Ресейдің Волгоград, оңтүстік-батысында Астрахан облыстарымен шектесті. Жалпы, жер көлемі 1921445 гектарды құраса, аудан орталығына  теміржол бойында орналасқан Сайқын ауылы таңдалды. Өңірдегі халық саны 16 мыңнан асып жығылды. Аудан құрамына бес шаруашылық: М.Мәметова атындағы (директоры К.Ғайсин, партия ұйымының хатшысы С.Абдолов), Орда (директоры Т.Мырзағалиев, партия ұйымының хатшысы Ж.Әжіғалиев), Бисен (директоры Р.Қарекесов, партия ұйымының хатшысы Ч.Қойшыбаев) және бұған дейін Казталов ауданына қарап келген Искра (директоры М.Қазиханов, партия ұйымының хатшысы Ә.Әбуғалиев) мен Құрманғазы (директоры А.Қалдышев, партия ұйымының хатшысы А.Оразғұлов) кеңшарлары кірді. Сонымен қатар шаруашылықтардың жер көлемі  нақтыланып, жаңадан бөлімшелер мен бригадалар құрылды. Кейіннен бұл қатарға Мұратсай (1975 ж.) мен Т. Масин атындағы (1978 ж.) кеңшарлар қосылды. Алғашқысының директорлығына Н.Сақыбалиев, екіншісіне Ә.Сейсенғалиев тағайындалды. Осы жылдары ауданның мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қарқынды дамыды. Орда кеңшары сол мезгілдегі өлшеммен «миллионер» атанса, 1977 жылдың қорытындысы бойынша аудан республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы деп танылды. 1980-1990 жылдары Орда ауданы облыс бойынша жылқы мен түйе өсіруден бірінші, қойдан екінші-үшінші, ірі қарадан төртінші орынға тұрақтады. Мұның сыртында аудан мен барлық кеңшар орталықтарында типтік жобамен орта мектептер, балабақшалар, Сайқын мен Орда ауылдарында мәдениет үйлері, аудан орталығында аурухана, баспахана, екі қабатты тұрмыстық қамту, қонақүй және үш қабатты әкімшілік ғимараты бірінен соң бірі бой көтере бастады.  Еңбек озаттары ауданның даңқын облыс асырып, республика, одақ көлеміне паш етті. Олардың арасында Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Рахима Боранғалиева, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Марфуға Азаматова және ВЦСПС ХІІІ сиезінің делегаты Орынғаным Асанғалиева, тағы басқалар бар-ды. Әр кезеңде Орда ауданы қол жеткізген толағай табыстардың негізгі дәлелі – Хан ордасындағы мұражай қорындағы құжаттар. Тіпті ауданда аэропортқа дейін салынып, тұрғындар теміржол мен әуе жолының қызметін тең  пайдаланғаны да шындық.

Иә, «Елу жылда ел жаңа» дейді атам қазақ. Орда деген – осынау киелі өлке о бастан қадірі асып, беделі асқақтаған жер. Бөкей мен Жәңгірдей хандардың, Исатай мен Махамбеттей ержүрек батырлардың, ғұлама ғалымдар мен не бір дарындардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Ғылым-білімнің де тұңғыш қазығы қағылған аймақ. Тарих тақтасына тұңғыштар Отаны деп жазылуы да тегін болмаса керек. Әрі көкпен таласқан еңселі қарағайы мен жайқалған қайыңының жасыл жапырағынан ырыс пен ынтымақтың тамыры таралған, шұрайлы шалғынды, саялы шағылды құм Нарын бұл! Соның бәрі – халықтың  маңдай терімен жасалған игілік. Мынау аядай ғана ой-толғамда оның бәрін айту, түгел қамту мүмкін де емес шығар?!

Сонымен, тізгін тартар тұсқа таяғанда  тағы бір ойдың санамызда көлденеңдеп тұрып алмасы бар ма?! Осындай атағынан ат үркетін атамекеніміз қайта шаңырақ көтергенде, оның алғашқы басшысы кім болды екен? деген сұрақ үлкен-кішіні мазалары хақ. Айта кетелік, ол – Рахметолла Егізбаев. Өз заманының озық ойлы азаматы болған айтулы тұлғаның кіндік қаны тамған жер – Жәнібек  ауданының Қамысты ауылы. Ұлы Отан соғысы жылдарында Тынық мұхит әскери-теңіз флотында қызмет еткен. Бейбіт өмірдегі бағындырған биік белестерін қысқаша түйіндесек, 1949-1977 жылдар аралығында Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысы, Приураль аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Жымпиты, Жәнібек және Орда аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған. Жаратқан ие осындай маңдайына бақ, астына тақ берген майдангер ердің 1977-1983 жылдары облыстық кәсіподақтар кеңесіне басшылық еткені және бар. Сондай-ақ  Рахметолла Сүйіндікұлы ойы ұшқыр, қаламы үшкір ақын-жазушы ретінде де есімін тасқа басып қалдырған жан. Ол кісінің әр жылдары «Қараша қаздар қайтқанда», «Дала бұлбұлдары», «Іздедім сені» атты өлеңдер жинағы мен «Шешуші күш» деген очерктер кітабы жарық көрген. Мұның бәрі жеке адамның ғұмыры, бірақ оны туған халқынан бөліп-жарып қарауға болмайды. Рақаң келместің кемесіне мініп кеткелі арада ондаған жыл аунап түссе де, есімі ел есінен өшкен емес. Жақсының аты өлмейтінінің бұл да  бір жарқын көрінісі болса керек.

Міне, жүйрік уақыт жарты ғасырды артқа тастап отыр. Қойнауына талай сырды жасырған кәрі Орда, бүгінгі жаңарып, жасарған Бөкей ордасы осылай заман көшімен алға асып барады. Қазіргі күннің талабы – Жаңа Қазақстанның іргесін бірге қаласу, сол жолда білек күшін біріктіре іс-қимыл таныту.  Қысқасы, арайлап атар әр таңға үкілі үмітімізді жалғап, ақжарылқап күндер алдымызда деп сенейік, ағайын!

Бауыржан Махутұлы,

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале