24.03.2022, 9:10
Оқылды: 185

Күншілдік синдромы (тарихи-публицистикалық көзқарас)

(Жалғасы. Басы "Орал өңірі" газетінің №7, 12, 19, 25-сандарында)

«Тобырда ақыл тапшы, мінез мүлде жоқ» (Роллан Сейсенбаев).

Шындығына келгенде, бұ тақырыпқа соқпаған қазақ шайырлары кемде-кем.

44AE9C49-AE64-4331-88F7-014E419A4726

«Зар-заман ақындарының» ірі өкілі – Шортанбай Қанайұлының (1818-1881):

«Жақыннан шыққан жақсыны

Ағайын жұрты көре алмас.

Заман ақыр белгісі –

Бірге туған бауырың

Тату да болып жүре алмас» (Мағауин М., Байділдаев М. Көрсетілген еңбек. – Т. 1. 284-б.) деп келетін жыр жолдары мен фәниден жастай өткен халқымыздың тағы бір асыл ұлы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (1893-1920)

«Ағайынның азғандығы» атты  өлеңіндегі:

«Өмірде неше түрлі  уды іштім,

Неше түрлі азапқа,  жаным, түстің.

Ағайынның ішінен ала шықса,

Жау ішінде бар ма екен  сонан күштің.

Күндейді, бәлен дейді көре алмайды,

Мен кірген қауымға олар ене алмайды» (Торайғыров Сұлтанмахмұт. Үш томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2003, 44-бет) деген шумақтарының Шалкиіздің айтқанынан анағұрлым айырмасы жоқ. Және біз бұ мәселені мақаламыздың бірінші бөлігінде де қозғаған едік. Бұл жерде тек басқа қырынан ғана сөз етіп отырмыз. Демек тарихи деректерден сыр суыртпақтау қазақ күншілдігінің өзіне тән қырлары мен сырларын ашуға мүмкіндік береді.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласында Шалкиіз заманынан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ғұламаларда бұл тақырыптан айналып өте алмапты. Қыпшақ ақыны, Алтын орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Сәйф Сарайи (1321-1396): «Жарғанат жарықты сүймейді, күншіл ғылымды сүймейді», «Күншілдік деген ауруға өлімнен басқа дауа жоқ», «Надандар білімді адамды көре алмайды» десе, Қарахан дәуірінің бірегейлері, ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұни (1920 – қайтыс болған жылы белгісіз): «Қызғаныш қайда болса, ұрыс-керіс те сонда», «Күншіл адам – мұңшыл», «Опасызға бір түйір нан тістетпе, Күншілге де сеніп ісің істетпе», «Күншілдік – көп болып емдейтін дерт», «Ақыл, білім сенер тыныс, қуатың: Білімдінің жауы да көп буатын» деген екен. Ал даңқты түркі ғалымы Махмұд Қашқари (1029-1101): «Күндестердің күлі де күндес», «Адам басына жел үйір, жақсы адамға сөз үйір» болатынын тасқа басып кеткен (Сәйф Сарайи. Гүлстан би-т-түрки/Құраст.: Ә.Керімұлы. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2010. 18-б.; Баласағұн Жүсіп. Құтты білік/Көне түркі тілінен аударған және алғысөзі мен түсініктерін жазған А.Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 1986. – 616 бет.; Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-том /Аударған А.Егеубай. – Алматы: Арда+7, 2017. – 600 бет).

Иә, мұны қазақ халқының арасында әлі күнге дейін жиі айтылатын «жақсының артынан сөз ереді» дегеннен-ақ байқауға болады. Неге бұлай? Задында хас жүйріктің артынан будақтаған шаң ілесуі – заңды құбылыс. Жаманда ешкімнің шаруасы жоқ. Қазақта мақал бар: «Жігіт өсекке ілінбей, есепке ілінбейді» (М.Ж. Көпеев) деген.

«Сіз туралы өсек сөз тараған болса, қуаныңыз. Өйткені сіз – тұлғасыз. Жаманды ешкім аузына да алмайды. Тек жақсыларды ғана көре алмаушылық танытып, сыртынан өсектейді» (Джерард Батлер).

Бұдан нені көріп, қандай ой түюге болады? Нақ осы мәселеде адамзаттың ұлтқа бөлінбейтінін! Байқаған жанға мұның қай халыққа да тән, ортақ мінез екенін! Зерттеу нысанын тек бетінен қалқымай, оның тереңнен аққан су асты ағыстарындай құпияға толы сырларына байсалды түрде үңілу керек екендігін!

Бағзы тарихымызға көз жүгіртсек, талант пен дарынды қадірлеу қай заманда да оңып тұрған жоқ. Ерте ортағасырларда қазақ топырағында кіндік қаны тамып, кейін әлемге «Екінші ұстаз» атымен танылған әл-Фараби бабамыздың замандастарының қызғанышы мен табасына ұшырамағанына ешкім кепілдік бере алмаса, одан әрідегі Элладаның атақты жеті данышпанының бірі саналған қандасымыз Анахарсис басына барып, білімін кеңейтті  және кейін туған жеріне оралған оны өзінің туған бауыры жебенің ұшына байлап жіберді. Олардан кейінгі мықтылар тағдырының да бұлардан соншалықты айырмашылығы  жоқ.

Оның ажал алдында айтқан ақырғы сөзі: «Қызыл тілімнің арқасында жат елден аман кетіп едім, отаныма келіп, көре алмаушылардың қызғанышынан мерт болдым» (Платон. Сочинения: В 3-х томах. Т.2. – М., 1968.).

Адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынаған Анахарсис былай деген-ді:

– Қызғаныш пен қорқақтық – адамның бойындағы ең қасиетсіз сезім: қызғаныштың соңы досың мен әріптестеріңнің  табысын табалайтын қайғыға ұласуы, ал қорқыныштың соңы үмітсіз дүниеге үміттену мен өмір сүруге әкеліп  тірейді.

Мұндай адамдарды скифтер ұнатпайды: өзгенің жетістігіне қуанады, қайта өзі де сондай болуға ұмтылады. Жек көру, қызғаныш, күншілдік іспетті жаманатты сезімдерді бар күшін салып бойынан аулақтатқысы келеді, жауымен қалай күрессе, олармен де солай күреседі (Жұртбаев Т. Дулыға: Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. – Алматы, «Жалын», 1994, 1 бөлім. 150-б.).

Скиф-сақ заманындағы ата-бабаларымыздың өз уақытында көне гректермен тығыз байланыста болғаны тарихшы қауымға етене таныс және соңғылары жөнінде, олардың күншілдікпен қандай күрестер жүргізгені жөнінде қысқаша әңгімелесек.

Жазушы Немат Келімбетовтің дерегінше, сол замандағы грек қоғамында ел-жұрттың алдында сый-құрметке бөленген беделді, белді адамдарды халықтың «көзі тимес» үшін қаладан алыстағы ауылдық жерлерге арнайы жер аударатын «остракизм» деген заң іспеттес жазалау тәртібі болған екен.

Жауапқа тартылған жанның дүние-мүлкіне ешкім тиіспеген және белгілі мерзімі біткеннен кейін оның қайтадан өзінің қара орнына оралатынына ешкімнің күмәні болмаған. Басты мақсат – «жазаланушының» абырой-беделіне белгілі бір дәрежеде нұқсан келтіру арқылы оны көпшіліктің күншілдігінен кәдімгідей қорғап қалу болыпты.

«Сөзімізге дәлел – көне дәуірде грек елінде Аристид деген мемлекет қайраткері болған. Ол бүкіл өмірін әділдік үшін күреске арнаған. Сондықтан оны өз атымен емес, Әділ Аристид деп атап кеткен. Міне, сол саяси қайраткерді әділдігі үшін «остракизм» заңы бойынша Афины қаласынан алыстағы бір елді мекенге он жылға жер аударып жіберген» деп жазды Н. Келімбетов. Сот кезінде залда отырған аса күншіл сенат мүшелерінің бірі: «Осы Әділдік деген атынан-ақ жалықтым. Бұл сөзді ести-ести мезі болдым. «Әділдік» дегенді айтпаңдаршы маған!» деп айғай салған. Сөйтіп, өзгелерден көбірек әділдік жасағандар алдымен көзге түсіп, күншілдіктің құрбаны болып отырған» (Келімбетов Н. Көрсетілген еңбек. 34-35-бб.).

Бұл дерек қазақ баласына қаршадайынан таныс «Аяз би» ертегісіндегі мына бір  жайтты есімізге түсірді: «Мен айыптымын, менде бір қате болды, шайтанның азғырғанына ердім, оған себеп мына уәзірлер. Бұлар енді иә саған, иә маған бір қатер қылар, сен енді іргеңді көтер, бөтен елге көш» дейді. Жаман риза болып, көшетін болады. Хан бірнеше түйеге жасау, асыл заттар арттырып, Жаманды Ақша ханның еліне көшіріп сала­ды. Жаман Ақша ханның елінде бір қадірлі адам болып тұра береді» (Қазақ ертегілері. – Алматы: «Алматыкітап» ААҚ, 2004, 286-б.).

Ертегідегі Жаман кісі болашақ Аяз би екенін барша жұрт жақсы біледі. Хан елдің кеңінен құрметіне бөленген оны алысқа аттандыру арқылы Жаманның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеген-ді.

Біз біріншіден, жоғарыдағы деректерді контраст, яғни, ежелгі екі елдің, сақтар мен гректердің салтын шендестіре саралау үшін ғана келтіріп отырмыз. Екіншіден, осындай құқықтық нормаларды заң жүйесіне енгізе білген көне заман өркениетінің гуманистік ұстанымдарына іштей  сүйсінесің.

Иә, бүгінгі әлемде де, әсіресе дамыған елдерде күншілдікпен тоқтаусыз күрестің қалай жүріп жатқаны туралы мысалдар баршылық.Соның бірі – қазіргі жапондар жоғары лауазымды қызметке бойындағы күншілдік қасиеттері әбден сүзгіден өткен лайықты тұлғаларды ғана жіберетіндігімен ерекше.

Енді негізгі мәселемізге қарай ойысайық. Отаршылдар келгенге дейін-ақ қазақ халқының саяси билігі мен ішкі қоғамының тас-түйін болмағандығын дәйектейтін мысалдар аз емес. Мұның дәлелі – қазақ хандарының тақталасы, бақталасы жолында бір-бірінің басын «допша домалатуы». Оны дәлелдейтін дәйектер жетіп артылады. Бұл – бөлек әңгіме.

3.2.Тарихта қпндай сырлар бар?

ХVІІ ғасырда хатқа түскен (жырдың жазылу мерзіміне байланысты әртүрлі көзқарастар бар) «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының желісінде түсірілген көркем фильмді қазақ баласына таныстырып жатудың өзі артық. Классикалық туындының сценарийін жазған көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтің фильмде Төлегеннің «аузына салатын» мына бір сөзі кім-кімді де ойландырары сөзсіз:

«...Өзді-өзіміз болмашыға бола күнде қырылысып жатқанда сырт көз бізді бақпай ма екен?!

– Әрине!

– Сөз бар ма?!

– Қансыраған елімізге қызықпай  ма  екен?

– Қызыққанда қандай?!

– Қысық көзді, қиғаш қабақ көршің бар бір бүйіріңде. Тістесе-тістесе бақсының құмалағындай шашылып жатқан еліміз бар. Күннің шығысынан батысына дейін созылған ұлан-байтақ жеріміз бар. Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой...».

Жазушының осылай сөз саптауына мүмкін сол кездегі советтік саясаттың салқыны тиген шығар дегеннің өзінде, ешбір оқымысты бұл үзіндіде тарихи шындық жоқ деп өзгелермен таласа алмасы хақ және бұл сөз қазірде өзінің өзектілігін еш жоймағаны анық.

Осы логиканы әрі қарай жалғай түсетін, ХVІІІ ғасырдағы қазақтың ұлы хандары – Әбілқайыр мен Абылай хандардың заманын сипаттайтын орыс, қытай деректеріне кезек берейік. Сөз орайында басын ашып, анықтап айтып кететін негізгі нәрсе, бұл кезде патшалы Ресей Қазақ даласына әлі ендей де, дендей де кіре қоймағанды.

(Жалғасы бар)

Жаңабек Жақсығалиев,

М.Өтемісов атындағы Батыс  Қазақстан университетінің доценті, тарих  ғылымдарының кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале