24.03.2022, 16:45
Оқылды: 134

БҚО музейінде өткен ғасырдағы қазақ әйелінің жеке тұтынатын құралдарының жиынтығы сақталған

Халқымыздың зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихында ерекше орын алады. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамыды. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Қазақ әшекей бұйымдары тұрмыстық және тұтыну заттарынан бастап ат- әбзелдеріне дейін бар мүлкі қандай да бір зергерлік өңдеу арқылы жасалады. Олардың айналасында күмістен жасалған бір бөлігі жоқ бұйым кездеспейді. Зергерлік бұйымдар әдемілік пен қатар адамның жынысын, жас мөлшерін, әлеуметтік-мүліктік жағдайын, халықтың аймақтық ерекшеліктерін біріктіретін, сонымен қатар түрлі халықтарды біріктіретін қызмет атқаратын болған. Бұйымдар пішіні жағынан алуан түрлі болып келеді.

InShot_20220324_164112932

Зергерлер алтын мен күміс, жезбен мысты кеңінен қолданған. Күміс жамандықтан тазартатын, пәле -жаладан қорғайтын және оң құбылыстар туғызатын қасиеті бар металлға жатқызылады. Күмістің жылтылы мен түсі ежелден айдың жарығына баланды. Боз ғаламшар мен күміс бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл металды түнгі жарықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған халқымыз оған түрліше құдіретті қасиет берген. Күмістің жалт-жұлт етіп, ағаш, сүйек, мата, былғары заттарға жан бітіретін әдемі көрінісі талғамдық қасиет қана емес, идеологиялық тұрғысынан да айқындалған. Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге мен сақина тастап, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деуі тегіннен-тегін емес.

Зергерлер зергерлік әшекей бұйымдармен қоса, әйел адамдар мен ер адамдардың жеке гигиеналық құралдарын да жасаған.

Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Тазалық - адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол - адамның денсаулығы, өң түсінің шырайлылығы, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы, сүйкімділігі болып табылады.

Тіс пен құлақ тазалағыштардың күмістен жасалуы қазақ халқының күмістің өте табиғи және таза зат екенін ертеден білгенін дәлелдейді.

Алғашында бұл құралдар қарапайым етіп жасалынып, қалтаға салып жүруге арналған. Кейін келе тіс шұқығыштың әйелге және ерлерге арналған түрлері жасала бастаған. Бұл бұйымдардың бәрі әр отбасының жағдайына және дәулетіне сай жасалатын болған. Әсіресе әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға көз қондырылып, үзбеленіп, сіркеленіп өрнектермен безендірілген. Қазақта камзолдың оң жақ кеуде тұсына қадап қоятын тісшұқығыш тіл-көзден сақтайтын бұйым ретінде қолданылған. Ал ерлерге арналған тіс шұқығыштар әйелдердікіне қарағанда көбінесе қарапайым дайындалып, қалтаға салып жүруге арналған.

Кейіннен әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға бірдей үлгіде жасалған құлақ тазалағыштарды біріктіріп, бір жиынтық етіп кеудеге тағылатындықтан кеуде әшекейлерінің қатарына жатқызылған.

Тісшұқығышпен бірге көбінесе жинақ түрінде құлақ шұқығыш, тырнақ алғыш, денедегі қажетсіз түктерді жұлатын іскек те қолданылған. Жұқа тілім түріндегі ұшы үшкір тісшұқығыштың өзі үшбұрышты немесе басқа күрделі пішінді, өрнекті, тас орнатылған қалыпқа ілінеді. Тісшұқығыш аштықтан қорғайды деген деген сенім мен тоқшылықтың кепілі іспеттес болған.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында зергерлік бұйымдардың мол қоры сақталған. Солардың қатарында - қазақ әйел адамның жеке тұтынатын құралдарының жиынтығы. Бұл бұйым ХІХ-ХХ ғасырларға тән. Аталған жиынтыққа металлдан жасалған иіс сауыт, тіс шұқығыш, қысқыш (іскек), құлақ тазалағыш кіреді.

Бұл аталған жиынтық 6 құрама бөліктен тұрады. Әрбір құрама бөліктер арасы металл шынжырлар арқылы сақинаның көмегімен бір- бірімен біріктіріліп жалғасқан.

Ең жоғарғы бөлігінде - төртбұрышты ақық тастан көз қондырылған өрнекті бөлік берілген.

Осы өрнекті бөліктің жоғарғы жағында ойық берілген. Оған төменгі ұшына 1915 жылғы 20 тиындық бір монета бекітілген ұзын шынжыр сақина арқылы өткізіліп бекітілген.

Одан төмен ортасында әйел адамның әтірін құюға арналған өрнекті металл құты бекітілген. Әтір құтының екі жаны көк түсті эмалмен жалатылып, бетіне шығыңқы өсімдік өрнектер қашалып жүргізілген. Әтір құтының аузы қақпағымен бұралып жабылады. Қақпағының жоғарында шеңбер тәрізді тас көз қондырылған.

Жоғардағы тас көз орнатылған өрнекті бөліктің екі жанында ойықтар мен әтір құтының екі жанындағы сақина арқылы шынжырмен екі бөлігі бір-біріне жалғасқан.

Металл әтір құтысының төменгі бөлігінен үш жерден сақиналы ойық берілген. Осы ойықтар арқылы шынжыр жалғасқан. Шынжырлардың әрбіреуінің ұшында сақиналы ойық арқылы жалғасқан тіс тазалағыш, қысқыш (іскек), кұлақ тазалағыш құралдары бекітілген. Тіс тазалағыш пен құлақ тазалағыштың ұстауға арналған жоғарғы бөліктері өсімдік өрнекті келген.

Аталған жәдігер Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына 2001 жылы тапсырылған.

Мөлдір Төлегенова, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале