Ұлымның біздер жұмыста болғанда үйде қорықпай жалғыз қала беретінін мақтанышпен айтып қаламын. Алайда оның уақыты тек телефон қараумен өтетіні жасырын емес. Балалар мен жасөспірімдердің смартфондардағы ойындарға әуестігі, тіпті тәуелділігі деп айтуға болады, кешелі-бүгін басталған үрдіс емес. Кейде «Баланың ойынында тұрған не бар?» деген сұрақ туындайды. Көптеген мұғалімдер мен ата-аналарды мазалайтын «өрімдей жастардың бойында жолындағыны жайпап өтетін агрессия қайдан пайда болды?» деген сауалдың бір ұштығы осыған барып тіреледі.
Фотосурет: gazeta.ru
Күні кеше Алматыдағы трагедияда орын алған қатыгездіктің түр-түрін естідік. Жастардың арасында ғимараттарды қиратуға атсалысып, сауда дүкендерін тонауы, жас жігіттердің мәселенің байыбына бармай жауға ілесіп қолдарына қару алуы көңілге қаяу түсірді. Күнделікті өмірде жаңалықтар мен әлеуметтік желіде жасөспірімдердің, тіпті қыздардың қатарластарын аяусыз ұрып-соғуы, вандализм әрекеті жиі айтылады. Бір басы ашық нәрсе, ата-ана, ұстазы мұндай тәрбие бермейтіні анық. Біздіңше, қантөгіске құрылған компьютерлік ойындардың әсері мен баланың қараусыз жүруі – мәселенің өзегі. Адам өлтіру жолы, қарудың түрлерін ойын арқылы аңдаған бала санасында көрген дүниені өмірде жүзеге асыруға деген талпыныс туатыны анық. Әлбетте, ата-ана әрі кетсе, телефонға жармасқан баласының көзіне алаңдар, алайда оның психологиялық зиянын ойлай бермейміз. Кей отбасы заманауи технологиялар баланы тәрбиелеуші құрал емес, оның ермегі ғана болуы керектігін білсе де, компьютерлік ойынға бөлген уақытын қадағаламайды. Алғашқыда еркелігі деп мән бермесе, кейін әуестігі, тіпті тәуелділігі салдарынан баланы ойыннан аластата алмай жатады.
«Алик кз» пен «Джони» көш бастап тұр
Байқап отырсақ, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың төл туындысының орнын шет елдің арзанқол атыс-шабыс мультфильмдері басты. Әрине «Балапан» арнасындағы тәрбиелік мәні бар бағдарламалар мен мультфильмдер бар. Сонда да балалар қызықты ютубтан іздеп тұрады. Мәселен, 3 жастағы ұлым ютубтағы «Алик кз» деген түсініксіз бейнебаянның фанаты. Қазақша дыбысталған фильмде басынан аяғына дейін боқтық сөздердің неше түрлісін айтатынын жақында аңғардым. Бүгінде 400-ге жуық бейнебаяны бар бұл топ, өз аудиториясын кеңейтіп, 400 мыңнан аса балаларды жинап үлгірген. Әлі қанша бала тіркелетіні белгісіз. Осыған ұқсас «Джони» оқиғалары түсірілген «AYANCHIKKZ» арнасының 403 мың оқырманы бар. Ондағы 354 бейнежазбада бала психологиясына кері әсерін тигізетін эпизодтар жетерлік. «Аянчиктен сәлемчик!» деп басталатын арна нағыз тілді шұбарлаудың ордасы. Балалардың кумиріне арналған Джонидің «Джони барлық құпия көліктерді ұрлады» тақырыбындағы бір видеосын 1 млн. 200 мың бала тамашалапты.
Лудомания туралы не білеміз?
Мамандардың пікірінше, шамадан тыс ақпараттар тасқыны баланы енжарлыққа душар ететін көрінеді. Интернеттен басқасынан қызық таппаған бала ешкіммен араласқысы келмейді. Содан кейін бала өзгенің мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге түседі екен. Тәуелділік салдары ойлау әрекетінің бұзылуына әкеледі, -дейді психолог Балғын Марксқызы.
Жақында Санкт-Петербургтегі В.Бехтерев атындағы психоневрологиялық институт зерттеу жұмысын жариялаған. Онда ғалымдар компьютерге әуестіктің он белгісін айқындаған. Компьютер алдында ойын ойнап бірнеше сағат отыру, ата-аналарымен кикілжіңге бару, үйге кешігіп келу, сабаққа үлгерімі нашарлау, сабаққа жиі бармай қалу, бұрынғы достарымен қарым-қатынас азаюы негізгі белгі екен. Ғылымда мұндай тәуелділікті лудомания деп атайды, яғни, шамадан тыс ойынпаздық дерті. Атыс-шабыс ойындарын ойнайтын балалардың жүйкесі тез жұқарады екен. Бұдан бөлек компьютер ойнағаннан кейін көзі ауырып, оқу үлгерімі нашарлайды. Олардың ұқыпсыз, ашуланшақ, есептеу кезінде көп қателер жіберетіні байқалған. Тіпті, жай оқып, кейде сабаққа дайындықсыз келетін кездері немесе үй жұмысын дұрыс орындамайтын жағдай көп екен. Мұндай баланы мектеп мұғалімі бірден танып, ата-анасына хабар беріп, бірлесіп көмек көрсетпесе, шешуі қиын мәселеге айналмақ.
Counter Strike – террорлық шабуыл
Counter Strike – жастар арасында ең танымал ойын. Қазақстанда әрбір жасөспірім өмірінде кем дегенде бір рет болса да осы компьютерлік ойынды ойнағаны анық. Counter Strike ойынында түрлі қару асынған екі топ бір-бірімен соғысады. Бірі әскерилер болса, екінші жақ – терроршылар. Балалардың көбі түрлі себеппен терроршы болуды таңдап, әскерилерге қарсы оқ атқысы келеді. Осылайша қос тарап қиян-кескі ұрысқа түсіп, бірі жеңіп, бірі жеңіледі. Кімді қалай өлтіру қажет, қандай тәсілмен бой тасалауға болатынын бала біліп өседі. Бұл – ойындағы эпизод. Осы орайда ай басындағы оқиғаларға қайта айналып соғуға тура келеді. Кішкентайынан қантөгіске меңзеген ойынның ортасында өскен жастардың арандатушы топтың жетегінде кетуіне жасөспірім кездегі ойын әуестігі әсер етуі де ықтимал.
«Кальмар ойыны» - алаңдатушылық тудырған
Бала көргенін істейді Жақында қызық ақпарат оқыдым. Британдық оқу орындары Netflix-те шыққаннан кейін танымал болған «Кальмар ойыны» сериалына байланысты алаңдаушылық білдіріпті. Мектептер балаларға оңтүстіккореялық сериалды көрсетпеуді сұрап ата-аналарына хат жіберуге мәжбүр екен. Оның себебі балалар мұғалімнен триллерде ұсынылған жарыстарға қатысуға рұқсат сұраған көрінеді. Ал сериал желісі бойынша ойында жеңілгендерді қатал өлім күтіп тұр. Сондықтан Лондон тұрғындары балалар «Кальмар ойынына» еліктесе, оның салдары не болмақ дегенді айтуда. Бұл ойын қазақ балалары арасында да танымалдыққа ие болды.Байқасаңыздар мультфильм кейіпкерлерінің ерсі қылықтарын ешкім жазаламайды. Ал мұндайды көрген кішкене көрермен ненің жақсы, ненің жаман екенін айырмай, олардың санасында «бәрін де жасауға болады» деген ой қалыптасары аян.
Барлық ата-аналарға бала психологиясын терең зерделеп, көрген мультфильм, ойнаған ойынын бақылайтын уақыт жеткен сияқты. Қазір заман басқа, талғам бөлек. Еркін қоғам, сүзгісіз ғаламтор әсерінен бұл үрдісті тұрақты бақылау да қиынға соғады. Сол себепті бүгінгі баланың көз алмай қарайтын мультфильмі ойнайтын ойыны нені меңзейтінін саралап көрелік.
Мәселені көтеру оңай. Ал оның шешімін ұсыну – мүлде бөлек жүк. Сондықтан аз да болса баланың сана-сезімін сыртқы күштен азат ету үшін бұл мәселені тек заңнама жолымен қорғау қажет. Өйткені дөрекілік, әдепсіздік, мораль, зорлық-зомбылық, агрессия мен зұлымдықты насихаттауға тыйым салынғанға дейін бұл үрдіс толастамасы анық.
Гүләсем Қуан,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz