27.03.2022, 14:30
Оқылды: 41

Үздіктер анықталды

Сай тасындай іріктелген жас палуандар Бәйтерек ауданы орталығында бас қосып, облыс чемпионы атағын сарапқа салды. Байрақты бәсекеге өңірдің Жаңақала, Жәнібек, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласынан келген 2002-2004 жылдары туған палуандар қатысты.

IMG-20220326-WA0085

- Бүгінгі жастар – бірер жылда облыс намысын ересектер арасында қорғайтын палуандар. Әрісі Қажымұқан мен Палуан Шолақ, берісі Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов сынды әлемдік күрес сахнасынан ойып тұрып орын алатын тұлғалардың ізін жалғаушы қазақ жігіттерінің өсіп келе жатқаны көңілге жұбаныш. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін,-деді жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20220326-WA0084

Үздік шыққандар ел чемпионатына баратын болғандықтан, белдесулер тартысты өтті. Бір-бірін алып та, шалып та жыққан жас палуандар көрерменге қызықты белдесулер ұсынды. Әсіресе жеңіл және орта салмақтағы жігіттердің күрестерін көру бір ғанибет болды. Бірі қара күшке салып, қарсыласының мысын басса, енді бір палуан әдіс-айламен, енді бірі шапшаңдығымен көрермен көзайымына айналды. Әр ұтымды әдіс пен шалт қимыл, қара жамбас жанкүйер делебесін қоздырып, ұлт күресінің әдемі тұсын паш етті.

IMG-20220326-WA0070

Қорытындысында ең жеңіл 55 келі салмақта жаңақалалық Айбатыр Миразат чемпион атанса, тағы бір жаңақалалық палуан Жалғас Тілекқабылов 60 келіде қарсылас шыдатпай, облысчемпионы атағын қанжығалады.

IMG-20220326-WA0041

66 келіде Бекжан Ғалымжанов, 72 келіде Абай Елеусінов, 78 келіде Адлан Төкешев, 84 келіде Ислам Салымжан сынды Орал қаласының палуандары жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, 100 келіде Бөрлі ауданының намысын қорғаған Замир Хамзин, аса ауыр самақта қаратөбелік Әлішер Идешев жеңімпаз атанды.

IMG-20220326-WA0040

Жалпы қазақ күресіне соңғы жылдары мықты көңіл бөлінуде. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сияқты ірі жарыстар ұлт күресін жаңа деңгейге көтеріп, жаңа қырынан танытуда.

IMG-20220326-WA0035

Десе де, осы жарыстарда бір де бір облыс палуаны жөнді күреспеді. «Қазақстан барысындағы» ең жоғары нәтижеміз – Еділ Үсеновтың ширек финалы. Ия, көңіл көншітпейді. Бірақ білдей облыс чемпионатына 12 ауданның алтауы команда жібере алмағаны өзекті өртейді.

IMG-20220326-WA0042

IMG-20220326-WA0037

Тасқала, Шыңғырлау, Казталов, Бөкей ордасы, Теректі, Ақжайық аудандарында күресетін бір де бір жастың болмағаны ма? Әлде аталған аудандағы спортқа жауапты мамандардың бірер жылда ересектер сынына өткелі жүрген палуандардың болашағына немқұрайлы қарағаны ма? Ұлт күресіне ат үсті қарай берсек, өңірден «барыс» шықпайды. Соны да бір ескеру керек секілді.

IMG-20220326-WA0081

IMG-20220326-WA0079

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале