29.03.2022, 10:10
Оқылды: 46

Ғылым жолындағы 35 жыл

Жақсы көретін әріптес інім Өтеген Таубаев – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, университет ректорының бірінші орынбасары, яғни біздің тікелей басшымыз. Десек те, өте қарапайым, жүрегі мейірімге толы, ешқашан кеуде көтеріп, бәлсінуді білмейтін азамат. Ол Алматы зооветеринарлық институтын бітірісімен, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында еңбек жолын бастап, 35 жыл осы қара шаңырақта тапжылмай қызмет атқарып келеді.

052FF4A2-73A1-4D02-B8E1-2A0A45BA2D3F

Бұл жағынан ол 50 жыл бойы осы оқу орнының қабырғасынан ұзамаған сыйлы ағасы, профессор Әскерғали Шамғоновқа ұқсайды. Екеуін де университетіміздің бетке ұстар патриоты деп  санаймыз.

Өтеген ініміз Батыс Қазақстан  ауыл шаруашылығы институтында, кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық

университетінде ассистенттік қызметтен бастап, проректорға дейінгі барлық сатылардан абыроймен өтті.

Осы аралықта кафедра меңгерушісі, факультет деканы да болды. Былайша айтқанда, педагогикалық қызметтің қыр-сырын жете меңгеріп, қарапайым оқытушымен де, деканмен де, профессормен де тең дәрежеде пікір алысатын парасаттылыққа жетті. Білікті жан студенттермен де, жас оқытушылармен де емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, білмегенін сұрап, өз білгенін өзгелерге айтудан жалықпайды. Алдына келген адамның жан дүниесін терең түсініп, қажет кезде өз көмегін көрсете білуі де – оның бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. «Мен профессормын, доктормын» деп бәлдену былай тұрсын, оның жұрнағын да сезбейсің. Сонымен бірге Өтеген Байырғалиұлы өзінің іскерлігі, тындырымдылығы һәм кәсіби біліктілігі арқасында үш ректор – Қазыбай Бозымовпен, Нұрлан Серғалиевпен және қазіргі ректорымыз Асқар Наметовпен де бірінші орынбасар ретінде ортақ тіл табысып, міндетін мінсіз атқарып келеді. Қандай жағдайда да аспай-саспай, өз уәжін сыналай қағып, орынды шешім қабылдай біледі. Оның өңіріндегі «Ерен еңбегі үшін» медалі ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің өтеуіндей көрінеді. Басқа да сый-сияпаттары – өз алдына бір төбе.  

2008 жылы «Орал өңірі» газетінде осы Өтегеннің мен туралы жазған «Қазақтың Сократы» деген   мақаласы жарияланды. Бізге Сократтай болу қайда?! Бірақ Сократтан, Конфуцийден, Буддадан бастау алатын философия тарихы төңірегіндегі озық үлгілерді жинап, талдап, жастарға дәріс оқығанда оны пайдаланып   келе жатқаным рас еді. Бір кітабымда Абайды «Қазақтың Сократы» деп жазғаным да бар. Мұндай теңеу Абайға ғана жарасады. Мен бұл арада өзімді дәріптеуден аулақпын. Тек Өтеген Байырғалиұлының кең тынысты, терең білімді ғалым екендігін тілге тиек ету еді. Айтпақшы, қызы Ардаққа да  магистратурада сабақ бердім. Ол бакалавриатты да, магистратураны да қызыл дипломмен бітірді.  Әке жолын қуған нағыз ізденімпаз жан.

Бүгінгі күні Өтеген інімді мерейлі 60 жасымен құттықтап, мынау жеткен «талтүсің» әлі талай игі істер тындыруға ізашар белес болғай деген ізгі тілегімді арнаймын.  

Тілекжан Рысқалиев,  

профессор,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале