29.03.2022, 16:15
Оқылды: 60

Еліміздің төрт өңірінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова еліміздің қай өңірлеріндегі мұғалімдер жоғары жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220216174120611e

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес мұғалімдер тапшылығы байқалған өңірлерге үздік педагогтерді тартудың тиісті қолдау шараларының пакеті бар арнаулы бағдарлама жобасы әзірленді.

«Арнайы бағдарлама жобасын әзірлеу аясында өңірлердегі педагогтердің тапшылығын анықтау бойынша талдау жүргізілді. Мәселен, педагогтердің тапшылығы Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында сақталып отыр. Ұлттық статистика және халықаралық салыстырмалы зерттеулер деректері бірқатар жылдар ішінде нысаналы өңірлердегі білім алушылардың білім сапасының елдегі орташа көрсеткіштерден артта қалғанын көрсетеді. Мұны PISA-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижелері және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері растайды», - деді Г. Кәрімова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бағдарлама педагогтерге республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері есебінен лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде ынталандырушы қосымша ақы беруді көздейді. Атап айтқанда, олардың еңбекақысы екі есе өседі.

ЖОО педагогтері мен түлектерін бос лауазымдарға тарту үшін Бағдарлама аясында нысаналы өңірлердің облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ Министрлік жанындағы Конкурстық комиссия құрылады.

Конкурс жылына екі рет өткізіледі және конкурстың келесі кезеңдері белгіленді: конкурс өткізу туралы хабарландыру, үміткерлердің құжаттарын қабылдау, компьютерлік тестілеу және эссе жазу, қашықтық форматта әңгімелесу. Конкурс барысында барлық үміткерлер тұрғылықты жеріне қарамастан тең құқылы, үміткерлер арасында адал бәсекелестік және өткізудің объективтілігі, ашықтығы, жариялылығы қамтамасыз етіледі.

«Конкурсқа тиісті бейіндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік білімі бар, оның ішінде тұрғылықты жеріне қарамастан жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері, сондай-ақ барлық қажетті құжаттарды көрсетілген мерзімде және толық көлемде ұсынған педагогтер қатыса алады», - деді комитет басшысы.

Іріктелген педагогтер үшін 4 апталық біліктілікті арттыру курстары және онлайн-және офлайн форматтарда семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, 8 Зияткерлік мектептің зертханалары базасында Жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің тағылымдамалары ұйымдастырылатын болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале