29.03.2022, 16:30
Оқылды: 68

Колледждерді қамқорлыққа алудың ұтымды тұстары қандай? 

Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде Техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері жөнінде кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің жетекшілігімен өткен отырысқа салалық басқарма басшылары, кәсіпкерлер палатасы, өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, техникалық және техникалық білім беру ұйымдарының директорлары қатысты. 

Колледж жумыс2

Жиында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын кәсіпорындардың қамқорлығына алуды қамтамасыз ету бағытында бизнес өкілдерін қамқоршылық  және индустриалдық кеңестердің құрамына тарту,   студенттер үшін кәсіпорындарда практиканы ұйымдастыру, шеберханалар мен зертханаларды қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықтауға ықпал ету,   инженер-педагогтерді кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыру, бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруды қарастыру мәселелері қаралды.

– Облыстың 34 (25 мемлекеттік және 9 жеке меншік) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау 135 біліктілік, 71 мамандық бойынша жүргізіледі.  Соның ішінде  аудандарда орналасқан 12 колледжде ауылшаруашылық саласында мамандар даярлауда. Сондай-ақ бір колледж құрылыс саласына, екі колледж қызмет көрсету саласына, үш колледж техникалық, мұнай-газ және энергетика саласы бойынша, тағы бір колледж  ІТ саласы бойынша  жергілікті жерге қажетті мамандықтар бойынша кадрлар даярлауда, - деп атап өтті Бақытжан Хаберұлы.

Өңіріміздегі колледждерде 17 391 студент білім алса, оның  11 447-і  мемлекеттік тапсырыспен оқиды. 2021-2022 оқу жылына  32 колледжде 77 біліктілік пен 51 мамандық бойынша 4 302 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. 2021 жылғы колледж түлектерінің саны  5 773 болса, оның  3 633-і  мемлекеттік тапсырыспен білім алуда. 4 056 түлек жұмысқа тұрса, оның 2 457-і мемлекеттік тапсырыспен орналасқан.

Облыстық білім басқармасы  басшысының міндетін атқарушы Зәуре Гумарованың айтуынша, өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласында тиісті жұмыстар атқарылуда. 2021 жылдан бастап колледждерде академиялық дербестік енгізу бағытында білім беру ұйымдарындағы нақты оқу мерзімдері нормативтен алынып, осыған байланысты білім  бағдарламалары оқу нәтижесіне бағытталуда. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар негізінде және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын дербес және оқытудың мерзімдерін айқындауға мүмкіндік беруде.

– Қазіргі уақыттағы өзгерістерге байланысты өндіріске қажетті кадрларды даярлау үшін колледждерді ірі бизнес өкілдеріне қамқорлыққа беру қажеттілігі туындауда. Колледждерді қамқорлыққа алудың  қандай ұтымды тұстары бар: біріншіден, кәсіпорындардың кадрларға немесе мамандықтарға қажетті сұранысын қалыптастыру. Яғни жұмыс берушілердің ұсынысы арқылы қажетті мемлекеттік тапсырысты орналастыру. Екіншіден, кәсіпорынның талаптарына сәйкес сапалы мамандар даярлауды қамтамасыз ету. Ол үшін кәсіпорын өкілдерін оқу орындарының қамқоршылық  және индустриалдық кеңестеріне тарту. Үшіншіден, даярланатын мамандықтардың оқу бағдарламаларын кәсіби стандарттар негізінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес жоспарлау және бекіту. Төртіншіден, колледж инженер-педагогтерін кәсіпорын базасында тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыру. Бесіншіден, жұмыс беруші білім алушыларды кәсіпорын базасында практикадан өткізеді және бітіруші түлектерді жұмысқа орналастырады. Сонымен қатар білім алушы дуалдық жүйесі бойынша машықтанудан өтетін болса, оқу орны өндірістегі тәлімгерлікке төлемақы төлейді. Сонымен қатар бір кәсіпорынмен шектелмей, мамандыққа сәйкес бірнеше кәсіпорын қамқорлыққа алуды ұйымдастыруға болады, - дейді Зәуре Базарғалиқызы.

Колледж жумыс1

Отырысқа  қатысқан бизнес өкілдері өздеріне арналған ұсынысты қарастыратындарын жеткізді. Кәсіпорындардың ішінде жастарды  жұмыспен бірге жатақханамен қамтамасыз етіп жүрген Орал трансформатор зауытының өкілдерін ерекше атап өтуге болады. Олар осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта әлі де қарқынды жүргізе бермек. Кеңес барысында бітіруші түлектердің  ақшасы аз, жұмысы көп кәсіпорындарға тұрақтай қоймайтындары да жиналғандардың назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ жастарды бала кезінен еңбек ете білуге, қиындықтан қашпауға үйрету мәселесі де айтылды.

Жиында белгілі болғандай, колледждерде сапалы мамандарды даярлау бағытында халықаралық стандарттарға сәйкес оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында «Жас маман» жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыру үшін облыста 2020-2021 жылдарға арналған өңір экономикасына қажетті 21 мамандық бойынша 10 колледжге  республикалық бюджеттен 3 млрд астам қаржы бөлініп жабдықталды. Арнайы жабдықталған оқу орындарының базасында құзыреттілік орталықтары құрылған.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале