Қой өсіру - қазақ халқының ежелгі ата кәсібі. Сан ғасырлар бойы бабамыздың басты байлығы, төрт түлік малдың ішінде қойдың жөні бөлек болған. «Мал өсірсең — қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейді атам қазақ. Халқымыз үшін төрт түлік мал жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік болғаны әмбеге аян. Кисе киім демекші, бұрында киіз үйден бастап, шекпен-байпаққа дейін қой жүнінен жасалатын. Бүгінгі таңда қой жүнін кәдемізге жаратып, пайдамызға асырып жүрміз бе? Соңғы уақытта мал жүнінің аздығын айтып та жүр талай қазақ әйелі. Олармен тілдестік. Осы сауал төңірегінде ой өрбіттік. Көз жүгіртелік.
«Жууға да, түтуге де келмейді»
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі — қолөнер. Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайтыны рас. Шыны керек, бүгінгі таңда ұлттың байырғы мұрасы қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Оны кең көлемде насихаттауға Барбастау ауылының тұрғыны Динара Қойшыбаеваның (суретте) сүбелі үлес қосып жүргенін айта кеткен жөн.
Саусағы майысқан ол қолөнердің хас шебері. Көрпе және жастық тыс, ұлттық киімдер тігу мен түрлі бұйымдар жасау оның сүйікті ісі. Ісмердің келістіріп тіккен тыстары мен жасаған бұйымдары көздің жауын алып, еріксіз таңдай қақтырады.
Айтпақшы, кейіпкеріміздің мамандығы — кітапханашы. Десек те, 2017 жылдан бастап ғаламтордан үйренген өнері қазір көпшіліктің көңілінен шығуда. Сонымен қатар ұстаз-ісмерлерден құрақ көрпе жасауды үйренген. Шеберлік сағаттарына қатысып арнайы сертификатқа қол жеткізген. Туындыларына қарап, кәсіби шеберлерден асып түспесе, кем түспейтініне көз жеткіздім. Оның айтуынша, қолөнер шеберлігі шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді.
-Қолөнердің адамға берер тәлімі мен пайдасы мол. Ол сызу, математика, тарих, әдебиет сабақтарымен тығыз байланысады. Адамның ой-өрісін дамытып, денесін шынықтырады. Мәселен, үнемі қимыл-қозғалыста болғандықтан, аяқ, қол, жон, арқа бұлшық еттері де белсенді жұмыс істейді. Бұл буындарға тұз бен сары су жиналудан сақтайды, әрі адамның күйзеліске түсуіне жол бермейді. Алдыңдағы істі үйлестірумен отырып, бөтен ойға да берілмейсің, — дейді Динара Мұстафақызы.
Ол қазіргі уақытта енесі екеуі қой жүнінен түрлі көрпе, қыз жасауы, бесік жабдықтарын жасап, саттыққа шығарып жүр. «Келін ененің топырағынан жаратылады» демей ме. Енесі де жас кезінен тігіншілікпен шұғылданады екен.
-Қой жүнінің 1 келісін 300 теңгеден сатып аламыз. Бала кезіміздегідей әппақ, биязы, таза жүн табу қиын. Кейбір жүндер жууға да, түтуге келмейді. Оның үстіне, қазір қара қой көбейіп кеткен бе, әйтеуір ақ қой жоқтың қасы. Сол себепті жүннің бәрі қара түс. Ал бізден көрпе сатып алушылар «ақ жүн керек» деп сұрайды. Амал жоқтан, араластырып жасаймыз, - деген Динара жөндем жүн жоқтығын тілге тиек етті.
«Сай-саланы аралап кеттік»
Мал бар жерде оның өнімін қажетке жарату бар. Іске асыра білген жанға, жүн-жұрқаның да пайдасы шаш-етектен ғой, шіркін!
- Үш-төрт жыл бұрын қызым тұрмысқа шығатын болып, көрпесін өз қолымнан жасап берейін десем, жүн таба алмай әлек болғанымыз бар. Базар, дүкендерде сықасып тұрған көрпеден жүннің жағымсыз иісі қолқаны қауып, жүректі айнытады. Соған қарағанда, жүнді әбден тазалап, жумай салады-ау? Ауылдастарымның сатып жүрген жүндері де лас, көңілімнен шықпады. Сөйтіп, сарылып жүн іздедік. Бір күні көрші әйелден «ауылдың шетіндегі сайда қойдың жүні үйіліп жатыр» дегенді естіп, сай-саланы аралап кеттік. Расында да, жүн толып жатыр. Сонда қой жүні қажетсіз болғаны ма?
Баяғыда әжелеріміз жүнді ақ ұлпа қылып түтіп, ұршық иіріп, біздерге жүн ұйық тоқып беруші еді. Жүн қолғаптан қолымыз қанша аяз болса да тоңбайтын. Түбіттен тоқылған шәлі қандай керемет еді? Қазір шет елден келген дайын киімдерді қымбатқа сатып алып мәзбіз. Сәннен жылу артық екенін жастарымыз ұғынбайды, — дейді подстепныйлық Майра Өтегенова.
… болса, іс көп.
Подстепный ауылының тұрғыны Аягөз АМАНҒАЛИҚЫЗЫНЫҢ (суретте) айтуынша, малдың жүні болса, одан қажетті киім-кешек тігіп, әртүрлі бұйымдар жасап, пайдаға асыруға әбден болады. Ол кісі қазіргі уақытта қой жүнін апасынан алып, әзірше өздеріне көрпе жасап отыр. Болашақта саттыққа шығару да жоспарыңда бар.
- Жалпы, инее-жіпті жаныма бала кезімнен бастап серік еттім. Марқұм Ажар әжем үйретті. Жүн түтіп, ұршық иіретінмін. Одан қолғап, жүнұйық, кеудеше т.б. киімдер тоқып алатын едім.
Малдың жүнін тек қырқып алмай, оны тазарту жұмыстарына да біршама уақыт керек. Тоқ етері, жүнді тазалау шаруасына жүрдім-бардым қарамау қажет. Сонда ғана кәдеңізге жаратуға болады, — деген Аягөз өзі жасаған төсек-көрпе суретімен бөлісті.
Сөз соңында:
Осы тақырыпты әлі де тарқатпақ ойымыз бар. Осы орайда, ауылдағы жүнді пайдаға асырған ісмерлерден хабар күтеміз. Айтарымыз, ел басқарған азаматтардың «құлағына алтын сырға»: жүн өндірушілер мен жүн өңдеушілердің басын бір жерге тоғыстырып, табыстыруды қолға алатын кез келген сияқты. Соны бір қолдап жіберсеңіз...
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz