30.03.2022, 17:30
Оқылды: 85

Берері мол байқау

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мәдени құндылықтарымызды сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында Бәйтерек ауданында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2017 жылы жарық көрген Елбасы мақаласындағы осы бағыт өз маңыздылығын еш уақытта жоймайды. Сол себепті ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеу ісі де өз жалғасын табады.

IMG-20220330-WA0077

Осы күні ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, оны қаз-қалпында ұрпаққа аманаттау ісін көпті көрген, көзі ашық әжелер мен аталарымыз абыроймен атқарып келеді. Әсіресе түрлі клубтар мен мәдениет үйлері жанынан құрылған әжелер ансамбльдері осы жұмысты жақсы жолға қоя алды.

Бүгінде аудан мәдениет орталықтары жанынан 14 әжелер ансамблі құрылды. Олардың ішіндегі шоқтығы биігі – Переметный ауылындағы мәдениет үй жанынан құрылған «Ақ ниет» әжелер ансамблі 2018 жылы халықтық атағына ие болды. Басқа округтегі ансамбльдер де жемісті еңбек етіп келеді.

Жуырда Мичурин мәдениет ошағында «Әже өнері – өнеге» атты аудандық әжелер ансамбльдері арасында байқау өтті. Алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылған аталмыш байқау соңғы екі жылда белгілі себептерге байланысты тоқтап қалған-ды. Биыл аудандық мәдени-демалыс орталығы көпке үлгі, жасқа ғибрат болатын байқауды қайта жаңғыртып, жоғары деңгейде өткізді.

IMG-20220330-WA0071

Қызықты байқауға зейнетте жүрсе де, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жастарға білгенімді үйретсем дегенді алдына мақсат етіп қойған әжелерден құралған мичуриндік «Асыл әжелер», железновтық «Ақ тілек», дарияндық «Ақ шағала», Белес ауылынан келген «Ару ана», озерныйлық «Ақ баян», асандық «Асыл қазына», Чувашка ауылының әжелерінен құралған «Нұр шашу», Достық ауылының «Замандастар» және Трекин ауылының ақ жаулықты апаларымыздың басын біріктірген «Көңіл ашар» әжелер ансамбльдері қатысты.

Алдымен байқау қатысушылары мәдениет ошағы фойесінде жайылған ақтан дәм татып, жергілікті клуб жұмысымен танысты.

-Әженің тәрбиесін көрген ұл мен қыз алғыр келеді. Ауданда әжелер институтын қалыптастырып, үлкендердің өнегесін өскелең ұрпаққа аманаттау ісіне ден қойған ансамбльдердің жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл байқау ұйымдастырудағы мақсат қай ауылдың үлкендері салтты көп білетінін немесе қай ауыл әжелерінің өнегесі мықты екенін анықтау емес. Басты мақсат – ел мен ел, ауыл мен ауыл арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, дәстүріміздің озығын көрсету. Мұндай байқауды ұйымдастырудың өзі – үлкен жеңіс. Өйткені әже тәрбиесінің, әже сөзінің берері ұшан теңіз,- деді әжелер ансамбльдері байқауына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Екі кезеңнен тұрған байқау барысында ансамбльдер видеоролик арқылы өздерін таныстырып, ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғырту керек болды. Шыны керек, әр қатысушы өздерінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, қойылған тапсырманы тиянақты орындап шықты. Жиналған көрермен түрлі салт-дәстүрден хабардар болып, қызықты мағлұматтар ала алды.

Байқау қорытындысында бірінші орын «Көңіл ашар» әжелер ансамбліне бұйырса, екінші орынды «Асыл әжелер», үшінші орынды «Замандастар» және «Ақ шағала» әжелер ансамбльдері иеленді.

Көпшіліктің қызығушылығын туғызған байқау соңында барлық қатысушыларға алғысхат пен мақтау қағаздары табыс етілді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале