31.03.2022, 9:30
Оқылды: 7

«Үрейден» зәре-құтымыз қалмап еді...

Балалық шақта, айқынырақ айтсақ, осыдан 55 жыл бұрын көрген фильмдерімнің ішінде айрықша бес туынды есімде қалды. Олар «Щит и меч», «Сильные духом», «Еще раз про любовь», «Три тополя на Плющихе» және «Вий» атты картиналар болатын. Аталған бес фильмнің алдыңғы екеуі жау тылындағы кеңес барлаушыларының ерлігі туралы болса, кейінгі екеуі махаббат жайында еді. Әрине, он жастағы балаға әйел мен ер адамдардың арасындағы құштарлық, сүйіспеншілік сезімін ұғу қиынға түсер еді, дегенмен бұл екі фильмдегі әуен мен ән бізді бірден өзіне тартуымен жадымызда сақталған-ды.  Сол 1968 жылғы кинопрокаттан бір фильмге, яғни «Вий» туындысына тоқталғымыз келіп отыр. Бұл кеңестік алғашқы «үрей» фильм еді. Аталған туындының тең жарты желісінде жезтырнақтар, қансорғыштар, шайтандар, тағы да басқа жын-перілер қаптап жүр. Олардың басшысы о дүниедегі Панночка деген қорқынышты қыз. Фильмді ауылдағы клубтан көріп шыққан біз сияқты балалардың қатты қорыққаны рас.

вий10-1

Жазғы каникулда Жәнібектегі апа-жездеміздің үйіне келіп, жиендермен, оларға көрші тұратын Валера, Яша, Сергей есімді орыс балаларымен асық ойнаймыз. Сонда олар ойын арасында о дүниедегі Вийдің дауысына салып:

«Поднимите мне веки...» – дегенде зәре-құтымыз қалмай, бойымызды үрей билейтін...

Белгілі журналист, кино зерттеуші Федор Раззаков «Вий» фильмі желісіне қарамастан, көрермендердің үрейін ұшыру үшін түсірілмегенін айтады. Оның сөзінше, мұндай фильмдерді кеңестік кинематография бұрын түсірмеген, тіпті түсіру жөнінде ойларына да алмаған. Өйткені кеңес үкіметі өз азаматтарының сезімдеріне ойнау, селкеу түсіру, қорқыту арқылы киноға көрермендерді тартып, ұшан-теңіз табыс табуды ешуақытта ойламаған. Мұның өзі капиталистік әлемде бағыт алған сипат болатын. Үрей фильмдер Батыста алғаш рет 1896 жылы «Жын-перілер қорғаны» деген атпен түсіріліп, мұнда басты кейіпкерлер әзәзілдер мен адамның қаңқа сүйектері болған. Жылдар өте келе, бұл жанр күрделене түскен. Мысалы, 1922 жылы қойылған «Носферат» атты фильмде вампир (қансорғыш) бейнесі экранға алғаш шығарылған. Ал 1950  жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында бұл жанрдың екінші тынысы ашылды десе де болады. Сол жылдары голливуд режиссері Рождер Кормен «Нападение чудовищных крабов» және «Ведро крови» деген фильмдерінде сыртқы дүниеден оқшауланған шағын қалалардағы нағыз «американдық үрейді» көрсетеді. Бұдан кейін Еуропада итальяндық режиссер Марио Бава мен Дарио Арженто маньяктар жайында фильм түсірсе, ағылшындық Альфред Хичкок адамға шабуыл жасаушы құстар және адам өлтіретін психопаттар туралы үрей фильмдерді қояды. Кино зерттеуші Федор Раззаковтың айтуынша, жалпы сол уақытта батыстық кинода үрей фильмдерді түсіру заңдылық болып саналған. Батысқа бұл фильмдер өз азаматтарын күнделікті өмірдегі қоршаған нағыз үрейден, атап айтқанда, елде белең алған қылмыс, жұмыссыздық, адамды қанау, кедейшілік сияқты мәселелерден көңілдерін аулақтату үшін қажет болды. Батыстық көрермендерге де нағыз өмірдегі үрейлермен кездескеннен гөрі кинотеатрлардың қараңғы залдарында сағаттар бойы экрандағы монстрларды көрген тиімдірек-тін.

Ал Кеңес одағында жағдай мүлдем басқаша еді. Сол жылдары бұл елде көптеген қоғамдық-әлеуметтік кемшіліктер бола тұрса да, қылмыс саны капиталистік жүйемен салыстырғанда анағұрлым төмен, жұмыссыздық, кедейшілік, адамды қанау жоқ болды. Есесіне тегін медицина, білім бар еді, қысқасы, мұның өзі кеңес адамын ертеңгі күніне деген сенімін арттырды. Дейтұрғанмен, Батыс елдерінің кино саласындағы жасап жатқан эксперименттері кеңестік жас режиссерлерді қызықтырмай қоймады. Әсіресе, «жылымық» жылдары атанған шақта олар кинода, жалпы көркемөнерде осындай қадамға барғысы келді. Мәселен, жас режиссерлер Константин Ершов пен Георгий Кропачев классик жазушы Николай Гогольдің «Вий» хикаятын батыстық кинематографтар өздерінің оңай олжа табу мақсатына қолдануына тойтарыс беру үшін 1966 жылы «Мосфильм» басшылығына хат жазады. Олар жазған хатында кеңестік киношылар шетелдіктердің ұлы жазушының шығармасын фильм етіп шығаруына жол бермеу керектігін, батыстың режиссерлері туындыны өздерінің қалайда табыс табу жағына қарай бұрмалайтынына ашынады. Нақтырақ айтқанда, жуырда итальяндық режиссер Марио Бава «Вий» хикаяты бойынша фильм түсіргенде туындыны өте-мөте  «үрейлендіріп»,  коммерциялық киноға айналдырып жібергенін, тіпті хикаяттың атын өзгертіп, «Өлім маскасы» деп атағаны шектен шыққандық болып саналатынына кейістік білдіреді. – Біздің түсіретін болашақ туынды классик жазушының хикаяты желісіне сай халықтық комедия, халықтың өмірін көрсететін, шындыққа бір табан фильм болып шығады, – дейді жоғарыда аты аталған режиссерлер өз сөзінде.

Жас режиссерлердің уәжін сарапқа сала келе, құп көрген «Мосфильм» киностудиясының басшылығы Кеңес одағындағы бірден-бір белгілі режиссер-ертегіші, тәжірибесі мол Александр Птушконы фильмнің сценарийін жазуға қосады. «Вий» фильмін түсіру 1967 жылдың қаңтарында басталып, сол жылдың аяғына таман аяқталады. Кеңестік алғашқы толық метражды «үрей» фильмде Хоманың, панночканың, сотниктің рөлдерінде тиісінше белгілі актерлер күні кеше ғана марқұм болған Леонид Куравлев, Наталья Варлей, Алексей Глазырин ойнайды. 1968 жылы экранға жол тартқан туынды кеңестік кинопрокатта 33 миллион көрермен жинап, 11-орынды иемденеді. Фильмдегі қорқынышты көріністердің өзі де украин халқының фольклорындағы образдар негізінде құрылды. Мистикадан ада, салауатты, нағыз халықтық жеңіл юморға бағытталған туынды болды. Бірақ бұған қарамастан Мемкино бұдан былай Кеңес одағында мұндай «үрей» фильмдерді шығаруға және таратуға тыйым салады. Кеңес үкіметі адамның бойын билеген үрей, қорқынышқа бола, ақша жинау үшін фильм шығаруды мүлдем доғарады. Бұл біздің де Кеңес одағы үстемдік құрған шақта алғашқы және соңғы көрген «үрей» фильм еді...

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале