Тартымдылығымен адамзат баласын тамсандырып келе жатқан талай ғимараттардың құрылыс жұмыстары бағзы күннен бастау алады. Бұл өнердің басы тым әріде және бітетін нүктесі жоқ. Жер бетіндегі тіршілікпен бірге осынау құрылысшы деген мәртебелі мамандықтың, оның ішінде тас қалаушының да мәңгілік жасай беретіні сөзсіз.
Қаламызда тұрғын үйлер саны ай сайын көбейіп, халық игілігі үшін пайдалануға берілуде. Батырбек Рахметовтың сол баспаналардың бой көтеруіне атсалысып жүргеніне 10 жыл уақыт болыпты. Ол 2008-2012 жылдары Орал қаласындағы Жоғары аграрлық-техникалық колледжінде оқып, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану мамандығы бойынша диплом алып шыққан. Тас қалаудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, тәжірибе жинаған маман бүгінге дейін қаламыздағы және аудандардағы мекемелер мен ғимараттардың салынып бітуіне бір кісідей үлес қосқан. Бейнеті мен берекесі қатар жүретін осы мамандықтың біз біле бермейтін сырлары көп. Кем дүниенің кетігін кірпішпен бітеген Батырбектің айтуынша, қаланатын қабырғаның қалың немесе жұқа болуы сол жердің климаттық жағдайына тікелей байланысты. Мәселен, Орал қаласындағы құрылыс нысандарының қабырғалары 51-61 сантиметр қалыңдықта болады.
Қазіргі таңда бұл саланың мамандарына сұраныстың қаны жерге тамбай тұр, соның ішінде тас қалаушыларға сұраныс сұмдық. Содан да болар, мысалы, бір текше метр тас қалаудың құны орташа есеппен 13-14 мың теңгені құрайды. Батырбектің еңбекақысы күз, қыс мезгілдерінде 250-300 мың теңге болса, жаз айларында 500-600 мың теңгеге дейін көбейеді екен. Күн суыған сайын табыс көзінің төмендей беретіні оны аса бір алаңдатпайтын сияқты. Себебі маңдай термен келген қаражат қай мезгілде де отбасын жан-жақты қамтамасыз етуге толығымен жетіп жүр.
– Құрылыс саласында жүріп, біраз білікті мамандармен таныстым. Тәжірибе алмасып, саланың бұрын білмеген қырларына көзім жете бастады. Жалпы, бұл жұмысқа кейбір адамдар жастайынан икемді болып келеді деп ойлаймын. Ең әуелі, баспананың берік болып шығуы үшін пайдаланылатын тас пен ерітіндінің сапасына баса назар аударылады. Тас қалаушыдан дәлдікті, ұқыптылықты және асқан жауапкершілікті талап етеді. Себебі бір кірпіш қисық қаланған жағдайда барлық еңбегің еш кетуі мүмкін. Сол үшін бір жақ қабырғаның алдымен қос бұрышын бірдей биіктікке жеткізгеннен кейін міндетті түрде арнайы жіп тартып, соның көмегімен түзулігін тексеріп отыруға тура келеді. Бастамай тұрып осындай реттілікті сақтау қажет, – дейді Батырбек Жұмағалиұлы.
Өңірімізде осы сала бойынша маман дайындайтын түрлі оқу орындары бар. Соның бірі – «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» МКҚК. Аталған колледж құрылыс, мұнай-газ және ауыл шаруашылығы саласына қажетті жұмысшы мамандарды даярлайды. Жыл сайын 13 мамандық бойынша жүздеген жас түлек осы колледжді бітіріп шығады. Бүгінде бұл мекеме «ИнтерГазОрталық» АҚ, «Орал-Терминал» ЖШС, «Орал Құрылыс Инвест» ЖШС, «Батыс Қазақ-стан Электр таратушы» АҚ, Жайық Таза Қала» ЖШС, «Болашақ» ЖШС, «Алау» ЖШС кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс атқаруда. Сондықтан да түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, өткен жылы аталмыш оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыру 78 пайызды құраған. Сонымен қатар колледждің құрылыс және мұнай-газ саласы бойынша білім беретін оқытушылары Финляндия елінде тәжірибеден өтіп, бүгінде ақпараттық-модельдеу технологиясы (BIM) арқылы білім беруде.
– Кез келген білікті маманның ел болашағына қосар үлесі зор. Сол себепті біз бәсекеге қабілетті, өз саласын толық меңгерген маман дайындау мақсатында жұмыс атқарып жатырмыз. Біздің мекемеде білім алушылардың жан-жақты маман болуына жағдай жасалған. Мысалы ғимараттар мен құрылыстарды салу жә-не пайдалану мамандығында оқып жатқан студенттер кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері, техник-құрылысшы деген үш біліктілікті қоса алып шығады, – дейді пәндік циклдік комиссия төрайымы Мөлдір Есенова.
2019-2020 оқу жылында республикалық деңгейде қолға алынған «Жас маман» жобасы аясында колледжді материалдық жабдықтауға қаражат бөлініп, оқу үдерісіне қажетті құрал-жабдықтар алынған. Жұмысшы мамандардың шеберлігін шыңдау мақсатында кейінгі жылдары ұйымдастырылып жүрген «WorldSkills» чемпионатына дайындық жасауға мүмкіндік мол.
Осы колледждің 3-курсында оқып жүрген Нұрмұхан Малошты әңгімеге тарттық.
– Өзім таңдаған ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану мамандығы қай уақытта да сұраныста болатыны анық. Сондықтан мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білмегенімді сұрап отырудан
жалыққан емеспін. Алдағы уақытта осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді ол.
Мұндай жастар аталмыш оқу орнында көптеп саналады. Олар жасампаз мамандықтың болашақ иелері ғой. Алдарынан ақ күн тусын!
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz